3 Шілде 18:52
...

«ЕСКІ» мен «ЖАҢАНЫҢ» арасы: АБАЕВ «саяси тұлға» ма?

Фото:
Дәурен Абаев Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып тағайындалды. Бұл таңдау көпшілікті таңдандырып отыр.

Абаевты Ресейге елші етіп тағайындауға не себеп болды?  

Бұған дейін де көрші Ресейге ортақол кадрларды жібермейтін. Мәселен, 2000-жылдардың басынан бері қарай Алтынбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, Нұртай ӘБІҚАЕВ, Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ, Марат ТӘЖИН, Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ сияқты саяси тұлғалар елшілік қызмет атқарды.

Жуарда Ермек КӨШЕРБАЕВ ШҚО-ға әкім болып тағайындалған соң «бұрынғы сыртқы істер министрі Мұрат ТІЛЕУБЕРДІ Ресейге елші болып барады екен» деген сыбыс шыққан. Іле-шала бұл сыбысты Дәурен Абаевтың гу-гуі басып кетті.

Сондай-ақ Д.Абаев Мәдениет және спорт министрі болып тұрған кездегі кейбір мәселелерге қатысты Антикор қылмыстық іс қозғағаны сөз болған. Алайда бұл қылмыстық іс Абаевқа еш әсер етпеген сыңайлы. 

Қазіргі геосаяси ахуалда Қазақстан үшін Ресейдің маңызы ерекше. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Дәурен Абаевты бұл лауазымға бекер тағайындаған жоқ.

«Дәурен Абаев Мәскеуге жіберілсе, онда ол әлі сапта деген сөз.  Қазақстанның Ресейдегі елшісі – өте маңызды лауазым. Екі жылдан кейін Қазақстанға оралып, үлкен қызметке тағайындалуы әбден мүмкін. Өйткені, Мәскеуге жай адамды жібермейді», – дейді Тоғжан Қожалы.

Десе де, бұл тағайындаудан соң ескі және жаңа Қазақстанның ара-жігін ажырату қиынға түсіп отыр. Ескі Қазақстанның өкілдері саяси сахнаға қайта оралып жатқандай әсер қалдырады. Мұны сарапшылар да жоққа шығармайды.

Н.Назарбаев пен Д.Абаев. Фото: ғаламтордан

«Дәурен Абаев – экс-президент Н.Назарбаевтың адамы болғанымен, қазіргі президент Қ.Тоқаевтың да көңілінен шығатын сияқты. Абаевты саяси салмағы бар деп білетін шығар. Бірақ Дәурен Абаев сөзімен де, ісімен де тұңғыш президенттің адамы екенін дәлелдеп жүр.

Бұл ескі Қазақстанның адамдарының билікке қайта келіп жатқанын көрсетеді», – дейді  Қазбек Бейсебаев. 

Дипломат Қ.Бейсебаевтың  пікірінше, елшіні тағайындау – президенттің құзырындағы нәрсе.

«Бұл – президенттің шешімі. Сыртқы саясатқа жауап беретін бізде бір ғана адам бар. Ол – Қасым-Жомарт Тоқаев», – дейді сарапшы.

Бейсебаевтың айтуынша, Мысыр, Франция және Италия сияқты елдерге елші болып кәнігі дипломат-мамандар барады. Өйткені, сол елді, оның тілін, ерекшеліктерін жақсы білуі тиіс.

«Ал көрші мемлекеттерге саяси тұлғаларды қою керек. Бұрыннан келе жатқан – дәстүр. Сол арқылы еліміз сол мемлекеттің маңыздылығын көрсетеді», – дейді Қазбек Бейсебаев.  

Тегтер: