1 Наурыз 18:47

«300 мыңнан асырмаймыз». Баспана бағасын құрықтағысы келетін үкімет НЕГЕ қиналып қалмақ?

Фото:

Үкімет баспана бағасының өсуімен күресе бастады. Өйткені президенттің тиісті тапсырмасы мен халықтың наласы бар. Бірақ сонда кіммен күресу керек және не істеу керек? Ол бойынша әзірге нақтылық жоқ.

Егер қаржылық агент болып танылатын «Бәйтерек» холдингін үкімет ретінде қарастыратын болсақ, онда қазір екі ұсыныс пен шешім бар.

Біріншісі – «Отбасы банк» бағасы шаршы метріне 300 мың теңгеден аспайтын үй салып беретін құрылыс компанияларына оффтейк контракттар беруді ұсынды. Құрылыс компаниясы осы бағамен үйді өткізіп беруге келіссе, банк жүз пайыз пәтерлерді алдын-ала сатып алуға дайын.

Фото: 24.kz

Екіншісі – тапсырыс берушілер, құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдарын сататындарға арналған интернет дүкен. Оны маркетплейс деп жүр. Мұны тестілік режимде Қазақстанның тұрғын үй компаниясы (бұрынғы КИК) таяуда ғана іске қосты. Осы арқылы құрылыс материалдарының бағасын 15 процентке арзандатуға мүмкіндік бар деп сендіреді компания өкілдері.

«Үкіметтің нарықтық құралдармен баспана бағасын ұстап тұрғысы келетіні көңілге қонымды. Бірақ бұл мүмкін бе?», – дейді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов. «Тұрғын үй бағасы қымбаттауының екі факторы бар. Біріншісі – объективті фактор. Біз әлем бойынша металдардың бағасы өте қатты өсіп кеткенін көріп отырмыз».

«Бұл өз кезегінде құрылыс материалдарының да бағасын өсірді. Демек, салынып жатқан тұрғын үй құнының қымбаттауының шынайы факторы. Ал екіншісі – зейнетақы жинағының факторы мен соған қатысты түрлі күтулер. Бұл жалған фактор болғандықтан, әсері көп уақытқа созылмайды»

Ал қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтың ойынша, тұрғын үй бағасын ауыздықтау шаралары жартылай ғана жұмыс істейтін болады. «Оның ішінде біз көрмейтін шығындар бар, бірақ үкімет оны көрсетпей, президент тапсырмасы орындалды деп есеп бере салуы мүмкін».

«Тіпті шаршы метріне 300 мың теңгенің өзі қымбат. Жер құнына қатысты тек Алматы қаласында ғана мұндай баға қоюға болады. Шаршы метріне 300 мың теңгеден асатын баға құрылысшылардың көбірек пайда табуға деген құлқынын ғана аңғартады. Жалпы үкімет ақша таратпас бұрын, құрылыста қаржының қалай жұмсалатынын анықтап, осы салаға ашықтық орнатуы қажет»

«Бағаны 300 мың теңгемен шектеу схемасы құрылыстағы өзіндік құнды төмендете алады», – деп жалғастырады Марат Қайырленов. Оның айтуынша, құрылыс материалдарының интернет нарығын құру идеясы дұрыс, өйткені сауданың бұл саласын цифрландыру қажет. Бұл бүкіл әлемдегі үрдіс. Ақпарат бәріне қол жетімді болуы керек.

Nege.kz есебінше, үкімет тек нарықтағы ұсынысты көбейту арқылы ғана жағдайды тұрақтандыра алады. Бірақ ол үшін тағы да импортқа тәуелділікке келіп ұрынамыз. Цемент пен құмнан басқа өзіміз ештеңе өндірмейтініміз анық.

Арматура, әйнек, кафель, унитаз, құбырлар, кабельдер – Ресейден, лифт Беларусьтен, Қытай мен Оңтүстік Кореядан тасылып және оның әлемдік бағалары өсіп жатқанда үкіметтің қалай баспана бағасын кері қайтаратыны түсініксіз.

Тегтер: