Игорь Лепеха ішкі істер вице-министрі қызметінен кетті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Игорь Лепеханы ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатты. Ол бұл лауазымды төрт жылдан астам уақыт атқарды.
Астана, NEGE. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысының өкімімен Игорь Владимирович Лепеха Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары лауазымынан босатылды», – делінген хабарламада.
Кадрлық шешімнің себебі айтылған жоқ. Оның орнына кім тағайындалатыны әзірге белгісіз.
Полиция саласында 40 жылға жуық қызмет етті
Игорь Лепеха 1962 жылғы 20 қарашада Қарағанды облысында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1986 жылы бастады. Әр жылдары Қарағанды облысы полициясында және Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратында басшылық қызметтер атқарды.
2009–2019 жылдары Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, кейін комитет төрағасы болды. Одан соң ІІМ Штаб-департаментін және министрлік аппаратын басқарды.
2022 жылғы 6 қазанда ішкі істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметте әкімшілік полиция, көші-қон қызметі және күзет қызметі бағыттарына жетекшілік етті.
Айта кетейік, бұған дейін Лепеха Қазақстанда жергілікті полиция құрамына 20 мыңнан астам қызметкер жетіспейтінін айтқан еді.
Оның айтуынша, әсіресе патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар жетіспейді. Тек патрульдік полицияның өзіне кемінде 10 мың қызметкер қажет.