14 Ақпан 18:25
...

Инфляция 20,7%. Әлихан СМАЙЫЛОВ оны екі есеге НЕГЕ төмендете алмайды?

Фото:

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов министрлер кабинетіне 2023 жылдың қортындысы бойынша инфляцияны 9,5 пайызға дейін төмендетуді тапсырды. Бірақ қазіргі жағдайда ол «айға ұшамын» дегенмен тең. Себебі, Үкімет басшысы бір қолымен инфляцияны төмендетемін десе, екінші қолымен экономиканың өсу қарқынын сақтап қалмақ. Ол тіпті мүмкін бе?

Сарапшылардың ойынша, Үкімет инфляциямен күресте қауқарсыз. Олар білетін бар амалдарын жасады. Жағдайды қолдан ұстап тұру, үй жанындағы дүкендерге сес көрсету, нарықтық емес механизмдер қолдану түбінде еш нәтиже бермеді. Ұлттық банк көтеріп қойған базалық ставка өзінің әсерін тек кем дегенде бір жарым жылдан кейін ғана көрсететін болады.

«Жалпы алғанда, дәл қазір бірдеңе өзгерту мүмкін емес. Сіз инфляцияға қарсы ештеңе істей алмайсыз. Себебі, бұл қазір біздің экономикалық шындыққа айналып отыр», – деп түсіндіреді экономист Арман БЕЙСЕМБАЕВ. Бір ғана рецепт бар. Қазіргі жағдайды осы күйінде қабылдап, болашаққа жұмыс істеуіміз керек.

«Ол – өндірістік қуаттарды құру, шикізаттан дайын өнімге дейін экономиканың логистикалық инфрақұрылымын және құн тізбегін жасау, адам капиталының деңгейін көтеру, еңбек өнімділігін арттыру, экономиканы ырықтандыру, экономиканы дамытуға кең мүмкіндіктер беру»

Арман Бейсембаевтың айтуынша, мұның бәрі жақсы жұмыс істеп, елге пайдасын тигізуі үшін институционалдық экономика құрылып, ұлттық бағдарланған элита мен бюрократия болуы керек. Сонда ұзақ мерзімді перспективада инфляция күрделі мәселе болмайды.

Бүгін Әлихан Смайылов нақты сектордың тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз еткенін атап өтті. Өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының даму қарқыны жақсы. Өнеркәсіп секторы өндірістің 1,5%-ға, оның ішінде өңдеу саласының 1,6%-ға өскенін көрсетіп отыр. Фармацевтика (+51%), жеңіл өнеркәсіп (+11%), тоқыма бұйымдары өндірісі (25%+), мұнай өңдеу (+11%), химия өнеркәсібі (+11%), сусындар өндірісі (+33%), тамақ өнімдерінің өндірісі (+10%), машина жасау (+12%) салаларында өсім байқалады.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов. Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы, шикізаттық емес секторларға инвестициялар тарту ғана қазір экономиканы сапалық тұрғыдан алға тарта алады дейді.

«Биылғы жылдың басы ел экономикасының серпінді дамуға бағыт алғанын көрсетіп отыр. Экономиканың осы өсу қарқынын сақтап қалуымыз керек. Бұл бүгінгі геосаяси жағдайда оңай шаруа емес. Үйлесімді жұмыс пен тиімді үйлестіруді экономиканың барлық салаларында қамтамасыз ету керек»

Иә, министрлер кабинеті биыл экономиканың өсімін көрсететіні, тіпті оны 3 пайыздан арттыра алатыны анық.

Бірақ инфляцияны 9,5% деңгейіне түсіру – белге байлаған ауыр шоқпармен тең. Себебі, Смайыловтың оптимизмі бөлек, ал шынайы өмірдегі жағдай мүлдем басқаша.

Тегтер: