15 Маусым 11:46

Euro-2024: Германия құрамасы Шотландияны жеңді

Германия-Шотландия
Фото: ғаламтордан

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының тұсаукесер ойынында Германия құрамасы Шотландиядан ірі есеппен басым түсті.

Алматы, NEGE. Кездесу барысында германиялық футболшылар тізгінді ойын басынан қолында ұстауға тырысты. Алғашқы минуттан қарсылас құрама қақпасына шабуыл ұйымдастырып, гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Ойынның 10-минутында олардың қатарынан Флориан Вирц қақпадан саңылау тауып, доп додасындағы алғашқы голдың авторы атанды.

Ал 19-минутта әріптесі Кай Хаверцтің берген пасын Джамал Мусиала мүлт жіберген жоқ. Франциялық бас төреші Клеман Тюрпен 46-минутта Шотландия қақпасына белгілеген пенальтиді Кай Хаверц шебер орындай білді.

Екінші кезеңде де германиялық футболшылар басымдықты арттыра түсті. Алаңның қос қанатынан жүйелі түрде шабуылға көшті. Ойынның 68-минутында германиялық Никлас Фюллькруг гол соқса, 87-минутта Антонио Родригер автогол авторы атанды. Қорытынды есепті 93-минутта германиялық Эмре Жан белгіледі. Осылайша Германия қарсыласынан 5:1 еесбімен басым түсті.

Енді бүгін, 15 маусымда А тобында Венгрия - Швейцария, В тобында Испания - Хорватия, Италия - Албания ойындары болады.

Құрлықтық дода ойындары Германияның Берлин, Дортмунд, Дюссельдорф, Майндағы Франкфурт, Гельзенхиркен, Гамбург, Кёльн, Лейпциг, Мюнхен, Штутгарт секілді қалаларында өткізіледі. Еуропа чемпионаты 1960 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазірге дейін Германия, Испания 3, Италия, Франция 2, КСРО, Португалия, Чехословакия, Нидерланд, Дания мен Грекия 1 реттен жеңіс тұғырына көтерілді.