USD
USD
USD

Exclusive-ке жасалған DDoS-шабуылға «Қазақтелекомның» қатысы бар ма?

Exclusive.kz басылымының ресми сайтына ұқсатып жасалған көшірме сайтта Азат Перуашев туралы даулы материал жарияланғанын жазған едік. Онда өзін «Ақ жол» партиясының бұрынғы қызметкерімін деп таныстырған әйел экс-төрағаны өзін жыныстық қатынасқа мәжбүрледі деп айыптаған.

Қазақтелеком
Фото: NEGE

Астана, NEGE. Алайда Азат Перуашев материалдың Exclusive.kz-тің ресми сайтында жоқ екенін байқап, сілтеменің басылымның атын жамылған басқа сайтқа сілтейтініне назар аударды. Перуашев ондағы айыптауларды жоққа шығарып, мұны арандату деп атады. Сондай-ақ ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау мақсатында әрі материал авторларын жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына жүгінетінін мәлімдеді.

Кейін Exclusive.kz редакциясы да Перуашев туралы мұндай материал дайындамағанын және жарияламағанын ресми түрде хабарлады. Басылым өз сайтының дизайны мен құрылымын қайталаған кемінде үш көшірме сайтты анықтаған. Оларда Перуашев туралы бір ғана бөтен материал орналастырылған, ал қалған сілтемелердің басым бөлігі Exclusive.kz-тің ресми сайтына сілтейді.

Редакция тағы бір жайтқа назар аударды: көшірме сайттар анықталғанға дейін Exclusive.kz DDoS-шабуылдарға ұшырай бастаған. Басылым мұны 14 және 15 қыркүйекте «Қазақтелеком» туралы шыққан екі мақаладан кейін байқаған.

NEGE осы оқиғалардың мән-жайын білу үшін Exclusive.kz бас редакторының көмекшісі, жетекші журналист-сарапшы Максим Елизаровпен сұхбаттасты.

Оның айтуынша, 14 қыркүйекте басылым Катар холдингі «Қазақтелекомнан» 27 млрд теңге өндіріп алуға тырысып жатқаны туралы материал жариялаған. Келесі күні «Қазақтелекомның» «Деректер орталықтары алқабы» жобасының операторына толық бақылау жүргізу мүмкіндігінен айырылғаны туралы жаңалық шыққан.

Екі материал да Google ұсыныстарына түсіп, көп оқылған. Ал 15 қыркүйек кешке қарай сайтқа кірушілер саны күрт өскен. Бірақ редакция мұның кәдімгі оқырман ағыны емес екенін байқаған.

«Сайтқа нақты адам кірді ме, әлде бот па – оны ажыратуға болады. Қарапайым оқырман материалды ашып, оқиды. Ал бұл жерде ешкім ештеңе оқыған жоқ: кіреді, шығады, қайта кіреді. Бір мезетте, мысалы, мыңға жуық осындай кіріп-шығу болуы мүмкін. Бұл сайтқа өте үлкен жүктеме түсіреді», – деді Елизаров.

Ақырында серверге түсетін салмақ шектен шығып, сайт уақытша ашылмай қалған. Редакция хостингтің техникалық мамандарына хабарласып, қорғаныс жүйесін күшейткен.

Дегенмен Елизаров «Қазақтелекомның» бұл шабуылдарға қатысы бар деп айтуға негіз жоқ екенін бірнеше рет атап өтті.

«Мұның артында нақты "Қазақтелеком" тұр деген ешқандай дәлеліміз жоқ. Ондай тұжырым жасауға негіз болатын дерек те жоқ. Біз тек DDoS-шабуылдар "Қазақтелеком" туралы екі жаңалық Google ұсыныстарына шыққаннан кейін басталғанын көрдік», – деді ол.

17 қыркүйекте редакция сайт статистикасынан тағы бір күмәнді жағдайды байқаған. Көптеген бот Exclusive.kz сайтындағы жоқ беттерге кіре бастаған. Мұндай жағдайда 404 қатесі шығады. Елизаровтың айтуынша, жоқ беттерге жаппай сұрау жіберу де серверге жүктеме түсіріп, сайттың жұмысын баяулатуы мүмкін. Бастапқыда редакция мұны DDoS-шабуылдың бір бөлігі деп ойлаған.

Ал Exclusive.kz-тің атын жамылған көшірме сайттар бар екенін редакция тек 22 қыркүйек кешке, Перуашевтің мәлімдемесінен кейін анықтаған.

«Оған дейін Google Analytics-тен түсініксіз сілтемені көрдік. 404 қатесі шығатын беттерге көп кіріп жатқанын байқадық та, мұны шабуылмен байланыстырдық. Перуашевтің жазбасынан кейін барып сайтымызды қайталаған үш сайтты таптық», – деді Елизаров.

Exclusive.kz мәліметінше, көшірме сайттардың екеуінің домені 16 қыркүйекте, яғни DDoS-шабуыл басталғаннан кейін келесі күні тіркелген. Үшіншісі 21 қыркүйекте пайда болған. Үшеуі де бір шетелдік компания арқылы тіркелген, ал олардың нақты иелерін ашық деректерден анықтау мүмкін болмаған.

Енді редакция Ішкі істер министрлігіне, Бас прокуратураға, ҰҚК-ге, Мәдениет және ақпарат министрлігіне және Жасанды интеллект министрлігіне жүгінбек. Басылым көшірме сайттарды кім жасағанын анықтап, оларды бұғаттау мүмкіндігін қарастыруды сұрайды.

Айта кету керек, Exclusive.kz "Қазақтелеком" туралы мақалалар, DDoS-шабуылдар және кейін пайда болған көшірме сайттар бір-бірімен байланысты деп мәлімдеп отырған жоқ. Елизаровтың сөзінше, әзірге мұндай қорытынды жасауға дәлел жоқ.

NEGE «Қазақтелекомнан» да түсініктеме сұрады. Компанияның баспасөз қызметі Exclusive.kz сайтына жасалған DDoS-шабуылдарға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

«"Қазақтелеком" АҚ аталған әрекеттерге қатысы жоқ», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Қазір оқып жатыр

Бензин бағасының төмен болуы инвестор тартуға кедергі келтіреді – Бектенов

Мұнай өңдеу саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес

Қазақ және мыс. Владимир Ким НЕГЕ ақша санауда?

Казақмыс

Ерлан Қошанов Қазақстан Халық кеңесінің төрағасы атанды

Ерлан Қошанов

Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің төрағалығына Ерлан Қошановты ұсынды

Ерлан Қошанов