ЕҮАК отырысында электрондық сауда туралы келісімге қол қойылды
Шолпан-Ата қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) отырысында ЕАЭО елдері цифрлық сауда, көлік дәліздерін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қатысты бірқатар шешім қабылдады. Кездесу қорытындысында алты құжатқа қол қойылды.
Астана, NEGE. Шолпан-Атада өткен кеңейтілген құрамдағы отырысқа ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары, бақылаушы мемлекеттердің өкілдері және Еуразиялық экономикалық комиссияның басшылығы қатысты. Кеңейтілген отырыста ЕАЭО ішкі нарығын дамыту, салалық интеграцияны тереңдету, цифрлық өзара іс-қимылды кеңейту, көлік дәліздерін цифрландыру, электрондық сауда және климат саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында экономикалық ынтымақтастықтың маңызы артып келеді. Оның мәліметінше, 2025 жылы ЕАЭО елдері арасындағы өзара тауар айналымы 95 млрд долларды құраған. Биыл бұл көрсеткіш 7,3%-ға өсіп, 102 млрд долларға жетеді деп күтілуде.
Сондай-ақ Қазақстан агроөнеркәсіп кешеніндегі экспорттық әлеуетін арттырып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мал және өсімдік тектес өнімдер мен дайын азық-түлік экспорты шамамен 7 млрд долларды құраса, биылғы қаңтар–мамыр айларында оның көлемі 3,6 млрд долларға жеткен.
Олжас Бектенов, primeminister.kz
Қазақстан тарапы ЕАЭО елдерінің нарығына құс еті мен сүт өнімдерін жеткізу кезінде кездесетін кедергілерді жою үшін Одақ аясында азық-түлік өнімдерінің нарыққа қолжетімділігіне тұрақты мониторинг жүргізуді ұсынды. Үкіметтің пікірінше, саудадағы тосқауылдарды уақтылы жою өзара сауда көлемінің артуына ықпал етеді.
Жиында цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Олжас Бектенов Қазақстанда бұл бағыт елдің стратегиялық басымдықтарының біріне айналғанын атап өтті.
«Қазақстан Президенті 2026 жылды ресми түрде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясының аса маңызды бағыттарының қатарында Екібастұз қаласындағы "ДӨО алқабын" құру жобасы бар. Жоба халықаралық деңгейдегі цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыруға және Қазақстанның Еуразиядағы цифрлық хабтардың бірі ретіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Қуаты 125 МВт болатын алғашқы есептеу орталығын іске қосу келесі жылдың маусым айына жоспарланған. Барлық мүдделі тараптарды, оның ішінде іскер топтар мен технологиялық компаниялардың өкілдерін осы бастаманы жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуға шақырамыз», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Қазақстанның цифрлық экономика мен жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға әрдайым ашық екенін айтты.
ЕҮАК отырысының қорытындысы бойынша алты құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында ЕАЭО аумағындағы электрондық сауда туралы келісім, ғылыми атақтарды өзара тану туралы келісім және Одақтағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар өкімдер бар.
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы 1–2 қазанда Беларусьтің Минск қаласында өтеді.