8 Маусым 09:57

Біз де төлемейміз! Квазимемлекеттік сектор НЕГЕ Президенттің тапсырмасын орындаудан бас тартты?

Фото:

«Отбасы банк» былтыр тапқан 31,7 миллиард теңге таза табысын мемлекетке төлемейтін болып шешті. Оған дейін мемлекеттің үлесі бар «Қазатомпром», «Қазақтелеком» ұлттық компаниялары да қазынаға қайтуы тиіс пайданың көлемін қысқартып тастаған болатын. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты тапсырмасын көпе-көрінеу орындамау.

Отбасы Банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» холдингі банктің 2020 жылғы қаржылық есебін бекітіп, қарапайым акциялар бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдады. Холдинг банк акцияларының жүз пайызын, дәлірек айтсақ, 7,83 миллион қарапайым акциясын ұстап отыр. Бір акцияға шаққандағы табыс 4 059 теңге болған.

«Отбасы банк» АҚ жалғыз акционерінің шешімі. Дереккөз: kase.kz

«Президенттің барлық дивидендтер мемлекетке төленуі қажет деген тапсырмасына қарамастан, «Отбасы банк» биылғы күзден айтарлықтай тәуекел күтіп отырған сыңайлы», – дейді қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов. Оның айтуынша, жағдай күрделене түсуі мүмкін. Сондықтан «Отбасы банкке» қосымша кэш қажет болады.

«Бұл жерде бір сұрақ, олар қолма-қол ақшаны қандай валютада сақтайды? Және қай жерде ұстайды? Себебі банктерге де қатысты жағдай қиын. Әрине, президенттің квазимемлекеттік сектордан дивидендтер төлеуді талап еткенін білеміз. Бірақ олар бұл мәселені қиындық туа қалған жағдайда қолма-қол ақша резервтерін сақтап қалу үшін шешкен сияқты»

Ұлттық банк мәліметтері бойынша, биылғы жылдың бірінші тоқсанында «Отбасы банктің» меншікті капиталы 328,2 миллиард теңге болып тұрған. Азаматтардың депозиттерінің жалпы көлемі 1,4 триллион теңгеге жетті. Сондықтан 31 миллиард теңге банк қазынасы үшін үлкен ақша емес.

«Бізде мемлекеттік басқаруда қиындықтар бары анық. Квазимемлекеттік сектор Парламенттің ғана емес, Президент бақылауынан да шығып кетті. Олар өз дегенін істеуде», – деп түсіндіреді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов. «Нәтижесінде біз мемлекеттік капитализмнен кете алмай отырмыз».

«Квазимемлекеттік сектор өршіп, көбейген сайын халық кедейленіп барады. Мысалы, 2007 жылы ел азаматтарының азық-түлікке кететін шығыны табыстың 36 пайызы болған еді. Бұл Орталық және Шығыс Еуропаның деңгейіне сәйкес келді. Ал қазір біз Африкадағы Сахараның оңтүстігіндегі елдердің деңгейіне түсіп кеттік. 2020 жылы бізде табыстың тамаққа кететін үлесі 54 пайызға жетті. Ал биыл осы шығыс кірістің 56% немесе 60% -ын құраса, таң қалмаймын»

31 миллиард теңге «Отбасы банктен» гөрі мемлекеттік бюджетке көбірек қажет еді. Биыл бюджет дефициті ішкі жалпы өнімнің 3,5 пайызына жетпек. Бірақ банк өз кірісін мемлекетпен бөліскісі келмеген жалғыз компания емес. Осының алдында «Қазатомпром» ұлттық компаниясы 199,3 миллиард теңге таза кірістің тек 150,1 миллиард теңгесін ғана дивиденд төлеуге бағыттайтын болып шешті. Компания акцияларының 75 пайызы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы мемлекетке тиесілі. Қор 49 пайыз акцияларына иелік етіп отырған «Қазақтелеком» да кірістің тек 30 пайызын ғана дивиденд ретінде қайтаратын болды.

Сайып келгенде, мұның бәрі президент құзырының квазимемлекеттік секторға жүрмей отырғанын байқатады. Экономика үшін бұл – өте қауіпті сигнал.

Жалпы халықтың жағдайы мен жекелеген топтардың мүдделері таразыға түскенде, соңғылары ылғи жеңіп кетіп жүр. Мұндай жағдайда ешқандай реформа жасау мүмкін емес.

Тегтер: