5 Қаңтар 16:09

Асауға тұсау. 2021 жылы инфляциямен күрес НЕГЕ нәтиже бермейді?

Фото:

Биылғы инфляцияға қатысты Қазақстанда ортақ пікір қалыптаса алмады. Ұлттық Банк 4-6% коридорын, қаржы нарығының ойыншылары 6,9% деңгейін, ал сарапшылар инфляцияның одан да жоғары көрсеткішін болжап отыр. Кімдікі дұрыс?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2020 жылы инфляция 7,5% болды. Ал биыл ше? Одан түсіруге бола ма?

Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев былтыр қараша айында өткен Сенат отырысында инфляцияны тұрақтандыру бойынша жұмыстар оң нәтиже беріп, 2021-2022 жылдары жылдық инфляция 4-6 процентті құрайды деген болатын. Досаевтың пікірінше, инфляцияның бұлайша төмендеуі импортқа тәуелділікті азайту мен экономиканы диверсификациялаудың арқасында орын алмақ. Өткен жылдың үш тоқсаны көрсеткендей, сауда балансының профициті 7,8 миллиард долларды құрады. Бірақ бұл 2019 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда екі есеге аз. Осыдан-ақ, импортқа тәуелділіктің азаймағанын аңғаруға болады. Біздегі сыртқы сауда профицитін тек қана мұнай ұстап тұрғаны жасырын емес.

Ұлттық Банктің биылғы жылға арналған болжамын ұсынған төрағаның орынбасары Ақылжан Баймағамбетов инфляция қарқынын азық-түлік бағасымен көбірек байланыстыратынын білдірген. «Иә, шынымен де, өндіріс орындарының жабылуына және кірістің төмендеуіне байланысты тұтынушылық белсенділіктің азаюына қарамастан, COVID-19 пандемиясы басталғаннан бері біз азық-түлік тауарлары бағасының өсуін байқадық», - деді Баймағамбетов, Kapital басылымына берген сұхбатында.

«Бұл, негізінен, төтенше жағдай кезіндегі тасымал тізбектерінің үзілуіне және шекаралардың жабылуына байланысты. Халық иммунитетті жоғарылату үшін қолданатын тағамның жекелеген түрлеріне сұраныстың артуы байқалды (сарымсақ, зімбір, жемістер, атап айтқанда, цитрус жемістері). Осы кезеңде өнімді алдын-ала қор жинап, алып қою тіркелді. Инфляцияның үдеуіне қант, күнбағыс майы бағаларының өсуі және астық бағасының әлемдік өсуі әсер етті. Қазақстанда жаздың екінші жартысынан бастап азық-түлік инфляциясының бәсеңдеуі байқалды. Қараша айында жылдық өсім 10,8% құрады. Біз одан әрі құлдырауды күтеміз»

Биыл инфляция қандай болады деген тақырып Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығын да мазалап, олар қаржы нарығының қызметкерлері арасында сауалнама жүргізген болатын. Оның нәтижесі нарықтың кәсіби ойыншылары Ұлттық Банк оптимизмімен келіспей отырғандығын көрсетті. Каржы кәсіпқойлары биыл инфляцияның 6,9 проценттік деңгейін күтеді. Бұл Ұлттық Банк бекіткен коридордан 0,9% жоғары.

«Экономикаға ауыр тиген 2020 жылдан кейін биылғы инфляцияны болжау қиын», - дейді, TikMill халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаев. Оның ойынша, барлық қиындықтар былтыр орын алды, ал биылғы жылы жағдай тұрақталуы тиіс.

«Егер дағдарыс болмаса инфляция Ұлттық Банк болжаған 5-6% шегінде болуы мүмкін. Бірақ биыл азаматтардың жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражат алатынын ескерсек, ол да инфляцияға қысым көрсетеді. Алайда, менің ойымша, бұл әсер өте шектеулі және қысқа мерзімді болмақ. Нәтижесінде инфляция 6,5-7% деңгейінде болуы мүмкін»

Біз де өз кезегімізде, пандемиядан әупірімдеп шыққан экономикамыздың алдағы 1-2 жылда диверсификациялану мүмкіндігін өте төмен деп бағалаймыз. Сатып алу-сату тізбегі үзіліп жатқан уақытта, отандық тауар өндірушілердің импортқа деген тәуелділікті азайта алатын қауқары жоқ.

Тегтер: