USD
USD
USD

EXPO 2020: Миллиардтардың жөнін Маминнен сұраймыз

Биыл Дубайда өтуге тиіс болған халықаралық көрме пандемияға байланысты өтпей қалды. Енді уақыты өзгертіліп, 2021 жылдың 1 қазаны мен 2022 жылдың 31 наурызы аралығына жоспарланып отыр. Бұл да күмәнді. Өйткені пандемияның қалай құбылатыны, жағдай қалай өзгеретіні белгісіз.

EXPO 2020: Миллиардтардың жөнін Маминнен сұраймыз
Фото: NEGE.kz

Nege.kz порталы қазақстандық павильонға бюджеттен бөлінген 9 млрд теңгенің жөнін білмекке Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың атына ресми сауал жолдаған. Министрлік жауап беруді «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясына сілтеп жіберетінін сезіп, ресми сауалдың бір данасын Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Аллен Шайжүнісовке де салдық. Тура солай болды: Сұлтанов Шайжүнісовке сілтеді, ал Шайжүнісовтің жауабында түк жоқ.

Біз Шайжүнісовтен мынаны сұрағанбыз:

Көрмеге бөлінген 9 млрд теңге қалай жұмсалуда? Бұл қаржы пандемия салдарынан тұралап қалған басқа салаларға (төтенше жағдай, медицина, шағын және орта бизнес, т.б.) жұмсалуы мүмкін бе? Көрменің өту мерзімі бір жылға кейін шегерілуіне байланысты белгіленген жоспарға қандай өзгеріс жасалды? Көрмеге қатысу шығынын Үкімет қайта қарауы мүмкін екені айтылған. Комиссияның шешімі қандай? Қаржы қысқара ма, әлде көбейе ме?

Қысқа әрі түсінікті сұрақтарға басқарма төрағасының орынбасары Д.Еркімбаевтан түсініксіз жауап келді.

«Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бұйрығын орындау аясында «QazExpoCongress» ҰК» АҚ Қазақстан Республикасының ЭКСПО-2020 Дубай Дүниежүзілік көрмесіне қатысуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізілуде.

2019 жылдың қазан айында ЭКСПО-2020 Дубай Дүниежүзілік көрмесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонын салу бойынша ашық тендер жарияланған.

Қазіргі уақытта Ұлттық павильонның құрылыс-монтаждау жұмыстары ЭКСПО-2020 Дубай Дүниежүзілік көрмесінің Ұйымдастыру комитетімен келісілген жұмыс кестесіне сай жүргізіліп жатыр. Келісім-шарт бойынша міндеттерді орындау аясында мердігерге алғытөлем жасалды.

Белгілі болғандай, 2020 жылдың 29 мамырында Халықаралық Көрмелер Бюросының Бас Ассамблеясы Көрмені өткізу мерзімін бір жылға – 2021 жылғы 1 қазаннан 2022 жылғы 31 наурызға дейін ауыстыру туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар, Халықаралық Көрмелер Бюросы мен ЭКСПО-2020 Дубай Ұйымдастыру комитетінің павильонның құрылысын аяқтау және биылғы жылдың соңына дейін толық дайын болуын қамтамасыз ету талаптары ескерілді.

Ұлттық компания құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі мен құны бекітілген келісім-шарт жасасты. Бүгінгі таңда осы келісім-шарт бойынша міндеттерді орындау мөлшері шамамен 70%-ды құрайды.

Көрменің өткізілу уақытының ауысуына орай, сондай-ақ COVID-19 пандемиясының әсер етуі салдарынан, ЭКСПО-2020 Дубай Ұйымдастыру комитеті санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауға көңіл бөле отырып, павильонның мазмұндық тұжырымдамасын қайта қарастыру жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Атап айтсақ, келушілердің денсаулығын бақылау, әлеуметтік арақашықтықты сақтау бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Осыған орай павильонның мазмұндық толтыруын қайта қарастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», – депті Д.Еркімбаев.

Күлбілте жауаптан түсінгеніміз мынау: бөлінген қаржы толық игеріледі және басқа салаларға бөлінбейді, мердігерге алғытөлем де жасалған, жылдың соңына дейін павильон құрылысы аяқталады, мазмұндық толтыру, қайта қарастыру жүргізіліп жатыр.

«Мазмұндық толтыру, қайта қарастыру» деген не? Ықшамдау десе, түсінер едік. Онда қаржы да үнемделуі мүмкін еді. Ал енді толтыру дегеніңіз қосымша қаржыны қажет етпей ме?

Қысқасы, «QazExpoCongress» ҰК» АҚ басшыларының жауабына көңіліміз толмады. Бұған дейін де олардан осындай екұшты жауап алғанбыз. Сұлтановқа сауал жолдаудың жөні жоқ, бәрібір басқаларға сілтеп жібереді. Сондықтан бюджеттің миллиардтарының жөнін енді Үкімет басшысы Асқар Маминнің өзінен сұрауға мәжбүрміз.

Қазір оқып жатыр

Қазақстан мен Моңғолияны жалғайтын автожол салынады

Ухнаагийн Хурэлсух, Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстандық жігіт Дубайда өмір бойына сотталды

Ернұр Алмахан

«Егеуқұйрық уы анықталды» делінген балалар тағамы Қазақстанда сатыла ма?

Балалар тағамы

Әскери борышты өтеуді қандай жағдайда кейінге қалдыруға болады?

Сарбаздар, Қазақстан әскері