20 Желтоқсан 09:05
...

Ғалымжан Есенов. «Jusan bank» жаңа қожайынына НЕГЕ мемлекет қаржысын ұмытпаған жөн?

Фото:

«Жаңа Қазақстан» жағдайында Кәрім Мәсімовтың командасынан Ғалымжан Есеновке қайта оралған Jusan bank биыл кіріс бойынша рекорд орнатпақ. Жалпы, кредит ставкаларының жоғары болғанын пайдаланып, Қазақстандағы барлық банктер ірі көлемде таза табыс алайын деп отыр. Акционерлері дивиденд туралы ойланып, тақым қыса бастады. Бірақ мемлекет оған мүмкіндік бере ме?

Ұлттық Банк статистикасы бойынша, биылғы жылдың 10 айында отандық банктердің табысы 1,78 триллион теңгеге жеткен. Ол былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 53,8 пайызға артық. Акционерлер мол дивиденд алып, алақанын ысқылайын десе, мемлекет өз тарапынан оған қатаң талап қойып отыр. Мемлекеттен көмек алған, және оны әлі қайтармаған банктер биылдан бастап акционерлеріне дивиденд төлеуде біршама шектеуге тап болды. Ал келесі жылдан бастап арнайы заң қабылданады. Заң бойынша, банк акционерлері мемлекеттен алған көмекті толық қайтарғаннан кейін ғана дивидендтен дәметуге құқылы болмақ.

Мемлекеттік көмек арқылы келген қаржы алты банктің балансында әлі күнге дейін жатыр. Бұл туралы биыл ҚНРДА төрайымы Мадина ӘБІЛҚАСЫМОВА айтқан болатын. Ол сома 700 миллиард теңгеге тартады. Және оның шамамен тең жартысы Jusan Bank-ке тиесілі. Бір сөзбен айтқанда, Jusan мемлекетке 350 миллиард теңгедей қаржыны қайтаруы тиіс. Осы мәселені реттемегенше, мемлекет оның қожайыны Ғалымжан Есеновтің банктен ақша шығаруын қатаң қадағалап отырмақ.

Jusan bank биылғы жылдың 10 айы бойынша 92,2 миллиард теңге таза табыс тауып отыр. Былтырғы осы кезеңде олардың 74,2 миллиард теңге тапқанын ескерсек, биылғы табысы кемінде 20 пайызға артық болатынын байқаймыз. Биыл Jusan bank 110 миллиард теңгеден кем емес таза пайдаға шығуы тиіс.

Ғалымжан Есенов биылғы жылдың жазында Jusan bank-ті түгел өз бақылауына алып, Jusan тобына иелік ететін «First Heartland Securities» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің басшылығына келген болатын. Онымен бірге, Есенов Назарбаев кланының Люксембургтегі компаниясы «Pioneer Technologies S.A.R.L.» қолында болған Kcell ұялы байланыс операторының 14.87% акцияларын өзіне қайтарды.

Негізі банкте мемлекет қарызын бір демде қайтара салуға мүмкіндік беретін капитал жоқ емес, бар. Қазіргі қоры 600 миллиард теңгеге жуықтайды. Бірақ одан 350 миллиард теңгені бірден қайтара салса, баланста үлкен тесік пайда болып, банк тұрақтылығына зиян келуі мүмкін. Реттеуші бекіткен капиталдың жеткіліктілігі бойынша пруденциалды нормаларды орындауда да қиындықтар туындай бастайды.

Бірақ 2023 жылдың нәтижесі бойынша келесі жылы 150 миллиард теңге, 2025-2026 жылдары 200 миллиард теңгені қайтарып беруге шамасы жететіні анық. Және солай істейтін ниеті де бар сияқты. Бастысы, Есенов бұған дейін банктен өздеріне 113 миллиард теңге шығарып алған ескі команда секілді ойламаса болғаны.

Тегтер: