«Esentai City» төңірегіндегі дау: Абдығаппарованың адвокаты судьяны істен шеттетуді сұрады
Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотында кәсіпкер Ольга Абдығаппароваға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Ол «өкілеттігін асыра пайдалану», «аса ірі көлемде өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салу» және «аса ірі көлемде қайталанған алаяқтық» баптары бойынша айыпталып отыр.
Алматы, NEGE. Айыпталушы Ольга Абдығаппарованың қорғаушысы, адвокат Мәкіш Есқараев судья Жомарт Мұхамбетжанға қарсылық білдірді.
Адвокаттың айтуынша, басты сот талқылауы кезінде қылмыстық іс жүргізу қағидалары өрескел бұзылған. Оның сөзінше, сот рейдерлік жолмен компания үлесін иемденген тұлғаларды, атап айтқанда Тимур Танашев пен Дастан Әбіжановты, процеске қатысушы тараптың өкілі ретінде таныған. Судья бұл шешімді олардың компанияның 70 пайыз үлесіне иелік ететінімен негіздеген.
«ҚР ҚПК 76-бабының 1-бөліміне сәйкес адвокаттар мен заң бойынша өкілдік құқығы бар тұлғалар ғана өкіл бола алады. Әбіжанов пен Танашев бұл санатқа жатпайды. Сонымен қатар өкілеттік заңды түрде рәсімделген сенімхатпен расталуы керек. Мұндай сенімхат ұсынылмаған және бұл фактіні өкілдердің өздері де растап отыр. Сот өкілдікті заңсыз берді», – деді адвокат.
- Тақырыпқа орай: «Esentai City» құрылысын аяқтауға тосқауыл көп: Кәсіпкердің анасы президенттен араша сұрады
Сонымен қатар адвокат Есқараев іс бойынша жәбірленуші Хайдаровқа аудармашы ұсынылмағанын алға тартты. Жәбірленуші Хайдаров өзінің орыс тілін жетік меңгермегенін, қазақ тілінде сөйлейтінін айтқан.
«Жоғарыда аталған қылмыстық процестің төрт негізгі қағидасының жүйелі бұзылуы соттың айыптаушы тарапқа мүдделі екенін жанама түрде растайды. Осы негіздерге сүйене отырып, сот төрағасынан судья Ж.Мұхамбетжанның О.Абдығаппароваға қатысты қылмыстық істі қарауына қарсылығымды қанағаттандыруды сұраймын», – деді адвокат Мәкіш Есқараев.
Алайда сот қорғау тарапының судьяға қарсылық білдіру туралы өтінішін қанағаттандырмады. Қарсылықты қабылдауға негіз болатын мән-жайлар анықталмаған. Судьяның бұл іске жеке, тікелей немесе жанама түрде мүдделі екенін растайтын ешқандай дәлел табылған жоқ.
Істі одан әрі судья Жомарт Мұхамбетжан қарайды.

Естеріңізге сала кетейік, «AV-Consruction» компаниясының бұрынғы директоры Ольга Абдығаппарова – кәсіпкер Алмас Абдығаппаровтың жұбайы. Алмас Абдығаппаров іргесін қалаған бұл компания 2016 жылдан бастап Әл-Фараби даңғылы бойында элиталық коттедж қалашығын салумен айналыса бастаған. 2022 жылы Абдығаппаров сотталғаннан кейін, сол жылдан бастап 2023 жылдың желтоқсанына дейін компанияны оның жұбайы басқарған.