«Ескінің көзі» Бақытжан Жұмағұловтың атына мектеп берілетіні рас па?

Бұл мектептің иесі – сенатор Мұрат Бақтиярұлы.
Бұ қалай? Сонау Қызылорда қаласына Жұмағұловтың не қатысы бар? Әрі-беріден соң мектепке атын беретіндей бұл өңірге қандай еңбегі сіңді екен? Тіпті, білім ұясының көзі тірі адамның атымен аталуы дұрыс па? Өз атына көше, мектеп атын беріп, ескерткіш ашуды кімнен үйренген?
Біз ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізу үшін Қызылорда облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Бекбол Қаратайұлына хабарластық.
– Бізде Мұрат Бақтиярұлының жекеменшік 2 мектебі, 1 колледжі бар. Орда school деп аталады. Қазір ол Қызылорда қаласындағы «Сабалақ» деген саяжайдан үшінші мектеп салып жатыр екен.
Мектепке Бақытжан Жұмағұловтың аты беріледі екен. Сіздерге жеткен сол ақпарат шығар. Бірақ бұл жекеменшік мектеп болған соң, атын кімге береді, не үшін береді, оған араласпаймыз.
Жауып тастап, басқа нәрсе ашса да өздері біледі ғой. «Әлі ашылмаған, құрылысы аяқталып тұр. Биыл іске қосатын шығар деп ойлап отырмыз» дейді сондағылар.
– Сонда білім басқармасы жекеменшік мектептерден хабарсыз ба?
– Дұрыс қой. Әлі ашпаған ғой. Әйтпесе, білім процесінде қадағалау болады. Алайда, бұл мектеп әзірге техпаспортын бекітпеген, лицензиясын алмаған. Қазір-ақ өзгеріп кетуі мүмкін. Бірақ өздерінің айтуынша, Жұмағұловтың атына береміз деген жоспарлары бар екен, – дейді Б.Қаратайұлы.
Өз атына мектеп берілгелі жатқанынан Жұмағұловтың өзі хабардар ма? Nege.kz тілшісі Бақытжан Жұмағұловпен тілдесіп көрді.
Бақытжан Жұмағұлов: Ондай өсекті естіген жоқпын
– Бақытжан Тұрсынұлы, Қызылордадан сіздің атыңызда мектеп ашқалы жатыр екен. Рас па?
– Ондай естіген жоқпын.
– Бізге жеткен суретке қарасақ, аты-жөніңізді мектептің маңдайшасына жазып қойыпты. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы мектептің иесі екен...
– Жоқ, шынымды айтайын естіген жоқпын. Бірінші рет сізден естіп тұрмын.
– Сізді Мұрат Бақтиярұлымен не байланыстырады? Неге мектеп атын сіздің атыңызға беріп жатыр? Көзі тірі адамның атына мектеп беру қалай болар екен?
– Ондай өсекті де естіген жоқпын. Мектеп ашу үшін қаулы керек шығар, менің келісімім керек шығар. Маған айтар еді, мүмкін емес қой. Өсек-әңгіме шығар.
Мектептің иесі, Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы бұған қатысты не дейді? Тілшіміз сенаторға да хабарласты.
Мұрат Бақтиярұлы: Басқаға сенесің бе, маған сенесің бе?
– Мұрат Бақтиярұлы, Қызылорда қаласынан Бақытжан Жұмағұлов атында мектеп ашып жатырсыз ба?
– Жоқ, өтірік. Кім айтты оны?
– Бізде суреті де бар. Мектептің иесі сіз екенсіз.
– Жай ма? Не үшін керек?
– Енді Бақытжан Жұмағұлов көзі тірі адам ғой. Оған мектеп атын неге беріп жатырсыз?
– Жоқ. Фейктер жібере береді ғой. Ол Орда school деген мектеп. Оны өткенде мен де көргем. Фейк сурет. Басқаға сенесің бе, маған сенесің бе? Қазір жұртқа таңқалмайсың ғой. Жеке ақшасына салып, кімнің атын бергісі келеді – беріп жатыр ғой. Көп қой ондайлар. Мешіт салады да оған дінде жоқ әкесі немесе атасының атын береді.
– Қызылорда облыстық білім басқармасындағылар сіздің Орда деген екі мектеп пен колледжіңіз барын растады. Бірақ Жұмағұлов атындағы мектеп енді ашылатын шығар, бізден әлі лицензия алған жоқ деді.
– Жақсы, басқа не айтасың? Бұл, былайша айтқанда, өсек әңгіме ғой. Фейк ақпарат.
P.S. Мұндай «өсекті» кім, не үшін таратып жүргені бізге де беймәлім. Алайда тұрақты оқырманымыз жіберген суреттерді арнайы мамандарға тексертіп көріп едік, олар «фото ешқандай да монтаж емес» деп жауап берді...