4 Маусым 18:35
...

Факторлы-балдық шкала. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі НЕГЕ пилоттан әрі аса алмады?

Фото:

Президент Жолдауы аясында берілген тапсырма бойынша 2021 жылдың 1 шілдесінде мемлекеттік қызметкерлердің тиімділігін арттыру үшін факторлы-балдық шкала енгізілуі тиіс еді. Тапсырма толық орындалмай, тек пилоттық жоба ретінде жасалды.

Өңірлердегі мемлекеттік қызметкерлермен (мемлекеттік қызметкерлер аты-жөнін атамауды сұрады) тілдесу барысында, олардың жаңа жүйе туралы әлі құлақтанбағаны, сондықтан мұндай жаңалыққа іштей қарсылықтары бар екені байқалған. Осыған қарап, факторлы-баллдық шкаланы енгізуде үлкен қиындықтар туатынын болжауға болады.

Жаңа жүйе мемлекеттік қызметтің жалақысын өсіріп, мемлекеттік жұмысқа талантты мамандарды тарту мақсатында қолға алынған болатын. Тиімділікті арттыру үш саты арқылы, яғни штатты 25 пайызға қысқартып, үнемделген қаржы есебінен жалақыны көтеру, ірі қалалар мен шалғай аймақтарда жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің табысын барынша теңестіру, балдық шкала көмегімен олардың тиімділігін басқаша есептеу бойынша жүзеге асуы тиіс.

«Негізі бұл ретте мемлекеттің бағыты өте дұрыс. Тек мұндай кешенді жұмысты іске асыра алатын білікті мамандар жеткілікті ме, әңгіме сонда», – дейді Nege.kz шолусына түсініктеме берген HR сарапшысы Гаухар Ақмурзина.

Оның айтуынша, біздің қызметтік болмысымыз үшін бұл – жаңа қадам. Оны орталықта іске асырса да, аймақтарда қабылдау оңай болмайды. Бірақ мемлекеттік аппараттың тым өсіп кеткені анық. Және ол проблеманы тез арада шешу қажет.

«Еңбекақыны көбейтіп, артық адамдарды алып тастаса, тиімділік артады. Дәл осы кезде көптеген қайталана беретін бір ізді процесстер автоматтандырылуы керек. Бизнес-процесстерді де қайта қарау қажет. Ең басты проблема – бюрократия мен жауапкершіліктен қашу. Автоматтандыру тек жұмысты цифрландырып қана қоймай, бюрократияны толығымен жоюға негізделуі тиіс»

«Дәл осы жерде басқа сұрақ туындайды», – дейді адам капиталын дамыту бойынша сарапшы Сандуғаш Ескендірова. «Біз маман ретінде қаншалықты бәсекеге қабілеттіміз?».

«Біздің HR қауымдастық жүргізген кешенді зерттеу нәтижесі Қазақстанда еңбек өнімділігінің адам капиталымен, қызметкерлердің біліктілігімен еш байланысы жоқ екенін анықтады. Көп ретте тиімділік бюджеттің бар-жоқтығына байланысты болып отыр»

Мемлекет факторлы-балды жүйені толықтай республика бойынша енгізе ала ма? Жолдаудағы тапсырмада бұл жұмысты биылғы шілдеге дейін аяқтау керегі айтылған. Бірақ осыдан екі күн бұрын Президентке есеп берген агенттік төрайымы Анар Жайылғанова тек пилоттық жоба нәтижелерімен ғана таныстырды. Мемлекет басшысы да өз тапсырмасының толық орындалмағаны туралы ештеңе айтпады. Тек агенттік төрайымына факторлы-балдық шкала енгізуге функционалдық талдау жұмыстарын жалғастыру қажеттігін тапсырды. Осыған қарап, Ақорданың өзі қызметкерлерді бағалаудың жаңа жүйесін қабылдауға аса құлшынып отырмағанын байқауға болатындай.

А.Жайылғанова Президенттің қабылдауында Фото: Gov.kz

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі біз жолдаған бірқатар сауалға дер кезінде жауап берді. Жауапта осы уақытқа дейін әкімшілік лауазымдарды функционалдық блоктар бойынша бөлудің әдістемелік жобасы әзірленгені, оқыту ұйымдастырылғаны, заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін бастама көтерілгені туралы хабарланған.

Бірақ нақты шешімге келгенде Агенттік өз құзырының жетпейтінін айтып, мәселені Үкіметке сілтеп отыр. Себебі жалақыны көтеру мәселесін Агенттік емес, Ұлттық экономика министрлігі көтеруі тиіс.

Ал Ұлттық экономика министрлігінің осыған қатысты әзірлеген қаулы жобасы Премьер-министр Кеңсесінде әлі күнге дейін шаң басқан сөрелерде жатыр...  

Тегтер: