Ерұлан Жамаубаев, Қаржы министрі: ERG-дің мемлекетке төлеген дивиденді арнайы шотта жатыр

Вице-премьер – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың атына NEGE порталы бірнеше мәрте ресми сауал жолдаған. Сауалдарымыздың көпшілігіне нақты жауап берілмеді. Бүгін Сенатта Е.Жамаубаев тілшімізге «ұсталып» қалды.
– 2017 жылдан бері Eurasian Resources Group (ERG) неге Қазақстанға дивиденд төлемеген? Яғни, 5 жылдың көлемінде мемлекет әлі өзіне тиісті қаржыны ала алмай отыр. Неге Қаржы министрлігі біздің редакция жіберген сауалдарымызға жауап бермей отыр?
– Ресми түрде Қаржы министрлігі жауап береді. Бүгін-ертең.
– Жоқ, өз аузыңызбен айтыңызшы. Қанша айдан бері өзіңізден жауап ала алмай отырмыз.
– Мүмкін емес. Бізде осы сұрақпен айналысатын комитет бар. Сол комитеттің басшысына тапсырайын. Сізге ақпаратты берсін.
– Ал сізге белгілі ақпарат қандай?
– Дегенмен де ERG компаниясы жылдан-жылға Қазақстан Республикасына дивидендтер төлеп отыр. Бірақ белгілі бір сот процестеріне байланысты ол арнайы шотқа салынған.
А.Машкевич. Фото: ғаламтордан
– 2017 жылдан бері төлеп отыр ма?
– Иә, төлеп отыр.
– «Бұл қаражаттар Қазақстан даму банкінің қорында жатыр» деген ақпарат рас па? Редакция сұрағына банк өкілі «құпиялық шарты бойынша біз ешқандай жауап бермейміз» деді.
– Бұл жерде конфиденциалдық мәселелер бар. Дегенмен де мен сізге Қаржы министрі ретінде жауапты түрде мәлімдеме жасап отырмын. 2017 жылдан бері ERG тобы мемлекетке арнайы, біздің 40 пайыз үлес бойынша дивиденттер төлеп отыр. Алайда арнайы сот процестері жүріп жатқандықтан, соттың шешімімен ол ақпаратты толығымен таратуға әзірге болмайды. Ол бюджетте болмаса да, арнайы шотта орналасқан.
– Нақты қай шотта орналасқан?
– Арнайы эскроу шотта. Ол қаражат ешқайда кеткен жоқ. Сот процесі аяқталғаннан кейін толығымен республикалық бюджетке келіп түседі.
– «2017 жылдан бері дивиденд төленбеді» деген жалған ақпарат па?
– Ол – жалған ақпарат. Мен сізге Қаржы министрі ретінде тағы да айтамын, ол ақпараттың бәріне сенуге болмайды. Өйткені оны әртүрлі саяси мүдделері бар адамдар таратып отырған шығар. Бірақ ERG тобы 2017-ден бері өзінің дивиденттерін төлеп келе жатыр.