Евгений Кошкин конькимен жүгіруден алтын медаль жеңіп алды

Нидерландтың Херенвен қаласында өткен конькимен жүгіруден Әлем кубогінің шешуші кезеңінде ұлттық құрама мүшесі Евгений Кошкин 500 метрге жарыста мәре сызығын 34,46 секундта кесіп өтіп, алтын медаль жеңіп алды. Бұл – отандасымыздың биылғы Әлем кубогі кезеңдерінде жеңіп алған үшінші жүлдесі.
Алматы, NEGE. Жер-жаһанның ең үздік спортшылары бас қосқан жарыста отандасымыз қысқы Олимпия ойындарының, әлем чемпионаттарының, сондай-ақ өзге де ірі жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздарымен тең дәрежеде лайықты өнер көрсетті. Тіпті, кей сайыстарда отандасымыз тәжірибелі спортшыларды жеңіс жолынан ысырып, жүлдесіз қалдырды.
Мәселен, 21-23 ақпан күндері Польшада өткен Әлем кубогінің бесінші кезеңінде Кошкин 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері канадалық Лорен Дюбрель мен Бейжің Олимпиадасының қатысушысы, 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері польшалық Марек Канияны артқа тастап, алтын жүлде жеңіп алды. Жерлесіміз 500 метр қашықтықты 34,52 секундта бағындырса, Дюбрель 34,70 секундта, ал Кания 34,76 секундта жүгіріп өтті.
Сонымен қатар дәл осы жарыста Бейжің Олимпиадасының чемпионы атанған қытайлық Гао Тинъюй, Харбиндегі қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері жапониялық Ватару Морисиге, 2020 жылғы төрт құрлық чемпионы Ким Джун Хо және басқа да атақты спортшылар жүлдесіз қалды.
Евгений Кошкин Польшадағы Әлем кубогі кезеңінде атақты қарсыластарынан басым түсіп қана қоймай, конькимен жүгіруден ел қоржынына 14 жылдан кейінгі алғашқы алтын жүлдені салғанын да айта кеткен жөн.
Ал күні кеше өткен Әлем кубогінің алтыншы кезеңінде Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері канадалық Лорен Дюбрель мен Еуропа чемпионы әрі әлем чемпионатының күміс жүлдегері нидерландтық Еннинг Де Бооны артқа тастап, кезекті рет әнұранымызды шырқатты. Бұл кезеңде отандасымыз мәре сызығын 34,46 секундта кесіп өтті.
Бұдан бөлек жерлесіміз бірнеше күн бұрын Херенвенде 500 метрге жарыста өзінің ең үздік нәтижесін тіркеп, қола медальге ие болды. Яғни, Кошкин аталған қашықтықты 34,30 секундта жүріп өтіп, өзінің жеке рекордын жаңартты. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы қытайлық Гао Тинъюй 500 метрді 34,32 секундта бағындырған болатын.
Жалпы, биылғы Әлем кубогінде Евгений Кошкиннің нәтижесі мен көрсеткіші кезең сайын жақсарып отырғанын байқауға болады. Былтыр қараша айында Наганода (Жапония) өткен алғашқы кезеңде 35,64 уақыт көрсеткішпен 19-орыннан көрінсе, Қытайдағы екінші кезеңде 34,87 секунд нәтижемен 11-сатыға көтерілді. Ал Канададағы үшінші кезеңде В тобында бақ сынап, 34.39 секунд нәтижемен мәреге бірінші келді. Қысқы Азия ойындарының дайындығына байланысты ол АҚШ-та өткен 4-кезеңге қатысқан жоқ. Бесінші кезеңде 500 метрге 34,52 секунд жұмсаса, алтыншы кезеңде 34,46 секундта жүгіріп өтті.
Айта кетейік, Евгений Кошкин жуырда ғана Қытайда өткен қысқы Азия ойындарында 100 метрге жарыста (9,47 секунд) күміс жүлдегер атанған болатын. Осылайша, 22 жастағы отандасымыз бір айдың ішінде түрлі деңгейдегі жарыстарда үздік нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғап келеді.
Осы нәтижелерден кейін отандық спорт жанкүйерлері Евгений Кошкинге келесі жылы Италияда өтетін қысқы Олимпия ойындарында ел қоржынына жүлде салатын бірден-бір спортшы ретінде сенім артып отыр.