19 Шілде 10:55
...

Еуроодақ Түркия азаматтары үшін Шенген визаларын рәсімдеуді жеңілдетті

Шенген визасы
Фото: ғаламтордан

Еуропалық Одақ Түркия азаматтарына арналған Шенген визасын алу тәртібін жеңілдетті. Бұл туралы Түркиядағы ЕО елшісі Томас Ханс Оссовски Анкарада өткен баспасөз жиынында мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

АЛМАТЫ, NEGE. ЕО елшісінің айтуынша, Еуропалық комиссияның 15 шілдеден бастап күшіне енген жаңа шешімі Түркия азаматтары үшін визалық рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетеді. Енді Шенген визасын бұрыннан дұрыс рәсімдеп келген азаматтар кезең-кезеңімен көп мәртелі визалар ала алады.

Атап айтқанда:

  • алғашқыда – 6 айлық,
  • кейін – 1 жылдық,
  • одан соң – 3 жылдық және 5 жылдық визалар берілуі мүмкін.

Томас Оссовски бұл қадам Түркия азаматтарының бюрократиялық рәсімдерге қатысты жиі айтатын шағымдарын азайтады деп сендірді. Алайда ол визаны жеңілдету түбегейлі шешім емес екенін де атап өтті.

Осы орайда ЕО елшісі Түркиямен визасыз режим туралы келіссөздерді қайта бастау қажеттігін айтты.

– Визасыз режим қазіргі таңда Түркиядан басқа барлық кандидат елдермен бар. Бұл мәселені қайта қарау қажет, – деді Оссовски.

Еурокомиссия жаздан кейін Анкарамен ресми келіссөздерді жандандыруға дайын екенін және визалық режимді жеңілдету жөніндегі жол картасында көрсетілген қалған алты критерий бойынша бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді.

Түркия Сыртқы істер министрлігі бұл шешімді құптап, Еуроодақпен виза талаптарын одан әрі жеңілдету бағытында жұмыс жалғасатынын хабарлады.

Сауда министрі Өмер Болат бұл жаңалықты «азаматтар көптен күткен жеңілдік» деп бағалады. Ол Anadolu агенттігіне берген сұхбатында Түркия ЕО-мен Кеден одағын жаңарту жөніндегі келіссөздерді қайта бастағысы келетінін және оны қызмет көрсету мен электронды сауда саласына дейін кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтты.

Түркия 1999 жылдан бері Еуроодаққа кандидат ел саналады. Алайда адам құқықтары мен демократиялық стандарттарға қатысты сынға байланысты мүшелік үдерісі баяу жүріп жатыр. Соңғы уақытта Анкара мен Брюссель арасындағы диалог қайта жандана бастаған.