Еуропада Палестинаны қолдаған митингтер өтуде

Лондон, Рим, Париж және Еуропаның басқа да ірі қалаларында Палестинаны қолдауға арналған жаппай шерулер өтіп жатыр.
Алматы, NEGE. Шерушілер Газа секторында атысты тоқтатуды талап етуде.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Лондонның орталығында ондаған мың адам шеруге шыққан. Полицияның мәліметінше, наразылық білдірушілер саны 100 мың адамға жеткен.
Париждің орталығында шерушілер Газа секторының тұрғындары үшін гуманитарлық дәліз ашуды талап етті. Билік митингтерге тыйым салып жатыр.
Бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Палестинаны қолдау үшін мыңдаған адамдық шеру ұйымдастырған болатын.
Ол Газа секторындағы қантөгіс үшін Батысты айыптап, ондағы бейбіт тұрғындардың өлімін Ресейдің Украинаға қарсы соғысында қаза тапқандармен салыстырды.
Сонымен бірге, Ердоған Түркияның Израильдегі бейбіт тұрғындарға жасалған шабуылдарды құптамайтынын айтты.
"Біз әрбір бейбіт тұрғынды жоқтаймыз, бірақ Израиль бұл туралы ойлап жатқан жоқ. Біз Қырымнан Қарабаққа, Босниядан Киркукке, Палестинадан Түркістанға, Ауғанстаннан Шешенстанға дейін көптеген аймақтардың тұрғындары үшін көз жасын төктік", - деді Ердоған.
Израиль кейінірек Ердоғанның мәлімдемелерінен кейін Түркиядағы елшілерін кері шақырды.
Бұған қоса, Түркия президенті ХАМАС-ты террористтер емес, өз елі үшін күресіп жатқан «азаттық» деп санайтынын бұған дейін мәлімдеген.
– Біз Израильге баруды жоспарлаған едік, бірақ сапар тоқтатылды. Түркияның Израильмен проблемасы жоқ, бірақ Израильдің палестиналықтарға қатысты саясатында проблемалар бар, - деді Ердоған.
Бұған дейін Газа секторында Қазақстан азаматы мен оның қызы қаза тапқаны хабарланған болатын. Еске салайық, 7 қазанда ХАМАС Израильге шабуыл жасады. Лаңкестер Газа секторымен шекаралас Израиль қауымдастығына кіріп, жүздеген тұрғынды өлтіріп, адамдарды кепілге алды. Бұған жауап ретінде Израиль Газа секторына соққы бере бастады.
23 қазандағы мәлімет бойынша, ХАМАС-тың Израильдегі шабуылы нәтижесінде 1400-ге жуық адам қаза тауып, 200-ден астамы кепілге алынған. Палестина билігі Газа секторына екі апта бойы жасалған шабуылдардан 4600-дей адам қаза тапты деп мәлімдейді.