31 Наурыз 18:07
...

Есқалиевтің НЕГЕ есі шығып жүр?

Фото:

Ертең Премьер-министр Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына бармақ. Sarapshy.info сайтының жазуынша, жергілікті халық «премьер облыс әкімін ауыстыруға келе жатыр» деп гулетіп жүрген көрінеді. Неге десек, соңғы кезде әкімнің жұмысына өңір халқының мүлдем көңілі толмай жүр.

Ол ол ма, БҚО әкімі Ғ.Есқалиев президент жүктеген тапсырмаларды да орындауға асықпаған.

Бірінші, ауыл шаруашылығы кешенін дамытуды нықтап тапсырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде ет экспорттау тым төмен екенін ескерткен еді. Өкінішке қарай, 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда өңірдегі ет экспорты 30,4%-ға төмендеп кеткен. 

Фото: zhaikpress.kz

Екінші, бизнестің дамуына серпін беру. Бұл жайлы Президент: «Шағын және орта бизнестің 90%-дан астамы, сонда қамтылған халықтың 80%-ы Орал қаласы мен Бөрлі ауданына тиесілі. Ел бойынша шағын және орта бизнеске беретін жаңа мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс», – деген. Бұл да орындалған жоқ. Тіпті, 2019 жылмен салыстырғанда шағын және орта кәсіпкерлік нысан саны 0,6%-ға азайды.

Бұдан кейінгі үшінші мәселе – ауыз су. 2019 жылы БҚО-дағы ауылдардың 45% ғана орталықтандырылған суға қосылған. Әлі 186 ауылға ауыз су жеткен жоқ. Облыстағы 416 ауылдың 230-ы ғана орталықтандырылған ауыз суға қосылған. 21 ауылға ауыз су әлі көлікпен жеткізіледі.

Төртінші тапсырма – жол. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өзекті мәселенің бірі – жол. 70% жайы мәз емес. Мұндай жағдайды сын көтермейді деп санаймын. Бұл азаматтардың тек күнделікті өміріне кері әсер етіп қана қоймай, өңірдің экспорттық-транзиттік әлеуетін де төмендетеді.

Фото: sarapshy.info

Қазір Казталовка, Жәнібек, Бөкей ордасы секілді үш оңтүстік ауданда жолды қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын білемін. Үкімет пен әкімдікке бұл жұмыстарды 2021 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын. Аталған мәселе менің жеке бақылауымда болады», – деп нақты айтқан. 

Бұл жолға 2021 жылы 10,2 млрд теңге қаражат бөлініп, 45 шақырымы салынған. Қалғаны 2023 жылға дейін шегерілген. Жоба құны қолдан қымбаттатылған жоқ па? Яғни, жұмсалған қаражат тағы да тексеруді қажет етеді.

Мұнымен қоса, облыста тіркелген жемқорлық фактісі көп. Антикор былтырғы жарты жылда БҚО-да 30 қылмыстық істі анықтаған. Бес лауазымды тұлғаға қатысты сот шешімі шыққан. Есқалиев келгелі өзі тағайындаған облыс әкімінің бес орынбасары да түрлі себеппен орнынан босапты. 

Тағы бір мәселе – Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры ұжымы арасындағы дау. Былтыр ұжым театр директорын қызметінен алып тастауды, өнер ордасындағы ахуалға назар аударуды талап етті. Бір ұжым екіге жарылса да, өңір басшысы қаперсіз отырды. Әкім осы арқылы мәдени салаға қырын қарайтынын көрсеткен жоқ па? 

Фото: ғаламтордан

Денсаулық сақтау саласы да мәз емес. Өңір халқының көпшілігі Ресейдің көршілес облыстарындағы медицина мамандарына жүгінеді. Себебі, білікті дәрігер тапшы. Тіпті, коронавирус індеті кезінде де өңір әкімі медицина мамандарына үстемақы төлеу мәселесін де дер кезінде реттей алмады.

Одан кейін 2021 жылы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов 7,8 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін сотталды. Бұл орын бір жылдай бос тұрды. Кейін уақытша тағайындалған басшы да екі жылдан кейін ғана қызметке нақты бекітілді.

Тиіп-қашып істеген жұмыс берекелі бола ма? Бұл да әкімнің әлеуметтік салаға селқос қарауының айқын дәлелі. Тіпті, мемлекеттік нысандар да жекенің қолына өтіп кетіп жатыр. Ал бұлар кімге берілді және не үшін? 

Қысқасы, қазір БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің есі шығып жүрген көрінеді. Соның бір дәлелі болса керек, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы әкімдікке қатысты негатив материалдарды «май шаммен зерттейтінін» қарамағындағыларға қатаң ескертіпті.

Тегтер: