Есенгүл КӘПҚЫЗЫ: Ұлыбританияда БАСПАСӨЗ КАРТАСЫН мемлекеттік органдар бермейді

Жақында бір топ медиа белсенділері заң жобасының біраз баптарын сынап, журналистердің құқығын шектейтінін мәлімдеген. Тіпті, заң жобасына қатысты президенттің атына үндеу де жолдаған.
NEGE тілшісі жұмыс тобының мүшесі, «Мінбер» қоғамдық қорының жетекшісі Есенгүл КӘПҚЫЗЫН әңгімеге тартқан еді.
– «Масс-медиа туралы» заң жобасының қызу талқыға түсіп жатқан тұсы туралы айтып бересіз бе?
– «Масс медиа туралы» заң жобасын журналистік қауымдастық біраздан бері талқылап келеді. Біз заң жобасындағы пресс картаға қатысты ойымызды айттық. Әрине, бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе.
Өзім Ұлыбританияда Ньюкасл университетінің Халықаралық және мультимедиялық журналистика мамандығы бойынша оқып келдім. Біздегі талқылаудан кейін осы университеттің аға оқытушысы Дэвид БАЙНЗДАН Ұлыбританиядағы пресс карталар туралы жан-жақты сұрадым. Оның айтуынша, пресс картаны Ұлттық журналистер одағы береді екен. Яғни, пресс карта беретін бұл мекеме толығымен Ұлыбританияның ірі медиа ұйымдарына, салалық қауымдастықтарға, кәсіподақтарға және кәсіби қауымдастықтарға тиесілі және ұжымдық түрде бақыланады.
Жалпы, Ұлыбританияда бұл картаны берумен 19 мекеме айналысады. Ұлттық журналистер одағы – солардың бірі және ең ірісі, сондай-ақ, бұл мекеме Ұлыбританиядағы пресс картаның жартысынан көбін береді.
Тағы бір мән бергенім – пресс карта тегін беріледі және оның иелері кәсіби журналистер – репортерлер, фотографтар, видеокамера операторлары, өзге де ақпарат жинаумен айналысатын техникалық қызметкерлер. 19 баспасөз ұйымынан өзге де, медиа ұйымдар өз пресс карталарын бере алады. Алайда, ол куәліктерді мемлекеттік және полиция ұйымдары менсіне бермейтін көрінеді.
Коллаж: NEGE
– Баспасөз картасы біздегі заң жобасында айтылғандай жыл сайын жаңарып тұра ма, әлде қалай?
– Карта әрбір екі жыл сайын жаңарып тұрады екен. Ол үшін арнайы форманы толтырып, әлі де журналист екенін растайды. Ұлттық журналистер одағында журналист туралы ақпарат бұған дейін бар болғандықтан, мәліметті тексеру қиын емес. Сөйтіп мекеме картаны жаңалайтын немесе дайындайтын орталыққа журналистке карта дайындау туралы нұсқау береді. Бұл картада журналистер одағының логотипі болады. Яғни, бұл лого журналистің осы ұйымның мүшесі екенін айғақтайды. Ал егер сіз осы одақтың мүшесі болмасаңыз, бірақ салалық қауымдастықтың мүшесі ретінде танылған қандай да бір газеттің әлде басқа да ақпарат құралының қызметкері болсаңыз, онда олар да өз картасын бере алады.
– Жалпы, Ұлыбританияда баспасөз картасының қандай кезде пайдасы тиеді?
– Пресс карта барлық полиция мекемелері мен мемлекеттік орындарда мойындалады. Мәселен, журналист сот немесе Кеңес мүшелерінің жиынына бара қалса, көппен бірге емес, баспасөзге арналған арнайы бөлмеде отырады. Көп жағдайда журналист бұл картаны жеке куәлік ретінде пайдалана береді. Егер басқа қалаға бара қалсаң, аяқ астынан полиция төлқұжат сұраса, пресс картаны көрсетіп жүре береді. Мекен жайың мен полицияның қолындағы мәлімет сәйкес келсе, кедергі жоқ.
Сондай-ақ, халықаралық аренада жұмыс істейтін журналистер Халықаралық журналистер федерациясының халықаралық пресс картасын ала алады. Халықаралық Журналистер Федерациясының жекелеген мүшелері жоқ – оның құрамы әр елдегі журналистер одағынан, мәселен Ұлыбританиядағы ұлттық журналистер одағынан құралады.
Халықаралық картаға ие болғыңыз келсе, әркім өз еліндегі журналистер одағы арқылы өтініш бере алады. Егер одақ сенің адал журналист екендігіңе кепілдік берсе, Халықаралық Журналистер Федерациясының да куәлігін ала аласың. Сонымен қатар, қолында баспасөз куәлігі бар журналистер кейбір ірі музейлерге, өзге де ақылы орындарға тегін кіре алады.
Фото: ғаламтордан
– Бұл картаның басты артықшылығы неде?
– Бұл картаның артықшылығы – үкімет кімнің журналист болып жұмыс істейтінін, кімнің істемейтінін шеше алмайды. Аға оқытушы Дэвид Байнздың пікірінше, Ұлыбритания билігі тым жемқор әрі әділ емес. Сол себепті үкімет мүшелерінің қолына баспасөз картасын беретіндей билік беретін болсақ, олар өздерін сынайтын журналистердің аузын жабу үшін қолындағы билігін пайдаланып, куәлігін тартып алуы мүмкін екенін айтады. Сол себепті бұл картаны мемлекеттік ұйымдардың беруіне жол бермеу керектігін де тілге тиек еткен. Яғни, үкіметтің рөлі – тек қана барлық мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың Ұлттық журналистер одағы берген пресс картаны мойындауына кепілдік беруі.
Дэвид Байнздың: «Кейде мемлекеттік органдар немесе полиция мекемелері пресс картаны мойындамай жатса, ондай жағдайда бұндай ұйымдар жауапқа тартылуы тиіс. Мәселен, жақында наразылық шеруінен ақпарат таратып жүрген журналистер қамауға алынды. Олардың қолында баспасөз куәлігі болғанына қарамастан, полиция оларды ұстап әкеткен. Бұл бүкіл елді дүрліктірген жаңалық болды. Полицияның басшылары кешірім сұрап, қоластындағы шенеуніктерге ескерту берді», – деген пікірінен көп жайтты аңғаруға болады.