USD
USD
USD

Еурокубок тек бедел емес: «Қайрат» пен «Тобылдың» жеңісі Қазақстанға не үшін қажет?

Қазақстан 2026/27 жылғы еурокубок маусымын төрт клубпен бастады. «Қайрат» Чемпиондар лигасының іріктеуіне қатысса, «Астана», «Елімай» және «Тобыл» Конференциялар лигасында өнер көрсетті.

«Тобыл» футбол клубының баспасөз қызметі
Фото: «Тобыл» футбол клубының баспасөз қызметі

Астана, NEGE. «Астана» мен «Елімай» алғашқы іріктеу кезеңінен өте алмады. Ал «Қайрат» пен «Тобыл» қарсыластарын пенальти сериясында жеңіп, үшінші кезеңге жолдама алды.

«Қайрат» Кипрдің «Омониясынан» алғашқы ойында 0:1 есебімен ұтылды. Алматыда өткен қарымта кездесуде қазақстандық клуб 1:0 есебімен жеңіп, екі ойынның қорытындысын теңестірді. Пенальти сериясында «Қайрат» 6:5 есебімен басым түсті. Енді алматылықтар Болгарияның «Левскиімен» кездеседі.

«Тобыл» мен Литваның «Паневежисі» арасындағы екі матч та 1:1 есебімен аяқталды. Қостанайлық клуб пенальти сериясында 3:2 есебімен жеңіске жетіп, келесі кезеңде Сербияның «Партизанымен» ойнайтын болды.

Еурокубоктың маңызы беделмен, жанкүйерлік көңіл күймен немесе Қазақстанға шетелдік командалардың келуімен ғана шектелмейді. Әр матч елдің УЕФА рейтингіндегі орнына, клубтардың алдағы маусымдардағы мүмкіндігіне, табысына және футболшылардың шетелдік нарықта танылуына әсер етеді.

Әр нәтиже Қазақстанның коэффициентіне қосылады

УЕФА әр ұлттық қауымдастықтың маусымдық коэффициентін есептейді. Ол үшін елдің барлық клубы жинаған ұпай қосылып, сол маусымда еурокубокқа қатысқан командалар санына бөлінеді.

Қайрат
«Қайрат» футбол клубының баспасөз қызметі

Қазақстан жарысты төрт клубпен бастағандықтан, командалар жинаған ұпай төртке бөлінеді. Іріктеу кезеңінде жеңіске бір ұпай, тең ойынға 0,5 ұпай беріледі. Жеңілген команда ұпай алмайды.

Демек:

  • қазақстандық клубтың әр жеңісі ел коэффициентіне 0,250 балл қосады;
  • әр тең ойын 0,125 балл береді;
  • жеңіліс үшін балл берілмейді.

Пенальти сериясының нәтижесі коэффициентке әсер етпейді. УЕФА негізгі және қосымша уақыт аяқталған кездегі есепті ғана ескереді. Сондықтан команда пенальти сериясында жеңсе де, оған дейінгі ойын тең аяқталса, рейтинг үшін бұл тең ойын болып саналады.

«Астана» мен «Елімайдың» жарыстан шығуы олардың үлесін жоққа шығармайды

Клубтар жарыстан шыққанға дейін жинаған ұпай елдің маусымдық коэффициентінде сақталады. Сондықтан «Астана» мен «Елімай» еурокубоктағы жарысын аяқтағанымен, олардың нәтижесі Қазақстанның жалпы көрсеткішіне әлі де есептеледі.

«Астана» алғашқы ойында Албанияның «Динамо Сити» клубын 1:0 есебімен жеңді. Қарымта кездесуде қосымша уақыттан кейін 1:4 есебімен ұтылды. Осылайша, елордалық команда бір жеңісі үшін бір ұпай жинады.

«Елімай» Арменияның «Алашкертімен» екі рет тең түсті: сырт алаңда 1:1, өз алаңында қосымша уақыттан кейін 2:2. Әр тең ойынға 0,5 ұпайдан берілді. Ал пенальти сериясындағы жеңіліс коэффициентті есептегенде ескерілмейді.

Осылайша, «Астана» мен «Елімай» екеуі бірге екі ұпай жинады. Қазақстан еурокубок маусымын төрт клубпен бастағандықтан, бұл ұпай төртке бөлінеді: 2 ÷ 4 = 0,500 балл.

«Астана» футбол клубының баспасөз қызметі
«Астана» футбол клубының баспасөз қызметі

Демек, екі команда жарыстан шығып қалғанымен, олар жинаған жарты балл Қазақстанның маусымдық коэффициентінде сақталады.

Алайда екі клубтың жарыстан ерте шығуы Қазақстанның жағдайын қиындатады. Өйткені енді жаңа ұпайды жарысты жалғастырып жатқан командалар ғана жинай алады, бірақ жалпы ұпай бәрібір төртке бөледі. Сондықтан ел коэффициенті үшін бірнеше клубтың еурокубокта мүмкіндігінше ұзақ қалғаны маңызды.

УЕФА рейтингі елдің еурокубокқа қанша клуб жібере алатынын және олардың іріктеуді қай кезеңнен бастайтынын анықтау үшін қолданылады. 

УЕФА әр клубтың жеке коэффициентін де есептейді. Ол соңғы бес маусымдағы нәтижеге негізделеді. Іріктеу кезеңінің жеребесі кезінде командалар осы көрсеткішке қарай рейтингі жоғары және рейтингі төмен топтарға бөлінеді.

Коэффициенті жоғары клуб әлсіз қарсыласқа міндетті түрде тап болады деген сөз емес. Дегенмен ол алғашқы кезеңдерде рейтингі ең жоғары командалардың біріне қарсы түсу ықтималдығын азайтады.

Сондықтан еурокубокта бірнеше жыл қатарынан тұрақты нәтиже көрсеткен клуб кейінгі маусымдарда жеребе кезінде қолайлырақ жағдайда болуы мүмкін.

«Тобыл» футбол клубының баспасөз қызметі
«Тобыл» футбол клубының баспасөз қызметі

Еурокубок клубтарға қанша ақша әкеледі?

УЕФА табыстың бір бөлігін іріктеу кезеңдеріне қатысқан клубтарға бөледі. Бірақ клубтар негізгі табысқа турнирлердің біріндегі лига кезеңіне шыққан жағдайда қол жеткізеді. Төлем көлемін түсіну үшін 2025/26 жылғы маусымның көрсеткіштерін мысалға алуға болады.

Сол маусымда лига кезеңіне қатысқан әр клубқа берілетін кепілдендірілген төлем:

  • Чемпиондар лигасында – 18,62 млн еуро;
  • Еуропа лигасында –  4,31 млн еуро;
  • Конференциялар лигасында – 3,17 млн еуро болды.

Бұдан бөлек, клубтарға жеңіс, тең ойын, турнир кестесіндегі қорытынды орын және келесі кезеңдерге шыққаны үшін қосымша ақша төленді. Бұл сомалар УЕФА-ның ерлер арасындағы клубтық турнирлер кірісін бөлуге арналған ресми парақшасында көрсетілген.

УЕФА төлейтін қаражаттан бөлек, клубтар өз алаңындағы матчтардан билет сатылымы, жарнама, демеушілік келісімдер және өзге де қосымша сауда арқылы табыс таба алады.

Футболшыларға қандай пайдасы бар?

Еурокубок ойындары футболшыларға Қазақстан чемпионатынан өзгеше қарсыластармен кездесуге мүмкіндік береді. Олар басқа қарқында ойнайтын командаларға қарсы шығып, жоғары қысым жағдайында шешім қабылдауға және екі матчтан тұратын бәсекеге бейімделеді.

Мұндай кездесулер олардың шетелдік клубтар мен агенттердің назарына түсу мүмкіндігін де арттырады. Еурокубокқа қатысудың өзі футболшының бағасын автоматты түрде көтермейді. Бірақ халықаралық матчтарда тұрақты әрі сәтті өнер көрсету оған деген қызығушылықты күшейтуі мүмкін.

Бұл әсіресе жас қазақстандық ойыншылар үшін маңызды. Өйткені Чемпиондар лигасы немесе Конференциялар лигасының іріктеуіндегі ойындар олардың деңгейін шетелдік қарсыластар аясында бағалауға мүмкіндік береді.

Бірақ команда неғұрлым алысқа барса, ойын кестесі соғұрлым тығыз болады. Клуб бір мезгілде Қазақстан чемпионатында, ел кубогында және еурокубокта ойнауға мәжбүр. Футболшыларға түсетін салмақ артып, құрамды жиі ауыстыру қажеттігі туындайды.

Мысалы, 26 шілдеде «Ордабасыға» қарсы өткен чемпионат матчында «Қайраттың» шабуылшысы Жоржиньо тізесінен жарақат алды. Бас бапкер Рафаэль Уразбахтин футболшының алдағы бірнеше кездесуге қатыспайтынын айтты. 

Сондықтан еурокубокта ұзақ ойнау үшін негізгі құрам ғана емес, оларды алмастыра алатын футболшылар да қажет.

«Елімай» футбол клубының баспасөз қызметі
«Елімай» футбол клубының баспасөз қызметі

Негізгі пайда клуб ақшаны қалай жұмсайтынына байланысты

Сондықтан «Қайрат» пен «Тобылдың» еурокубоктағы жеңісі тек жанкүйерлердің қуанышы емес. Әр өткен кезең Қазақстанның рейтингін көтереді, клубтарға қосымша табыс әкеледі, ойыншылардың халықаралық тәжірибесін арттырады және келесі маусымдардағы жеребеге әсер етеді.

Ал ең үлкен нәтиже қазақстандық командалар іріктеуге жай қатысып қана қоймай, лига кезеңіне тұрақты шығып, тапқан қаражатын ұзақ мерзімді дамуға жұмсаған кезде көрінеді.

Еурокубоктан түскен табыс бір маусымда бірнеше қымбат легионер сатып алуға жұмсалуы мүмкін. Бірақ мұндай шешім бүкіл Қазақстан футболына ұзақ мерзімді пайда әкеле бермейді.

Қаражатты академияларға, балалар жаттықтырушыларына, медицинаға, селекцияға, алаңдар мен жаттығу базаларына салу әлдеқайда тұрақты нәтиже береді.

Қазір оқып жатыр

Сайлауалды науқанның бірінші аптасы қалай өтті: сарапшылар «Әділет» партиясының әлеуетіне қандай баға берді

«Әділет» партиясы

Жамбыл облысында төрт теміржолшының қазасына кінәлілерге үкім шықты

сот үкімі

Қазақстанда МӘМС жарнасын төлеу қағидасы жаңартылды: не өзгерді?

МӘМС

«Қазақстан барысы» атанған Айбек Нұғымаров аудан әкімі болып тағайындалды

Айбек Нұғымаров