Евгений Пригожиннің өлімін Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев ұйымдастырған

Ресей Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Николай Патрушевтің «Вагнер» ЖӘК басшысы Евгений Пригожиннің өліміне қатысы бар. Бұл туралы Wall Street Journal басылымы хабарлады.
Алматы, NEGE. Басылымның жазуынша, Патрушев 2022 жылдың жазында Владимир Путинге Пригожиннің Кремльге бағынбайтынын және билік үшін қауіпті болып бара жатқанын бірнеше рет ескерткен. Ұзақ уақыт бойы Қауіпсіздік Кеңесі басшысының сөздері назардан тыс қалып келді.
Сол жылдың қазан айында Пригожин Путинге оқ-дәрілердің жоқтығын айтып, шағымданған. Алайда, Путин Пригожиннің айтқандарын елемейді, тіптен қоңырауларына да жауап бермейді.
2023 жылдың маусымында Пригожин көтеріліс бастаған кезде Патрушев жағдайды өз бақылауына алады. Ол көршілес елдер – Қазақстан мен Беларусьтен көмек сұрап, байланысқа шығады.
Патрушев Ресей армиясы көтерілісшілерді ауыздықтай алмаған жағдайда Қазақстан әскери көмек көрсетеді деп ойлаған, бірақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсыныстан бас тартқан деген болжам бар.
Көтеріліс аяқталғаннан кейін Патрушев кісі өлтіру жоспарын құра бастайды. Батыс барлау агенттіктерінің дереккөздерінің хабарлауынша, кейіннен бұл жоспар Путинге көрсетілген және ол қарсылық білдірмеген.
23 тамызда Пригожин ұшатын ұшақтың қанатына бомба қойылады. Ұшқаннан кейін жарты сағаттан соң бомба жарылады. Кейінірек Тергеу комитеті хабарлағандай, бортта болған Пригожин, «Вагнер» ЖӘК командирі Дмитрий Уткин және тағы сегіз жолаушы мен экипаж мүшелері қаза табады. Кремль Пригожиннің өліміне қатысы барын жоққа шығарды.