18 Наурыз 22:12

Аспаннан доллар жауғанда. Джо Байден Ұлттық қорымызға НЕГЕ қауіп төндіріп отыр?

Фото:

Бүгін Конгресстен қолдау тапқан АҚШ Президенті Джо Байден өз халқына 1,9 триллион доллар таратып беретін болды. Әр АҚШ азаматы 1 400 доллар алып жатқанда, Қазақстан азаматтары, керісінше, жиған-тергенінен айрылып қалуы мүмкін.

«Байден өзінің президенттігін тек коронавирус зардабын жою емес, сонымен бірге халықтың кедейлік, теңсіздік және тағы басқа мәселелерін шешемін деген идеяға сиғызып отыр», – деп жазады Associated Press.

АҚШ Президенті Джо Байден. Фото: AP/Patrick Semansky

Халықтың бәріне бірдей ақша тарату экономистер тілінде «Helicopter money», яғни тікұшақтан түскен ақша, былайша айтқанда «аспаннан жауған ақша» деген ұғымды білдіреді. Оның экономиканы ояту бойынша әсері тек теория жүзінде сипатталған.

Адамзат тарихында әлі ешбір мемлекет халықына жаппай ақша таратып көрген жоқ. Қазақстанның 42 500 теңгесі есепке алынбайды, себебі бізде тек жұмыссыз қалып, қиналып қалғандар ғана өтініш беру арқылы көмек алды.

Теория авторы – экономиканың басты теоретиктерінің бірі, атақты ғалым Джон Мейнард Кейнс. Оның ойынша, дағдарыс кезінде бәріне ақша таратылса, тұтыну деңгейі құламай, экономиканың барлық секторлары жұмысын жалғастыра беретін болады.

«Біз бұны бұрын жасаған емеспіз», – дейді, Associated Press агенттігіне жағдайды түсіндірген Сиракуз университетінің экономикалық профессоры Лен Бурман.

«Егер ол іс жүзінде теориядағыдай жұмыс істесе және экономика бір жылдан кейін толық қалпына келсе, бұл керемет қадам деп санауға болады. Ол АҚШ азаматтарын көптеген қиындықтар мен азаптардан құтқарар еді»

Әр АҚШ тұрғынына 1 400 долларға чек берілмек. Ол оны қайда жаратса да өзі біледі. Сарапшылардың болжауынша, американдықтардың біраз бөлігі ақшасын қор биржасына салып, акциялар сатып алуға ниет білдірген. Ондай болжамдар пайда болған сәттен бастап Nasdaq – 2,5 пайызға, S&P 500 – 1 пайызға, Dow Jones индексі 0.6 пайызға бірден көтерілді. Егер спекуляциялар жалғаса беретін болса, ол қор нарығының құлауына әкеліп соқтырады. Ірі компаниялардың акциялары бұдан зардап шексе, ол бірден Қазақстанның Ұлттық қорын бірнеше миллиард долларға кемітіп жібермек.

«Шынында да, мұндай жағдайдың болу ықтималдығы бар», – дейді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов.

«Дағдарысқа қарсы бағдарламаларды қаржыландыру үшін АҚШ үкіметі инфляцияның жоспардан тыс өсуіне қауіп төндіретін қарызға кіруге мәжбүр болады. Инфляциямен күресу үшін ФРС ставканы көтеріп, ол өз кезегінде қор нарықтарына әсер етеді».

«Егер мұндай сценарий іске асса, бұл мұнай мен металдың бағасын төмендетеді. Көптеген бағалы қағаздар негізделіп отырған биржалық тауарлар – фьючерстер құнын жоғалтады. Жағдайдың қалай өрбитінін бақылап отыру керек. Ресейдің, Қытайдың және басқа елдердің орталық банктері қазірдің өзінде АҚШ қор нарығындағы проблемалар туралы айта бастады. Жалпы бізді қиын кезеңдер күтіп тұр деп ойлаймын»

Өз кезегінде қаржы сарапшысы Владислав Туркин Джо Байденнің Қазақстанға бәлендей экономикалық әсері жоқ деген пікірде.

«АҚШ өз экономикасын көтеру үшін осындай қадамға барып отыр. Бірақ АҚШ-тың негізгі экономикасы қор нарығына әсер ете алатынына байланысты, түрлі құбылыстар, оның ішінде мұнай бағаларының құбылуы да мүмкін», – дейді сарапшы.

«Мұның бәрі екіұшты әңгімелер. Бізді тікелей АҚШ-пен байланыстыру мүлде дұрыс емес»

Біздің Ұлттық қор екі портфельге бөлінетінін айта кету керек. Біріншісі – тұрақтандыру портфелі. Онда қаржы валюта түрінде жатады және бюджет қажеттіліктеріне трансферт түрінде жіберіліп отырады. Бұл портфельде кем дегенде 5 миллиард доллар жатуы тиіс. Екіншісі – жинақ портфелі деп аталады. Онда Ұлттық қордың негізгі қаржысы орналасқан және олар акция түрінде сақталады.

Қазір Ұлттық қордың активтері – 57,6 миллиард доллар. Өткен ақпан айында үкімет Ұлттық қордан 70 миллион доллар алып, оны түрлі шығындарға жұмсады.

Тегтер: