15 Қараша 17:20
...

Close book. Айдын Рахымбаев НЕГЕ уәдесінде тұра алмады?

Фото:

Былтыр Алматыда модульді ковид емханасын тұрғызған BI Group басшысы Айдын Рахымбаев «open-book форматындағы сатып алу бағаларын ашық көрсететін қаржылық есеп жариялаймыз» деп уәде берген болатын. Ол үшін тіпті Deloitte халықаралық аудиторларын да шақырған. Бір жарым жыл өтсе де уәде орындалмады. НЕГЕ?

Аудиторлық компанияға жақын Nege.kz дереккөзінің мәліметінше, Deloitte өз жұмысын баяғыда бітіріп, есепті BI Groupқа тапсырған. Бірақ оны сол күйінде жариялауға Айдын Рахымбаевтың дәті жетпеген сияқты. Себебі ірі халықаралық аудиторлық компаниялар тапсырыс берушінің жетегінде кетпейді. Олқы тұстардың барлығын жасырмай, есепте көрсетуге тырысады.

Дереккөз: Айдын Рахымбаевтың инстаграм-парақшасындағы мәлімдемесінен

BI Groupтың қаржылық жағдайы, оның 2020 жылды қалай аяқтағаны туралы ешбір қаржылық есеп жоқ. Холдинг сайтынан да, Қаржы министрлігінің Қаржы есептері депозитарийінен де, Қазақстан қор биржасының реестрінен де ондай мәліметтер таппайсыз.

Дереккөз: ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық есеп депозитарийі

«BI Group» холдингін «BI-HOLDING» (БИАЙ-ХОЛДИНГ) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқарады. Statsnet деректері бойынша, оған Амангелді Омаров директорлық етіп отыр. Биыл BI-HOLDING 672 миллион теңге салық төлеген. Жылдық выручка бойынша болжам – 22 миллиард теңге.

Ашық деректерде болмаса да, Nege.kz «BI Groupтың» еншілес ұйымы болып келетін «Мегастрой ЛТД» фирмасы Астана халықаралық қаржы орталығына арнап шығарған проспекттен холдингтің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді тауып алды. «Мегастрой ЛТД» биржаға 20 миллиард теңге қаржы тарту мақсатымен шыққан болатын.

Дереккөз: «Мегастрой ЛТД» ЖШС АҚХО AIX биржасына тіркеген проспектіден

Аудиттен өтпеген есепке сай, BI-HOLDING 2020 жылдың қортындысы бойынша 64,5 миллиард теңге таза кіріс түсірген. Мысалы, ешқандай карантин, пандемия болмаған 2019 жылы BI-HOLDING кірісі небары 10,6 миллиард теңгені құраған. Карантин кезінде компания кірісі 6 есеге өскенін байқауға болады. Ол ненің есебінен? BI Group-тың дәл сол жылы модульдік ауруханалар салуға мемлекеттен өте жомарт тапсырыс алғаны бәрімізге белгілі. Қаржылық есептегі сатылған тауарлар мен көрсетілген қызметтердің құны 449,7 миллиард теңге деп көрсетілгенін ескере отырып, оның қомақты үлесі мемлекеттен түскенін аңғаруға болады. Бұдан шығатын бір қорытынды - ауруханалар құрылысы тез арада аяқталғандықтан, формалары жабылып, мемлекет қаржысы BI-HOLDING есеп-шотына сол 2020 жылы бірден аудырылған.

Айдын Рахымбаевтың былтыр «аурухана дауы» барысында «олардың құрылысынан бір тиын пайда таппадық» деп мәлімдегені көпшіліктің есінде. Бірақ дәл сол кезеңде ол басқаратын холдингтің таза кірісі 6 есеге өскен. Оны қалай түсінуге болады?

Осындайда open-book көп сұраққа жауап бере алар еді. Өкінішке қарай, «отандық миллиардер» Айдын Рахымбаев ол кітаптың бетін қоғам алдында әлі күнге дейін ашпай отыр.

Тегтер: