24 Тамыз 08:26

Бюджетіміз жыртық нәски сияқты. НЕГЕ келесі жылдың бюджеті Ұлттық қорды тағы да сүлікше сормақ?

Фото:

Қазақстанның 2022 жылға арналған бюджетінің жобасы дайын болды. Дефицит 3 триллион теңге болып, оны Үкімет Ұлттық қордан алмақ. Ұлттық қорға қол соза бергенше, бюджет шығыстарын кірістеріне сай етіп қысқартуға бола ма? Nege.kz сарапшылармен сөйлесіп көрген еді.

Келесі жылы бюджеттің кірісі 12,8 триллион теңге, ал шығыны 15,6 триллион теңге болады деп жоспарланып отыр. Кірістердің 8,9 триллионы салықтан жиналады, 3,6 триллион теңгесі – трансферттік түсімдер. Ал шығындардың басым бөлігін әлеуметтік төлемдер, зейнетақы, жәрдемақы, бюджет қызметкерлерінің жалақылары құрап отыр. Келесі жылы бюджеттік дефицит жалпы ішкі өнімнің 3,3 пайызына жетуі тиіс. Бұл аз емес.

Дефицитсіз бюджет туралы бұған дейін де талай пікірталастар болған. Бірақ «бюджет шығынын қысқарту міндетті түрде әлеуметтік көмектің азаюына әкеледі» дейді сарапшылар. Ал ол билік үшін саяси суицидке тең.

«Қысқартуы мүмкін, бұл бізге қажет», – дейді TikMill халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаев. «Еліміз ұзақ уақыттан бері өз шамасына қарамай, жылдан жылға тапқанынан көп жұмсап келеді».

«Бірақ басты мәселе осы шығындардың тиімділігінде болып отыр. Орасан көп сомалар экономикаға ешқандай пайдасын тигізбейтін, тіпті кері әсер ететін бағыттарға жұмсалады»

«Егер Қазақстанды корпорация ретінде елестетіп, елдің бюджетіне компанияның қаржылық көрсеткіштері ретінде қарасақ, мен шығындарды азайтуға болатынын айта аламын», – деп жалғастырады Nege.kz тілшісімен тілдескен қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов. Оның айтуынша, шығындарды қысқарту – бұл ең жылдам пайда.

«Ал табысқа келетін болсақ, мұнда мемлекет әрбір жұмсалған теңгенің қандай пайда әкелгенін анықтау үшін арнайы KPI – яғни өнімділік көрсеткіштерін орната алады. Қай шығынды қысқартуға болатынын түсіну үшін оларды егжей-тегжейлі зерттеу қажет. Менің ойымша, оны Есеп комитеті жақсы біледі»

Ал Арман Бейсембаевтың айтуынша, бұл жерде қарапайым адамдар зардап шегуі мүмкін. Сондықтан бюджетті қысқарту табандылық пен саяси ерік-жігерді қажет етеді.

Бірақ қазіргі Үкіметте ондай батылдық, пен табандылық мүлде жоқ. Мұндай шешім қабылдауға биліктің жүрегі дауаламайды...

Тегтер: