17 Тамыз 19:58
...

Фариза Ескермес ұлты орыс күйеужігіттен мәһрге не сұрады?

Кино
Фото: Ф.Ескерместің инстаграм парақшасынан

Фариза Ескермес экранға тосыннан келген бейне. Қазақ қызының болмысын келісті кейіптеуінің арқасында танымал болған актриса соңғы рет талай жүректі әнмен тербеткен Нурикамалды образдады. Дегенмен, жуырда ақ босаға аттаған арудың жеке өміріне қатысты сын айтушылардың қарасы аз емес. Оның жай-жапсарын тілшіміз өзінен сұрап көрді.

«Той өмірде бір-ақ рет болады. Сондықтан, осы айды толығымен тойдың контентіне арнаймын» депсіз желіде. Соған қарағанда, құдандастық ерекше болған тәрізді ғой...

Иә, жүгірістеп жүріп ұзату тойын өткерік. Осы тамыз айының 31-і күні жігіт жақ жасайтын той болады. Қазір соған қызу дайындық үстіндеміз.

Ұзату тойы таза қазақы дәстүрде жасалған болар?

– Әрине, ата-анам әу баста ұзату тойды өзіміз жасайтын болғандықтан, қазақы дәстүрде болады деп ескертті. Соған сай ата-енем де құлағыма сырға салып, қалыңмал беріп, әдептен озбады.

Фариза Ескермес
Ф. Ескерместің инстаграм парақшасынан

– Қалыңмалды қомақты сұрап, шошытып жіберген жоқсыз ба?

Әрине, орыс халқында ондай дәстүр жоқ болғандықтан, алдын ала Андрейге ата-салттан аттамайтынымды, сондықтан міндетті түрде қалыңмал алып келу қажеттігін айттым. Ол ешқандай қарсылық жоғын алға тартып, қалыңмал құнын айтқанымыздай алып келді.

Құпия болмаса мөлшері қанша?

Біраз қомақты қаржы алып келді. Бірақ оны айта алмаймын.

«Қазақтың жігіт табылмады ма?» деп жатқан жұртқа айтар уәжіңіз бар ма?

Мен көлденең сөзге мән бермейтін адаммын.

Ескермес
elements.envato.com

– Сонымен, қандай жерге келін болып түстіңіз?

Мен интернационал әулетке келін болып түстім. Андрей отбасындағы жалғыз ұл. Әкесі орыс, анасы татар ұлтының қызы. Күйеуімнің бойында тіпті өзбектің де қаны бар. Ата-енем өте көргенді, оқыған-тоқыған, қарапайым адамдар. Мені бірден туған қыздарындай қабылдады. Өнеріме де шектеу қойған жоқ.

Күйеужігіттің өзіңіз жүрген шоу-бизнеске қатысы бар ма?

Алған мамандығының өнерге еш қатысы жоқ, бірақ үлкен концерттер мен мерекелік шаралар, той-томалақтардың ивент-ұйымдастырушысы болып қызмет атқарады.

Бал айына қайда бармақсыздар?

Желтоқсан айында Америкаға жүргелі отырмыз.

Күйеужігіттің тілін алғаш қазақша сындырғанда «Мен саған машина алып беремін» деп айқызыпсыз. Алып берді ме?

Иә, мәһрге Гелендваген сұраған едім. Бұйырса, алып берем деп отыр.

Айтпақшы, сіздің желідегі жазулушыларыңыздың арасында бұрын тұрмыста болғаныңызды жазғандар бар. Осы рас па?

Бұл – қауесет. Мен ешқашан тұрмыста болған жоқпын. Өмірімде бірінші рет ақ босаға аттап отырмын.

Жақсы, енді мансаптағы жолыңызға ойыссақ. Фариза Ескермес қазақ киносына тосыннан келген бейне. Өнерде әлдебіреудің қолдауы болмаса өрістеудің қиын екенін ескерсек, «сіздің қамқоршыңыз кім?» деген сұрақ туындайды.

Ата-анамның өнерге мүлде қатысы жоқ. Дегенмен, өз басым бала жастан ән айтып, би билеп өнерге құштар болып өстім. Осы ретте әкем батасын беріп, өнер жолында қарыштауыма себепкер болды. Сондықтан ата-анамның ақ батасымен арманымды арқалап, Жүргенов атындағы Өнер академиясына түсіп, кинорежиссер мамандығын игердім. 2017 жылы студент кезімде бет-ажарымның киноға келетіні айтып, «Қазақ хандығы» фильміне түсуге шақырды. Содан бастап түрлі шақыртулар түсе бастады. Осыған орай экранда елену жолында белгілі бір адам демеу болды деп айта алмаймын.

– Тұрдықылыштай таланттың музасы болған Нурикамалды кейіптедіңіз. Бұл рөл сізге қалай бұйырды? 

Кастинг ұйымдастырушылар хабарласып, іріктеуге келуімді өтінді. Ертесі күні айтқан межелі жерге бардым. Сол күні образды алып шығуға лайық екенімді жеткізді. Содан көп күттірмей репетиция, видеосынақ сынды науқан басталып кетті. Басты рөл саналатын белгілі композитор Тұрдықылыш Ізтаевты ойнауға ниетті біраз актер келді. Ұзақ іріктеуден соң таңдау Олжас Дәлелханға түсті. Ал белгілі театр және кино актрисасы Гүлбаһрам Байбосынова композитордың жары, белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызының рөліне бекітілді. Фильмнің алғашқы сахналары Мұқағали Мақатаевтың туып өскен жері Қарасазда таспаланды, одан кейінгі түсірілімдер Алматыда жалғасын тапты. Кинокартина бұйырса, осы жылдың соңы немесе келер жылдың басында жарықққа шығады деп отырмыз.

актриса
Ф.Ескерместің инстаграм парақшасынан

– «Нурикамал» әнінің шығу тарихын білетіндер күйеуінің өзге әйелге көңілі ауғанын біле тұра оған ән жолдарын жазып берген Ханбибі Есенқарақызының мықтылығын сөз етеді. Сіздің ше қалай?

Иә, мен де Ханбибі апамыздың мәрттігіне тәнті болдым. Бұл даналықтың белгісі ғой. Мысалы, менің олай жасауға миым жетпейтін шығар. Себебі, біз қанша дегенмен «менің айтқаным болу керек» деген феминизм уақытында өмір сүріп жатқан жандармыз. Егер Ханбибі апамыздың орынында басқа адам болғанда «Нурикамал» әні жарыққа шығып, жүректерге жетпес пе еді...

«Біз тамаша туризм тұрмақ, әлі Астанамыздың атауымен, Елтаңбамен, бітпейтін коррупциямен, заңсыздықпен әлек болып жүрміз» деген екенсіз. Жаныңызды ауыртатын жағдай көп пе?

Әрине, жаныма бататын жайттар көп. Бірақ «жақсылыққа сену керек» деген. Өз басым қандай жағдайда болсын позитивті ойлауға тырысамын. Ел болып ұйысуға жұмылу әр азаматтың мойынындағы міндет саналады. Сондықтан әркім жауапкершілікті өзінен бастауға тиіс. Сонда жемқорлық та, әділетсіздік те, ажырасу да аз болар еді. Жалғыз жоғары жақтағылар ғана коррупцияға жол берді деп айтуға келмейді. Қарапайым адамдар арасында да заңсыздыққа бой алдырып жүргендер бар. Отбасында да осындай жағдай. Сөйтіп алып сенікі – бұрыс, менікі – дұрыс деп, бір-бірімізге кінә артқанды жақсы көреміз. Қоғамда абьюзерлік көп. Ер азаматтардың әйелге қол көтеруі күннің басты мәселесіне айналып барады.

Жалпы біздегі «әйел ер адамнан бір саты төмен тұруы керек» деген түсінікке қалай қарайсыз?

Әйел де, еркек те тең. Біздің заң алдындағы құқығымыз да бір. Бірақ әркімнің өзіндік міндеті мен атқаратын рөлі бар. Осыған сай әркім өз орынын білсе, қоғамда ажырасу мәселесі азаяр еді. Себебі, әйел ешқашан – еркек, еркек ешқашан – әйел бола алмайды. Дейтұрғанмен, мен артық, ол кем деген қате ұғым. Ер азаматтардың осы жағын ұмыт қалдыратыны қынжылтады.