Ет экспортына тыйымның олигополияға қатысы жоқ – Сапаров
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәжіліс депутаттарының ет өнімдерін экспорттауға енгізілген тыйымға қатысты сынына жауап қатты.
Астана, NEGE. Бұған дейін иәжілістің бірқатар депутаты ауыл шаруашылығы министрлігінің ет экспортына тыйым салу жөніндегі шешімін сынға алып, бұл шешім нарықта хаос туғызып отырғанын айтып, министр Сапаровтан енгізілген тыйымды толық және шартсыз жоюды сұрады. Депутаттар Түркістан облысындағы жағдайды (оңтүстік өңірде экспортқа рұқсат тек бір ғана компанияға берілгенін) мысалға келтіре отырып, «мұнда лоббизмнің иісі шығып тұрған секілді» деп күмәнін де жеткізген.
Темір Қырықбаев бастаған депутаттардың айтуынша, ет экспортына тыйымның салдарынан басқа фермерлердің табысы, инвестициялық тартымдылық төмендеп, сатып алу бағасы күрт құлдырап, нарық механизмдері бұзылып, хаос пен белгісіздік туындаған.
«Экспортқа тыйым салу – экономикалық тұрғыдан негізсіз деп санаймын, өйткені бұл шешім үкімет тарапынан уақытша тұрақтылықты ұстап тұрғанымен, болашақта ірі қара мал бағасының үш есеге өсіп кетуіне ықпалын тигізеді.
Ет өнімдерін экспорттау – ауыл аймақтарының экономикасын қалыптастырады, халықтың тұрмысын, мәдениетін жақсартады, экспорттық әлеуетті қамтамасыз етеді», – деген еді Қырықбаев.
Депутаттардың бұл сынына ауыл шаруашылығы министрі өз уәжін білдірді. Сапаровтың түсіндіруінше, бұл шешім «елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту, ішкі нарықта етке тапшылықты болдырмау, сондай-ақ сиыр етіне бағаны тұрақтандыру мақсатында қабылданған».
«Енгізілген тәсіл олигополияны қалыптастыруға немесе бәсекелестікті шектеуге бағытталмағанын атап өткен жөн. Керісінше, оның мақсаты – толық салалық процеске негізделген сиыр етін өндірудің өркениетті, ашық және жауапты шыңын құру.
...квоталауды енгізу мал өсірумен және бордақылаумен
айналыспайтын, тек жануарларды қайта сататын экспорттаушы делдалдарды
жоюға бағытталған. Олардың қызметі сиыр етінің негізсіз қымбаттауына әкеледі
және саланың дамуына ықпал етпейді», – дейді министр.
Айта кетейік, ірі қара мал етін Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне 13 мың тонна көлемінде әкетуге сандық шектеулер 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін енгізілген.