«Ештеңе айтпай-ақ қояйын...» – Әділет министрі СТАТИ ісіне қатысты пікір білдіруден бас тартты

ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Швецияның Жоғарғы соты Қазақстан Ұлттық банкін Стати ісі бойынша шағымдану құқығынан айырды. Бұрынғы Әділет министрі Марат БЕКЕТАЕВ осы сотқа ақшаны аямай шашқанын бұған дейін жазғанбыз. Нәтижесінде, Статилер Қазақстаннан барлығын қосқанда 500 миллион доллар талап етсе, Әділет министрлігі онымен соттасамыз деп 300 миллион доллар жаратып жіберген.
Молдавалық бизнесмендер – ағайынды Статилердің ісі не болып жатыр? Мемлекеттің мүмкіндігі қандай? Бұл істің ушығып кетуіне бұрынғы министр Марат Бекетаевтың қаншалықты қатысы бар?
NEGE тілшісі баспасөз мәслихаты барысында Азамат ЕСҚАРАЕВҚА осы сауалдарды қойған болатын.
Әділет министрінің біздің сұрақтарға берер жауабы жоқ екен. «Бұл – тақырыптан тыс сұрақ» деп қашқақтады.
«Бұл – біріншіден, тақырыптан тыс сұрақ. Екіншіден, бұл іске оның (Бекетаевтың – ред.) қатысы бар-жоғын айта алмаймын. Оған құзыретті органдар баға береді», – деді министр.
Ағайынды Статилердің ісіне қатысты да мардымды жауабы болмай шықты.
«Қазіргі таңда бұл мәселе әлі жүріп жатқандықтан, бұл сұраққа қатысты ештеңе айтпай-ақ қояйын. Өйткені, бұл істің тексерілу барысына, қаралу деңгейіне әсерін тигізуі мүмкін», – деді Азамат Есқараев.