Референдум Референдум
11 Наурыз 18:16
...

«Ертең мың адам тағы барады»: Депутат шетелде соғысқан қазақстандықтарға жазаны жеңілдетуге қарсы

мұрат әбен
Фото: facebook.com/QazaqstanHalqyna

Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысқан қазақстандықтарға жазаны жеңілдету ұсынысы Мәжіліс депутаттарының арасында қызу пікірталас туғызды. Бірі мұндай бастамаға түбегейлі қарсы екенін айтса, енді бірі мәселені заң аясында саралап қарау қажет деп санайды.

Референдум

Астана, NEGE. Өткен аптада Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқан қазақстандықтарды ұзақ мерзімге түрмеге жабудың орнына, оларға шартты жаза немесе бас бостандығын шектеу сияқты жеңіл жаза қолдану мүмкіндігін қарастыруды ұсынған еді.

Алайда бұл ұсыныс Мәжілісте біржақты қолдау таппаған сыңайлы. Депутат Мұрат Әбен мұндай бастамаға түбегейлі қарсы екенін білдірді. Ол әріптесінің бастамасын Конституцияға қайшы деп есептейді.

«Мен Қазақстан азаматы бола тұра шетелге барып, басқа мемлекеттің соғысына қатысқан адамдарға кешіріммен қарауға қарсымын. Конституцияда соғысты насихаттауға және шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысуға болмайтыны нақты жазылған. Бұл – қылмыс. Олар қандай оймен барғанын білмеймін. Егер біз мұндай адамдарды кешіре бастасақ, ертең жастарды тоқтата алмай қаламыз. Сондықтан бұл мәселеге өте мұқият қарау керек. Мұнымен ойнауға болмайды», – дейді депутат.

Оның айтуынша, бастама жүзеге асып, шетелде соғысқан азаматтарға жазаны жеңілдетсе, ертең мыңдаған адам Сирияға не Иранға соғысуға аттанады. Қару ұстап үйренген адамдар Қазақстанның қауіпсіздігіне де қатер төндіру мүмкін. 

«Егер бүгін «біреудің соғысына қатысуға болады» дегендей шешім қабылданса, мұны ұсынып отырған депутаттар оның салдарын ойлауы тиіс. Ертең адамдар түрлі елдердің соғысына барып, кейін «алдап апарды», «мәжбүрледі» деп ақталуы мүмкін. Біз бұларды кешіріп бастасақ, онда ертең жастарымызды ұстай алмай қаламыз. Оны қатты байқау керек. 

 Қолына қару ұстаған адам ертең бір күні «Қаңтардың көкесін» көрсетеді. Соғысқа барған адамды түрмеге қамау керек, аямау керек», – деді депутат.

Ал Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бұл мәселеге салмақты әрі заң аясында қарау қажет екенін айтты.

«Бұл енді менің әріптесімнің пікірі. Мен оны дұрыс-бұрыс деп айта алмаймын. Бірақ менің өз пікірім: заң аясында шешу керек», – деді Бапи.

Депутаттың айтуынша, мұндай мәселені қарастыру кезінде геосаяси жағдайды да ескеру қажет. Оның айтуынша, үшінші елдермен қарым-қатынасқа нұқсан келтірмейтін, заң аясында реттелетін салмақты шешім қабылдау қажет. 

Референдум