9 Ақпан 15:40
...

Еуроодақ Ресей елшілерін қуып шықты, ендігі кезекте – санкциялар

Фото:

Кеше кешке Германия, Швеция және Польша секілді Еуроодақ елдері ресейлік үш дипломатты қуып шықты. Оның ішінде Ресей елшілігіндегі жоғары лауазымды қызметкер де бар. Атап айтқанда, ішкі саясат және екі жақты қарым-қатынас тобын басқаратын аға кеңесші Виктор Сазонов. Бұл – Кремльдің үш дипломатты «персона нон грата» деп жариялауына қарымта жауап. Мұның алдында Ресей жағы еуропалық елшілік қызметкерлерін Алексей Навальныйды қолдаған митингтерге қатысты деп айыптап, елден қууға шешім қабылдаған болатын.

Еуроодақ пен Ресейдің онсыз да шатқаяқтап тұрған қарым-қатынасы күрт суынып, жағдай одан әрмен шиеленісе түсетін түрі бар. Еуроодақ Ресейге қарсы жаңа санкциялар салуды көздеп отыр. Мәскеу, әдеттегідей, қарым-қатынастың бүлінгеніне Брюссельді кінәлайды.

Ресейдің СІМ-інің ресми өкілі Мария Захарова Еуропа елдерінің шешімін «негізсіз әрі дұшпандық» деп баға берді. «Бұл біздің елімізге қатысты батыстың қабылдаған әрекеттердің жалғасы. Біз мұны елдің ішкі ішіне араласу деп есептейміз», – деп мәлімдеді ол ресейлік БАҚ-тарға.

Еуропа Ресейдің таққан айыптарын негізсіз деп отыр. «Германия дипломаты Дипломатиялық қатынас туралы Вена конвенциясында қарастырылған қызметін атқарды. Яғни, заңды жолмен елде болып жатқан жағдай туралы ақпарат алды», – дейді неміс сыртқы істер министрлігі. Швеция мен Польша билігі де осы тақылеттес мәлімдеме жасаған.

Ресейлік телеарналар жаңалықтарда Мәскеу мен Санк-Петербургтегі бақылау камераларының жазбаларын көрсеткен. Онда Ресейден қуылған еуропалық дипломаттар көрінеді. Десе де, ол кадрларда олардың шеруге қатысып, ұрандап жүргені байқалмайды. Жай бақылап тұрғаны ғана түскен. Қолдарында плакат болмаған. Ұран шақырмаған. Митингтерді телефонымен түсіріп жүрген. Мария Захарова болса, «ұрлығы үстінен түстік» деп мәлімдеп отыр.

Ресей билігінің пікірінше, бұл шешім бекер қабылданып отырған жоқ. Бұған бірнеше жайт себеп болған.

Мәселен, дәл осы Германия мен Швецияның әскери зертханалары Навальныйдың қанында «Новичок» тобына жататын улаушы заттың ізі бар деп жария еткен. Бұл елдердің билігі Ресейге тиісті айғақтарды, дәлелдерді беруден бас тартып, ресейлік опозицияның әрекеттеріне қолдау жасап жатыр. Бұған дәлел ретінде ЕС жанындағы Полшаның тұрақты өкілдігінің платформасында дүйсенбіде «Жемқорлықпен күрес қорының» өкілдерімен онлайн кездесу өткенін алға тартады.

Еуроодақ СІМ-інің басшысы Жозеп Боррель Мәскеуге сапарынан кейін мынадай пікір айтқан:

"Мен Брююсельге ресей қоғамы мен Ресейдің геосаяси стратегиясының дамуы болашағына қатты алаңдап келдім. Министр Лавровпен кездесуім және сапарым барысында осы елдің билігі берген белгілер Еуропа пен Ресейдің бір-бірінен алшақтап бара жатқанын растай түсті. Ресей Еуропадан іргесін аулақ салғысы келеді. Демократиялық құндылықтарды қауіп-қатер ретінде көреді".

Оның сөзіне қарағанда, Еуроодақ мұның салдарын таразылап, қатынас бағытын мұқият белгілеу керек. Сосын мұны батыл әрі жұмыла ұстануы тиіс. Жасалатын қадамдардың ішінде «санкциялардың болуы мүмкін» деп ескертіп отыр. Еуроодақ елдері бас қосып, әрмен қарай Ресейге қатысты ұстанымын айқындап, бір байлам жасамақ. Мұның үстіне, Еуроодақтың одақтасы АҚШ президенті Джо Байденнің Путинге жасаған қатаң ескертуі тағы бар.

«Қауіп-қатерге қарамастан Навальный неге оралды?», – деген сауалдың жауабы – осы. Өзі түрмеде. Бірақ іштен, сырттан Путиннің тағын барынша шайқай бастады. Бірақ, діттегеніне жете ме, жоқ па, ол маңызды емес. Навальныйдың ойынша, бастысы – тәуекел.

 

Тегтер: