2 Қыркүйек 14:33

Есік қаласында 900 орындық заманауи жаңа мектеп ашылды

Есік
Фото: Фото: NEGE

1 қыркүйек күні Алматы облысының Есік қаласында 900 оқушыға арналған жаңа әрі заманауи мектеп ашылды. Жобаны «Верный Капитал» АҚ компаниялар тобына кіретін «ForteBank» АҚ-ның қаржылай көмегімен Болат Өтемұратов Қоры жүзеге асырды. Мектептің құрылысы мен жабдықтауына 8,1 млрд теңге жұмсалды.  

Ашылу салтанатына Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетов, «Верный Капитал» бас директоры Айдан Ақанов және «ForteBank» АҚ басқарма төрағасы Бекжан Пірматов қатысты. Қонақтар жаңа мектептің лентасын қиып, ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтады.

Есік
Фото: NEGE

13 мың шаршы метрді алып жатқан мектеп құрылысы 2023 жылы басталған. Қазір бұл оқу орны заманауи талаптардың бәріне сай. Енді 900 оқушы мемлекеттік тілде білім алатын болады. Бұған дейін олар алыс ауылдарда үшінші ауысымда білім алып келген болатын. Жаңа мекеме аймақтағы мектептердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұстаздар, техникалық қызметкерлер және басқалар үшін жаңа жұмыс орындары ашылды.

«Алматы облысы әкімдігі тарапынан халық тығыз орналасқан аймақта жаңа мектеп салуды қолдау туралы өтінім түскен соң, жобаны іске асыру 2023 жылы басталды. Мұнда оқушылар үш ауысымда оқыған, мектепке жету үшін автобустармен шалғай ауылдарға барған. Құрылтайшымыз Болат Өтемұратов бастаманы бірден қолдады. Бұл біздің ерекше жобамыз, өйткені білім саласының әлеуметтік маңызы зор.

Жаңа мектеп салу арқылы біз еліміздің болашағына, оның адам капиталының дамуына өз үлесімізді қостық деп есептеймін», – дейді «ForteBank» АҚ басқарма төрағасы Бекжан Пірматов.

Есік
Фото: NEGE

Жаңа мектепте бастауыш, орта және жоғарғы сыныптар үшін жеке блоктар қарастырылған. Мектеп кең әрі жарық кабинеттермен, рекреациондық аумақпен, оқу-өндірістік шеберханамен, спорт залмен, ақпараттық орталықпен, зертханамен, шығармашылық және коворкинг-кеңістік аумағымен қамтылған. Оқу орнының керек-жарағы толық.

Холлдар, рекреациялар, дәліздер халықтың шағын мобильді топтары үшін қажетті тактильді әрі ақпараттық навигациялық нұсқаулармен жабдықталған. Сондай-ақ мектепте Face ID технологиясы бойынша бақылау және басқару жүйесі орнатылған.

«Есіктегі мектеп – «Верный Капитал» компаниялар тобы іске асырған үшінші жоба. Алғашқы мектеп 11 ай бұрын Ақмола облысының Қосшы ауылында салынған, өткен жылы пайдалануға берілді. Осыдан кейін сондай екі мектепті Есікте және Шелекте салу туралы шешім қабылданды. Алматы облысындағы оқу орындарын біз бір жыл ішінде салып бітірдік және бұл мектептердің әрқайсысы 900 орынға лайықталған. Мектептер қажетті нәрселермен толық қамтылған, заманауи стандарттарға сай. Жаңа мектептердің ашылуы аймақтағы үш ауысыммен оқып жатқан мектептердің жүктемесін жеңілдетеді деп сенеміз», – деді «Верный Капитал» бас директоры Айдан Ақанов.

Мектеп
Фото: NEGE

Мектеп аумағына футбол алаңы, спорттық және ойын алаңдары, сондай-ақ арт-нысандар салынған.

«Біздің ауданымызда осындай мектеп салған меценаттарға Есік халқының, ата-аналар мен балалардың атынан алғыс айтамыз. Бұған дейін менің балаларым Рахат ауылындағы мектепте оқитын. Ол жақсы мектеп, бірақ оқушылар шамадан тыс көп болды, үш ауысыммен оқитын. Мектепте секциялар, кружоктар болған жоқ, оқушылар басқа жаққа баратын. Ол жақтан түнде қайтады, ата-аналар жанын шүберекке түйіп отыратын. Мен – төрт баланың анасымен, екі үлкенім қазір студент. Кіші балаларымды жаңа мектепке бердім, ұлым 8 сыныпқа көшті, ал қызым 1 сыныпқа барды. Қуанышымыз қойынға сыймай тұр, балар жаңа мектепте оқитын болды. Біздің кезімізде мұндай мектеп болған жоқ. Дизайны жарқын кең бөлмелердің талғаммен жасалғаны маған қатты ұнады. Барын салғандары көрініп тұр. Балаларымыз мұнда сапалы білім алатынына сенеміз», – дейді Жадыра Шербаева.

«Бұрын мен Рахат ауылындағы мектепте оқып. 9-сыныпты бітірдім. Жаңа мектеп ашылғанын естіп, ата-анамызбен бірге құжаттар тапсырдық. Мектеп маған өте ұнады. Мұнда бәрі қарастырылған: информатика кабинетінде компьютерлік техникалар, спорт залда керек-жарақтың бәрі бар. Жеке заттарға арналған шкафтар, дәп бір америкалық фильмдегі сияқты. Маған ең ұнағаны – дәліздегі демалыс аумағы, мұнда үзіліс кезінде құрбылармен жақсы уақыт өткізуге болады», – дейді 10-сынып оқушысы Жанна Нүсіпбаева.

Мектеп
Фото: NEGE

Айта кетейік, бұл – «Верный Капитал» компаниялар тобының мемлекет үшін салған үшінші мектебі. Алғашқысы Ақмола облысының Қосшы ауылында салынса, екіншісі Шелек ауылында 1 қыркүйекте пайдалануға берілді.

Тегтер: