3 Наурыз 14:52

Ақшаға тұншығу. БЖЗҚ қаржысы НЕГЕ экономиканы нашарлатып, банктерді әлсіретеді?

Фото:

Зейнетақы ақшасының келуімен елдегі ипотека портфелі шамамен 500 миллиард теңгеге қысқарады деп күтілуде. Бұл – жарты триллион теңге қазіргі ипотеканы ертерек жауып тастауға кетеді деген сөз. Ал ол экономика мен банктерге тиімді ме?

Президент шешімінің арқасында азаматтар өз қарызынан ертерек құтылуға мүмкіндік алды. Бірақ ол экономикаға кезекті нокдаун болмақ. Нақтысын айтқанда, инфляция өршіп, Ұлттық Банк жоспарлаған 4-6% коридорынан асып кетуі мүмкін. «Бұл жағдайда банктерден гөрі, ұлттық экономика көбірек ұтылады» дейді мамандар.

GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халықтың сөзінше, банктер ұзақ мерзімге несие беріп, одан кіріс тауып отырамын деп жоспарлайды. Сол себепті, ипотека уақытынан ерте жабылса, үстінен келетін сыйақыдан айрылады. «Бірақ бір мәселе бар. Банктер несие беріп, төлем кестесін жасаған кезде өзінің тәуекелдерін де соған тығып қояды», – дейді Мақсат Халық.

«Қашан, қай уақытта алдын-ала төлем жасап тасталса да, банктер белгілі бір табыс табады. Сондықтан банктер үшін ипотеканың алдын-ала толықтай жабылуы қатты қорқынышты емес. Олар қайта қолма-қол активке ие болады және ол ақшаны басқа клиенттерге несие ретінде бере береді»

«Керісінше, банктер үшін бұл плюс», – дейді қаржы сарапшысы Владислав Туркин. «Банктер нақты ликвидті ақшаны алып, оны қайтадан тиімді несиелендіруге немесе жақсы кірісі бар кепілдендірілген инвестициялық құралдарға бағыттай алады».

«Зейнетақы жинақтарының ипотеканы жабуға көптеп жұмсалуынан банктерде басы артық ақшаның көбейіп, ол өз кезегінде тұрмыстық кредиттердің санын еселетіп жіберетінін көріп отырмын. Демек, инфляция күшейеді. Жаңа несиелерге қарағанда, қазіргі бар кредиттердің ертерек жабылуы экономикаға анағұрлым зиянды»

Сонымен бірге, Мақсат Халық банктер үшін халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауы кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтады. «Қазір жұмыссыздық өсіп, кедей азаматтардың көбейіп жатқаны бар, осылар несиенің уақытылы төленуіне жағымсыз әсер етіп жатыр. Бүгінгі күндері NPL (90 күннен артық төленбеген несиелер) көлемі ұлғайып кетті», – дейді ол.

Ипотеканың жаппай ертерек жабылуы қаржы нарығындағы қазіргі балансты бұзатыны сөзсіз. Егер банктерге несиені жабудан жиналған қаржы револьверді түрде қайтадан ипотекаға жұмсалса, онда циклді сақтап қалуға болады. Ал ипотекасын бір жауып алған азаматтар қайтадан ипотека алғысы келмесе, онда нарықты ең кемі тоқырау күтіп тұр. Тіпті кері кету – рецессияны да көруіміз ықтимал.

Оны қаржыгерлер өз тілінде «шұңқыр» дейді. Ондай шұңқырды біз 2016-2018 жылдары көрген болатынбыз.

Тегтер: