22 Желтоқсан 16:20

Асқар Мамин. Премьердің биылғы тірлігі НЕГЕ ешкімді қанағаттандырмады?

Фото:

Жақын күндері әлеуметтік-экономикалық дамудың 2021 жылдың қортындысы бойынша алдын-ала есебі шықпақ. Пандемия шарпыған 2020 жылдың төмен базасымен салыстырғанда, кейбір көрсеткіштердің жоғары болатыны сөзсіз. Бірақ Үкімет пен үкіметбасы Асқар Маминның тиімділігі сарапшылар көңілінен шықпай отыр.

11 айдың қортындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,8% болды. Сарапшылар оның жыл қортындысы бойынша 3,7 пайызға тұрақтауы мүмкін екенін айтады. Былтыр экономиканың 2,6 пайызға құлағанын ескерсек, біз 2019 жылмен салыстырғанда тек 1 пайыз алға жылжитын боламыз.

«Енді Үкіметтің соны қоймай мақтанып айтып отыратыны бар. Шын мәнінде, экономикалық теорияда 1 пайыздық өсім ешқандай өсім болып саналмайды. Ол былайша айтқанда – нөл», – дейді GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық.

«Өсім 2,5-3 пайыздың үстінен ары асқанда ғана есептеледі. Бізде жалпы ішкі өнімнің ұлғаюын бағалардың қымбаттауы, инфляция беріп отыр. Сондықтан Үкімет қымбатшылықтың есебінен өсімге қол жеткізіп отыр деп қарастыратын болсақ, онда оны мүлде нашар, біліксіз Үкімет деп санауымыз тиіс»

«Үкіметтің 2021 жылғы қызметіне өте жағымсыз баға беремін. Халық үшін де, бизнес үшін де», – деп жалғастырады Nege.kz тілдескен тағы бір экономист, «Ұлағат Консалтинг групп» директоры Марат Қайырленов. Оның айтуынша, биылғы Үкіметтің басқаруы кезінде халық кедейлене түсті.

Үй шаруашылығының азық-түлікке жұмсаған шығыстарының үлесі бойынша Қазақстан биылғы жылы тағы бір антирекорд жаңартқан. Үлес 57 пайызды құрады. Бұл Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінің деңгейі.

«Бизнесте де проблемалар бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 11 айдың қорытындысында негізгі капиталға салынған инвестиция 2020 жылғы «пандемиямен» салыстырғанда ең аз өсім 2,7% болды. Сонымен қатар, ірі кәсіпорындар бойынша көрсеткіштердің құлдырауы 14 пайызды көрсеткен. Бұл биылғы мұнай бағасы өткен жылмен салыстырғанда 70 пайызға жоғары болып тұрған уақытта болып отыр. Шағын бизнеске тартылған инвестициялар бойынша жағымды көрсеткіш қана тіркелді. Оның өзін, БАҚ беттерінде жарияланып жүрген ақпаратқа сенсек, әкімдіктер өз көрсеткіштерін жақсарту үшін қолмен «сызған» болып шығуы ғажап емес»

Экономист Айдархан Құсайынов Асқар Мамин де, оның үкіметі де ештеңе бітірген жоқ деген пікірде.

Ал Мақсат Халықтың ойынша, биыл бізде азық-түлік өнімдерінің қатты қымбатшылығы байқалды. Біраз жерде қуаншылық болды. Дизель тапшылығы байқалды. Бұл таяқ бірнеше министрлікке тиеді.

«Үкімет мүшелерінің арасында бір үндестік байқалмайды. Ұлттық экономика министрлігінің есептеу жүйелерін сынағым келеді. Карапайым ғана ең төменгі күнкөріс шегі, ең төменгі жалақыны анықтауда реалды картина жоқ. Үкімет елдегі ахуалды дұрыс сипаттауы керек. Қанша жұмыссыз бар, қанша адам өзін қамтып жүр, нақты анықтаулары тиіс. Халыққа түсіндіру жұмысы да ақсап тұрады. Бізге сөз жүзінде емес, іс жүзінде іскер үкімет керек»

«Үкімет жұмысының сапасына келсек, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі қаржының игерілуіне қатысты дау-дамайды алыңыз. Ол мемлекеттік бағдарламалардың сапасы қандай деңгейде екенін көрсетті. Орасан зор мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына ешкім тиісті бақылау жүргізбеген», – дейді Марат Қайырленов.

«Қазір 7-8 есе қымбаттатылған бағамен салынып жатқан көпсалалы ауруханалардың төңірегінде үлкен жанжал шығып жатыр. Кейін осы қарыз мемлекет мойнына ілінеді. Қазақстан-Қытай шекарасындағы жағдай анау. Біз арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай тауар өтіп жатыр. Бірақ біздің өзімізге ештеңе келмейді. Біздің тауарымыз да өтпей тұр. Бұл тапшылық туғызып, бағаны көтеріп, экспорттың дамуына мүмкіндік бермейді. Үкімет қызметінің көрсеткіштері осы»

Асқар Мамин тарихта минусты премьер-министр болып қалатын сыңайы бар. Әзірше 30 жылдық тәуелсіздік кезеңіндегі ең минусты премьер – Нұрлан Балғымбаев. Ол Үкімет басқарған 1999 жылдың қортындысы бойынша Қазақстан экономикасы 33,8 пайызға құлдыраған болатын.

Ал ең жоғарғы көрсеткішті 2006 жылы Үкімет басқарған Даниал Ахметов көрсетті. Сол жылы экономика бірден 41,8 пайызға өскен еді.

Тегтер: