10 Қараша 18:36

Аналитиктер айқасы. Ұлттық Банк пен Үкімет НЕГЕ инфляцияны бір-бірінен көре бастады?

Фото:

Қазақстандағы жылдық инфляция 8,9 пайызға жетті. Және алдағы екі айдың ішінде ол деңгейден өспесе, түсе қоюы екіталай. Жоғары инфляция себебін Ұлттық Банк – Үкіметтен, ал Үкімет – Ұлттық Банктен көріп отыр. Енді кімнің кінәлі екенін тек Президент айта алады.  

Премьер-Министр Асқар Мамин Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаевтың бетіне немесе Досаев Маминнің бетіне айтпаса да, өздеріне жақын аналитик, сарапшы, эксперттер қауымы арқылы «инфляцияға сен кінәлісің!» деп бір-бірін түртпектей бастады. Бұған дейін Ұлттық Банкке бүйрегі бұратын аналитиктердің телеграм-каналдарында Президенттің тапсырмасымен Үкімет іске асырған зейнетақы жинақтарын баспана алуға пайдалану шарасының инфляцияға қатты әсер еткені бірнеше рет көтеріліп келген еді. Бүгін сол істің басы-қасында болып, кезінде Үкіметке кеңес беріп келген экономист Олжас Құдайбергенов, керісінше, Ұлттық Банкті сынға алды.

«Ұлттық Банк өзінен «инфляциялық» жауапкершілікті алып тастау мәселесін соншалықты ебедейсіз жүргізіп отыр ма, әлде бұл Ұлттық Банк төрағасының қасақана жүргізіп отырған саясаты ма, әйтеуір олар инфляцияға Президенттің «ең жемісті бастамасын» кінәлай беруден басқа амал таппады», – деп жазады Олжас Құдайбергенов. Одан кейін Олжас Құдайбергенов қарсы шабуылға шығып, пандемия кезінде Ұлттық Банктің базалық ставканы түсірудің орнына жоғары деңгейде ұстағанын бетке басты.

«Елімізде көптеген мәселелер бар. Пандемия оларды тек «ерекшелеп», «жарқынырақ» етті. Дегенмен, пандемия елдерге стандартты емес шараларды жүзеге асыруға, сынақтан өткізуге, тәжірибе жасауға және тіпті пандемиясыз шешілмейтін кейбір мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Пандемияның басталуымен әлемнің барлық орталық банктері базалық ставканы төмендетті. Себебі, тұтыну тізбегін бұзуға мәжбүр болған экономикалар дағдарыстың ең жоғары шыңына жетуі мүмкін еді. Ал Қазақстан карантинге кіргенде Ұлттық Банк не істеді? Ол базалық ставканы көтерді. Осынысымен ол барлық орталық банктер ставканы төмендеткен кезде, керісінше, дәрменсіздік танытып ставканы көтерген жалғыз орталық банк ретінде танылды»

Экономистің бұл жазбасы Ұлттық Банкке жақын аналитиктердің назарынан тыс қалмады.

Tengenomika телеграм-каналы жауабын бірінші болып жариялады. Ұлттық Банк төрағасының кеңесшісі Олжас Төлеуов негізін қалаған телеграм-канал экономист Ғалымжан Айтқазин жүргізіп отыр.

«Қазақстандағы тұтынушылық инфляцияның ағымдағы өсуінде халықтың БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарынан алған «супер жинақтары» қандай ықтимал рөл атқарғанын түсіну үшін олардың көлемін есепке алынған жалпы жалақы көрсеткіштерімен салыстыру жеткілікті», – деп бастайды өз жауабын Ұлттық Банк сарапшылары.

«Жалпы алғанда, халық зейнетақы шотынан шамамен 2 триллион теңгені шешіп алды. Бұл 2020 жылы Қазақстандағы жалпы жалақының 8,6%, үй шаруашылығының түпкілікті тұтынуға жұмсалған барлық шығыстарының 5,2% және жалпы бөлшек тауар айналымының 16,7 пайызын құрайды. Басқаша айтқанда, БЖЗҚ-дан алынған қаражаттың көлемі біздің экономикамызға айтарлықтай әсер берді. Сондықтан теңгерілмеген бұл қаражат үй шаруашылықтарының тұтынуға бейімділігін арттырды және қолда бар табыстың өсуіне байланысты тауарлар мен қызметтерге артық сұранысты қалыптастырды. Сайып келгенде, ішкі ұсыныстың шектеулі болуы инфляцияға қосымша қысым жасады»

Ұлттық Банк жанындағы сарапшылар инфляцияны үдетуге зейнетақы шоттарынан қаржы шешу мүмкіндігі ықпал етті деген райынан қайтпай отыр. Ал экономист Олжас Құдайбергенов «Ұлттық Банктің қазіргі ақпараттық саясаты өзгермейтін болса, мен Ұлттық Банк пен оның төрағасы туралы кеңейтілген қоғамдық талқылауға дайынмын», – деп мәлімдеді.

Олжас Құдайбергенов Ерболат Досаевпен дебатқа шығып, айтысуға дайын. Бірақ оған Досаев дайын ба?

Тегтер: