USD
USD
USD

Ермұрат Бәпи: «Мені сатқын деуге ешкімнің хақысы жоқ»

Жақында Президенттің жарлығымен Қазақстан Халық кеңесінің құрамы бекітілді. Осыған орай NEGE редакциясы Decaf. подкастына жаңа консультативтік органның мүшесі, бұрынғы депутат, саясаткер Ермұрат Бәпиді шақырып, сұхбаттасты. 

Decaf
Фото: NEGE

Астана, NEGE. Кезінде билікті ашық сынап, оппозициялық бағытта жұмыс істеген Ермұрат Бәпидің саяси ұстанымы неге өзгерді? Ол неліктен ешбір партияға қосылмай, Құрылтай депутаты болудан бас тартты? Бұрынғы саяси серіктерінің алдында өзін кінәлі сезіне ме? Саясаткер осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.

– Ермұрат мырза, есіміңізді Халық кеңесінің мүшелері арасынан көрдік. Құтты болсын! Алдағы жоспарыңыз қандай? Халық кеңесінде немен айналыспақсыз? Жалпы, бұл органның жұмысы сізге қаншалықты қызықты?

– Халық кеңесі – Президенттің жарлығымен құрылған жаңа институт. Бұл – конституциялық деңгейде мемлекеттік саясатты жүзеге асыру барысында қоғам мен билік арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға бағытталған, жалпыұлттық диалог алаңы ретінде жұмыс істейтін консультативтік орган. Меніңше, оның жұмысы қызық болады.

Ал «не істейсіз?» деген сұраққа келсек, әзірге «мынаны қиратып тастайын, ананы жойып тастайын» деген ой жоқ. Өйткені бұл – шешімдері ұжымдық түрде, ортақ келісім негізінде қабылданатын ұйым.

Жұмысымызды енді ғана бастап жатырмыз. Әзірге регламентіміз де толық бекітілген жоқ. Қазір жұмыс тәртібіне қатысты мәселелер шешіліп, ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылымымыз да біртіндеп қалыптасып келеді.

Сондықтан әзірге жұмыстың басы ғана. Кеше алғашқы комитет отырысын өткіздік. Мен азаматтық-қоғамдық мәселелер жөніндегі комитеттің мүшесімін. Комитет төрағасы – Мәжілісте депутат болған, өзім жақсы танитын әріптесім Мұрат Әбенов. Алғашқы отырыста комитеттің алдағы жұмыс жоспарын әзірлеп, бекіттік. 

Decaf
NEGE

– Ермұрат аға, сіз жаңадан құрылған бір палаталы парламентке, яғни Құрылтайға неге бармадыңыз? Неліктен басқа партиялардың ұсынысын қабылдамадыңыз? Бұған дейін «Ақ жол» партиясының ұсыныс жасағанын айтқан едіңіз. Оның үстіне, конституциялық реформаларға қатысты пікір білдіріп, Президенттің бастамаларын қолдадыңыз. Сондықтан белгілі бір партияға қосылып, депутаттық қызметіңізді жалғастырасыз деп ойлаған едік. Бірақ олай болмады. Себебі неде?

– Оның себебі мынада. Біріншіден, мен ешқашан ешбір партияның мүшесі болған емеспін. Әрине, ұсыныстар түсті. Бірақ сол партиялардың біріне кіріп, тек парламентке өту үшін олардың мүмкіндігін пайдалануды дұрыс деп санамадым.

Өйткені әр партияның өз мақсаты, парламентке өтуге үміттеніп жүрген мүшелері бар. Мен солардың біріне тиесілі болуы мүмкін мандатты иеленіп кетсем, қаншалықты дұрыс болар еді? Қазір партиялардың парламенттегі орын саны да шектеулі. «Әділет» партиясын қосқанда да, ешбір партия оннан артық мандат алған жоқ. Сондықтан біраз ойланып, ешбір партияға кірмеуді жөн көрдім.

Оның үстіне, Мәжілістегі бірқатар әріптесім де ешбір партияға барған жоқ. Мысалы, AMANAT партиясының мүшесі болған Еділ Жаңбыршин мен Ринат Зайытов сайлауға түсуге өздері бастамашы болған жоқ. Бақытжан Базарбек те басқа партияға ауысып, сайлауға қатысқан жоқ. Бірқатар әріптесіміз Құрылтайға бармады. Бұл азаматтардың Құрылтай құрамына кірмеуіне саяси кедергілерден гөрі өздерінің азаматтық таңдауы көбірек әсер етті деген ойдамын. 

– Демек, Құрылтайға сайлауға түспегеніңізге өкінбейсіз ғой?

– Құрылтайға бару әр азамат үшін міндетті емес. Мысалы, қазір Халық кеңесінің де өз мінбері бар. Егер сен елдің мәселесін азамат ретінде көтеріп, өз ұстанымыңды ашық білдіре алсаң, сенімен билік те, қоғам да, жекелеген азаматтар мен саясаткерлер де санасады.

Ең бастысы – азаматтық ұстанымыңа адал болып, елдің болашағына қызмет етуге шын ниетіңнің болуы. Егер өз ерік-жігерің мен қабілетіңді қоғамға да, мемлекеттік билікке де көрсете білсең, міндетті түрде депутаттық мандат алып, мінберге шығудың қажеті жоқ. Қоғамға белгілі тұлға ретінде танылып, өз орныңды табуға болады деп ойлаймын. Мен қазір осындай азаматтық миссиямды орындауға талпынып жүрген адаммын.

– Мәжілісте үш жылдай жұмыс істедіңіз. Осы уақыт ішінде бірмандатты округтен сайланған депутат ретінде ешбір фракцияға кірмей, дербес жұмыс істедіңіз. Бұл қиын болған жоқ па?

– Негізі, бірмандатты округтен сайланған депутат болудың өзіндік артықшылықтары да болды. Қоғамға көпшілік біле бермейтін шындықтарды көрсетуге мүмкіндік туды. Бірақ, менің ойымша, кейбір жағдайларда бірмандатты депутаттар мен қоғамды бір-біріне қарсы қоюға тырысты.

Қоғам кейде басына қиындық түскенде бірмандатты депутаттардан көмек күтті. Бірақ кейбір азаматтар тіпті «сатқын» деп айыптаған кездер де болды. Түрлі негізсіз кінә тағылып, сынға ұшыраған жағдайлар кездесті.

Мен мұны қоғамдық санамыздағы кемшіліктердің бірі деп айтар едім. Егер сегізінші шақырылымда бірмандатты округтерден сайланған 29 депутат пен қоғам арасында бірлік пен келісім орнап, сол тұтастықты сақтай алсақ, бәлкім, Конституцияға өзгерістер енгізілген кезде бірмандатты депутаттарға бөлінетін орын санын қысқартудың орнына, керісінше, 50 мандатқа дейін көбейту мәселесі қарастырылар ма еді.

Бастапқы мақсат қандай болды? Тәуелсіз депутаттар мен қоғам арасындағы ынтымақтастықты күшейту арқылы халықты билікке, мемлекеттік істерге және басқару жүйесіне жақындату еді. Қоғамды осы мақсатқа жұмылдыру көзделді. Бірақ бұл мақсат толық орындалмады деп ойлаймын.

Себебі қоғам мен тәуелсіз депутаттардың арасында, әсіресе әлеуметтік желідегі белсенділер мен қоғамдық топтар арасында өзара түсіністік пен бірлік қалыптаспады. Мұның табиғи себептері де болуы мүмкін. Сонымен қатар белгілі бір күштердің араласуы, қоғамда алауыздық туғызуға мүдделі топтардың ықпалы да болған шығар. Саяси күштердің араласуымен арандатушылық әрекеттер жасалғанын да жоққа шығармаймын.

Decaf
NEGE

– Сонда тәуелсіз депутаттар өзара біріккен жоқ па?

– Жоқ, тәуелсіз депутаттар парламент ішінде біріге білді. Көптеген мәселені бірге талқыладық, кейбір мәселелер бойынша ортақ ұстаным қалыптастырдық. Мен айтып отырған мәселе – қоғам мен тәуелсіз депутаттар арасында бірліктің болмауы.

Егер қоғам тәуелсіз депутаттарды өз қатарына тартып, қолдау көрсеткенде немесе депутаттар қоғаммен байланысын нығайта алғанда, жағдай басқаша болар ма еді?! Депутаттар тарапынан мұндай талпыныстар болды.

Естеріңізде болса, Мәжілістің алғашқы сессиясынан кейін көп ұзамай Астанада Жаңаөзеннен келген мұнайшылардың үлкен ереуілі өтті. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының алдына 300-ге жуық, бәлкім, одан да көп адам жиналды. Олардың талаптарын тыңдауға алғашқылардың бірі болып тәуелсіз депутаттар барды. Соның бірі – мен. 

Біз мұнайшылардың талаптарын тыңдап қана қоймай, кейін парламентте де көтердік. Жаңа Мәжіліс жұмысын енді бастап жатқанда, елде осындай үлкен әлеуметтік мәселе туындаса, оны шешу қажет екенін айттық.

Бірақ қоғам мұндай азаматтық бастаманы қолдап әкетуі керек еді. Бұл жерде мен жеке азаматтарды ғана емес, қоғамдық ұйымдарды, әлеуметтік желідегі белсенділерді, танымал тұлғалар мен саясаткерлерді де айтып отырмын.

Егер сол кезде олар тәуелсіз депутаттардың бастамасын қолдап, бірлесе әрекет еткенде, мұнайшылардың мәселесі тезірек шешілер ме еді? Мұнайшылар ереуілді он күнге созатынын айтқан болатын. Ақырында, бұл жағдай ұзаққа созылды.

Дегенмен бұған тек депутаттарды немесе қоғамды кінәлауға болмайды. Қазір біздің санамыз, қоғамдық мәдениетіміз, дүниетанымымыз бен саяси түсінігіміз өзгеріп жатыр. Біз бұл кезеңнен әлі толық өткен жоқпыз.

– Мүмкін, жалпы қоғамда саяси мәдениет әлі толық қалыптаспаған шығар?

– Әрине, мұны біржақты бағалауға болмайды. Қоғамда саяси өресі жоғары, танымал азаматтар бар. Бірақ жалпы алғанда, халықтың саяси сауаты әлі де төмен деп ойлаймын.

Отыз жылға созылған жеке-дара билік тұсында көптеген қоғамдық бастама тұншықтырылды. Қоғамдық белсенділік шектеліп, әлеуметтік топтар бір-бірінен алшақтай түсті. Соның салдарынан қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қозғалыстар да бөлшектенді.

Мысалы, соңғы деректерге сүйенсек, «Желтоқсан» қозғалысының өзі 21 ұйымға бөлініп кеткен. Ал 2019 жылғы сайлаудан кейін пайда болған тәуелсіз бақылаушылар қозғалысы қазір алты бөлек ұйымға айналған.

Мұның бәріне сол ұйымдардың мүшелерін ғана кінәлауға болмайды. Біріншіден, бұған саяси технологиялардың ықпалы бар. Екіншіден, мұндай ықпалға қарсы тұру үшін азаматтардың саяси сауаты мен тәжірибесі де маңызды.

Бұған қоса, билік балама саяси күштердің бөлшектенуіне мүдделі болуы мүмкін деп ойлаймын. Өйткені билік өзіне қарсы күштердің нығаюына жағдай жасауға міндетті емес. Ал оппозициялық топтар, керісінше, билікке ықпал етуге немесе оның орнын басуға ұмтылады. Сондықтан олардың арасында саяси күрес жүреді. Билік те өзіне қарсы күштердің күшеюіне жол бермеу үшін түрлі саяси тәсілдерді қолдануы мүмкін.

Осылайша, соңғы 20–25 жылда Қазақстандағы саяси күштердің бөлшектенуі айқын байқалды. Өйткені қоғамды бірнеше топқа бөліп, әрқайсысын жеке-жеке басқару әлдеқайда оңай. Сондықтан біз соңғы 20–30 жылда қалыптасқан осы саяси бытыраңқылықтың себептерін түсініп, жан-жақты талдауымыз керек.

Мәжіліс депутаты
parlament.kz

– Депутаттық сауалдарыңызды көріп, естіп жүрдік. Кейбір сауалдарыңызда көтерген мәселелеріңізге, батыл айтқан пікірлеріңізге таңғалатынбыз. Жалпы, депутаттық сауал жолдаудың парламентте белгілі бір тәртібі бар ғой. Сауалдар алдын ала дайындалып, кейде іріктеуден, комитеттердің қарауынан өтетінін білеміз. Сізге сауалдарыңызды жолдау қаншалықты қиын болды? Қандай кедергілерге тап болдыңыз?

– Негізі, депутаттық сауал жолдаған сайын біреумен тартысып жүрдім деп айта алмаймын. Өз пайымдауымша, қоғамға қажет мәселелерді көтердім. Яғни, қазіргі өтпелі кезеңде елдің, мемлекеттің, қоғам мен биліктің ортақ мүддесіне сай келетін тақырыптарды таңдауға тырыстым.

Мысалы, шетелге заңсыз шығарылған, талан-таражға түскен активтерді қайтару мәселесін көтердік. Діни экстремизм мен діни алауыздыққа да назар аудардық. Бұрынғы билік тұсында зардап шегіп, бизнесінен айырылған азаматтардың мәселесін де қозғадық. Мұның бәрі Әділетті Қазақстан құруға ұмтылып отырған мемлекетке де, мемлекеттік саясатқа да, қоғамға да қажет тақырыптар болды.

Қоғамда шешімін күткен, әлі де жазылмаған жарадай болып тұрған мәселелер бар. Бірақ өтпелі кезеңде, көрші елдерде соғыс жүріп жатқанда, оның бәрін бірден ақтарып тастайтын уақыт емес. Кейбір мәселелерді уақытша кейінге қалдыруға болады.

Мысалы, қазір тілге қатысты көптеген мәселе көтеріліп жүр. Әрине, тіл мәселесі – менің де жаныма жақын, жүрегімді ауыртатын тақырып. Бірақ оны саяси текетіреске айналдырып жібермеуіміз керек. Өйткені тіл мәселесін сыртқы күштер өздерінің саяси мүддесіне пайдалануы мүмкін. Қазақта «Басқа пәле – тілден» деген сөз бар ғой. Сондықтан мұндай тақырыптарды қозғағанда да байыппен әрекет етуіміз керек.

Сондықтан әр мәселенің өз уақыты бар. Бәрін дәл қазір шешуге асықпауымыз керек. Мұндай шешімдерді азаматтық сана мен өзара түсіністікке сүйеніп, қолайлы сәтте қабылдаған жөн.

– Ермұрат аға, Мәжілісте жұмыс істеген кезіңізде билік өкілдері немесе басқа адамдар сізге «бұл тақырыпты қозғамаңыз», «осы мәселені көтермеңіз» деген кездер болды ма?

– Тікелей «қой» деп айтқан ешкім болған жоқ. Менің саяси күресте жинаған тәжірибем бар, бұрыннан оппозициялық бағытта жұмыс істедім. Сондықтан жүйеден ауытқып кетпеу жөніндегі ескертулерге аса мұқтаж болған жоқпын.

Дегенмен «әзірге тоқтата тұрған жөн» деген ойға келген бір тақырыбым болды. Ол – люстрация мәселесі. Осы тақырып бойынша депутаттық сауал дайындап, мәтінін парламент бюросының қарауынан өткізу кезінде белгілі бір кідіріс болды. Маған бұл мәселені көтеруге әлі ертерек екенін, біраз күте тұруға болатынын аңғартты.

Қазір қарап отырсам, люстрацияға қатысты кейбір үдерістер біртіндеп, жұмсақ түрде жүзеге асып жатқан сияқты. Саяси элита жаңарып жатыр. Құрылтай құрамына «Ескі Қазақстан» кезеңінде билікке жақын болған кейбір азаматтар өткенімен, жалпы жаңа қоғам өкілдерінің қатары көбейіп келеді.

Мұны Президент Тоқаевтың ескі жүйені біртіндеп өзгертуге бағытталған жұмсақ саясатының нәтижесі деп қарастыруға болады. Бұрынғы жүйенің өкілдері саяси алаңнан бірте-бірте шеттеп, жаңа саяси орта қалыптасып келеді.

Дегенмен жоғарыда атап өткен жас депутаттар мен тәуелсіз саясаткерлердің кейбірі Құрылтай құрамына кіргенде, оның әлеуеті әлдеқайда жоғары болар еді деп ойлаймын. Бірақ олардың өз таңдауы болды.

– Сіз люстрацияның қажеттілігі туралы айттыңыз. Сонда, сіздің ойыңызша, «Ескі Қазақстанның» кейбір өкілдері әлі де жауапқа тартылуы керек пе? Олар кімдер?

– Олардың кім екенін нақты атап, тізіп шығу оңай емес. Жалпы, «Ескі Қазақстан» дегенде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегінде болған, сол кезеңде жоғары саяси билікте қызмет атқарған адамдарды айтып отырмыз. Дегенмен олардың арасында елге адал қызмет еткен азаматтар да болды. Бірақ олар жеке-дара билік жүйесінде сол ортада жүруге мәжбүр болды. Сондықтан бәрін бірдей сызып тастауға болмайды.

Әрине, сол кезеңде жемқорлық пен парақорлыққа ықпал еткен, Қазақстанның байлығы мен қазынасындағы қаражатты офшорларға, шетелге шығаруға қатысы бар тұлғалар болды. Бірақ олардың бәрінің кінәсі нақты дәлелденбегендіктен, біз қазір тек жорамал жасай аламыз. Менің қолымда олардың кінәсін растайтын нақты он дәлел жоқ. Дегенмен кімдердің қандай қатысы бар екенін өзім білемін.

Кейбір азаматтар активтерін өз еркімен қайтарды. Мысалы, Қайрат Боранбаев та белгілі бір уақыт түрмеде отырды. Бәлкім, тиісті органдар оған қысым көрсеткеннен кейін активтерін қайтаруға келіскен шығар. Осындай мәселелерді шешуде батыл қадамдар қажет екенін бейресми әңгімелерде де айттым. Мүмкін, сол кезде адамдармен келіссөз жүргізіп, оларға қысым көрсету арқылы активтерді қайтару ісін жеделдетуге болар еді.

Қазір шетелге шығарылған активтерді инвестиция түрінде елге қайтару саясаты жүргізіліп жатыр. Мұның да жамандығы жоқ. Ең бастысы – шетелге кеткен қаражат елге қайтып, өндіріс орындары ашылсын, жаңа жұмыс орындары құрылсын, экономикамыз бен өнеркәсібіміздің дамуына үлес қосылсын.

Қаражатты тікелей қайтара ма, әлде қорлар мен компаниялар арқылы әкеле ме – біз үшін аса маңызды емес. Ең бастысы, инвестиция мен қаражат елге қайтуы керек.

Назарбаев
primeminister.kz

– Назарбаевтың өзі де активтерді қайтару керек деп есептейсіз бе?

– Назарбаевтың активтеріне қатысты ақпарат құралдарында түрлі цифрлар айтылады. Мәселен, «200 миллиард долларға дейін» деген мәлімет бар. Бірақ оны нақты санап, дәлелдеген ешкім жоқ. Назарбаевтың өз атына тіркелген активтері немесе есепшоттары жоқ деуге болады. Қаражат оның айналасындағы адамдар арқылы, түрлі схемалармен шығарылған болуы мүмкін. Сондықтан сол активтердің арасынан Назарбаевтың өзіне тиесілісін анықтау оңай емес.

– Қазір Назарбаевқа баға беретін уақыт келді ме, әлде әлі де біраз уақыт керек пе?

– Назарбаев туралы тақырып мені де шаршатты. Менің оның жеке басына қатысты нақты айтарым жоқ. Бірақ ол елді 30 жылға жуық басқарды ғой. Сол кезең мен бүгінгі жағдайды салыстырып көрейікші. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстанның қазіргі жағдайына қараңыз. Соңғы төрт-бес жылда ғана елімізде жолдар салынып, құрылыс қарқын алды. Халықтың әлеуметтік жағдайында да белгілі бір өзгерістер байқалып жатыр.

Ал оған дейінгі мәселелердің бәрі ұмытылған жоқ. Бір мысал келтірейін. Майқапшағай – Омбы – Өскемен бағытындағы жолдың құрылысы 2006–2008 жылдары басталғанымен, 2022 жылға дейін аяқталмады. Неге? Өйткені сол жолға бөлінген қаражаттың бір бөлігі Қытайдан келген. Бірақ бұл ақшаның жымқырылу фактілері болды. Оған кімдер қатысты? Осыған байланысты Назарбаевтың туыстары мен айналасындағы адамдарға тиесілі компаниялардың аттары аталады.

Халықтың қазынасын талан-таражға салу, ұрлау, тонау сияқты әрекеттер сол кезеңде болды. Назарбаевты сынайтыным да – осы. Мұны қоғам алдында ашық айтамын.

Ал Назарбаевтың өзіне қатысты заңдық шаралар қолдануға бола ма деген мәселеге келсек, оның тәртібі Конституция мен заңдарда көрсетілген. Экс-президентке қатысты нормаларды да ескеру қажет. Мен айтып отырған люстрация туралы заң – саяси шешім. Оны бір адамның қалауымен қабылдай салуға болмайды. Бұл – ауқымды мәселе, қоғамда үлкен талқылау тудыруы мүмкін.

Бұдан бөлек, Назарбаевтың айналасында әлі де қомақты қаржысы бар адамдар болуы ықтимал. Кезінде Қаңтар оқиғасына түрткі болған газ бағасының өсуі мәселесі қайдан шықты? Менің ойымша, бұл тек халықтың наразылығымен шектелмейтін, белгілі бір саяси технологиялар да араласқан жағдай болды. Осы сияқты түрлі тәуекелдер болуы мүмкін.

Сондықтан дәл қазір, соңғы үш-төрт жылда еліміздің сыртында түрлі қауіп-қатер туындап жатқан кезде, өз қолымызбен ел ішінде толқу туғызуға немесе тұрақсыздыққа жол беруге болмайды. Мұндай мәселелерде өте сақ болғанымыз жөн. Шешім қабылдағанда қазіргі жағдайды да ескеруіміз керек.

– Ермұрат аға, Мәжіліс депутаты болған кезде қорғаныс саласына қатысты заң жобаларын әзірлеуге атсалысып, бірқатар өзгерістің авторы болдыңыз. Соңғы оқиғаларды ескерсек, Қазақстан армиясына қаншалықты ауқымды реформа қажет деп ойлайсыз?

– Бұл – менің жанымды ауыртатын тақырып. Елге соғыс қаупі төніп тұрған кезде армияның, Қарулы күштердің дайындығы өте маңызды. Бұл мәселеге мен ғана емес, сол кездегі Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитетіміз де белсенді араласты. Елдің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін күшейтуге бағытталған бірнеше заң қабылданды.

Соның бірін өзім жүргіздім. Ол – резервтік әскер туралы заң. Оның мақсаты – елге қауіп төнген жағдайда әскерді жедел жұмылдыру мүмкіндігін арттыру.

Мысалы, Таяу Шығыста қақтығыс болған кезде Израиль бір-екі күннің ішінде жарты миллионға дейін адамды әскерге жұмылдыра алды. Бұл – заңмен бекітілген жүйенің нәтижесі. Біз де осындай мүмкіндік беретін бірнеше заң қабылдадық. Аумақтық қорғаныс пен резервтегі әскерге қатысты мәселелерге ерекше көңіл бөлдік. Мұның бәріне азаматтық жауапкершілікпен қарадық.

Ал соңғы оқиғаға келсек, бейбіт күнде 14 азаматтың қаза табуы – өте қайғылы жағдай. Меніңше, бұл оқиға армияда бұрыннан қордаланған күрделі мәселелердің бетін ашты. Әскерде реформа жүргізу қажеттігін бұған дейін де айтқанбыз. Қазір Президенттің өзі тиісті тапсырма берді, тексеру жүргізіліп жатыр. 

Алайда реформа бір-екі күнде жүзеге аспайды. Оған уақыт пен күш қажет. Құрылымдық өзгерістер де керек болуы мүмкін. Бұл үдеріс басталды деп ойлаймын. Қауіпсіздік кеңесінің құрылуы да соның бір көрінісі.

Тек Қорғаныс министрлігінде ғана емес, жалпы қорғаныс саласында, Ұлттық ұлан мен басқа да күштік құрылымдарда реформа жүргізілуі керек. Оның нақты жолдарын мамандар анықтайды. Мәселен, келісімшарт негізінде қызмет ететін әскерді дамыту қажет пе, әлде басқа жүйелерді енгізген дұрыс па? Осының бәрін жан-жақты талқылау керек.

Мұның бәрі айналып келгенде бюджетке тіреледі. Әскер ұстау өте қымбат. Миллиондық армияны қамтамасыз ету тіпті ірі мемлекеттердің өзіне оңай емес. Сондықтан қауіп төнген жағдайда әскерді де, халықты да жедел жұмылдыруға мүмкіндік беретін заңдар қажет. Алдағы уақытта осындай өзгерістер жасалуы керек деп есептеймін.

14 азаматтың қазасы туралы мен де әлеуметтік желіде жаздым. Қазір қоғамда әскерге қатысты күмән мен алаңдаушылық бар. Мұндай оқиғалар жастардың патриоттық сезіміне, әскери қызметке деген ынтасына кері әсер етуі мүмкін.

– Ермұрат аға, сізді бұрыннан оппозициялық журналист ретінде білеміз. «Дат» газетінің келесі жылы 30 жылдығы болады ғой. Кезінде бас редакторы болдыңыз. Қазір де сол қызметті атқарасыз ба?

– Жоқ, соңғы төрт жылдан бері бас редактор емеспін. Бірақ бұрын осы қызметті атқардым. 2003–2008 жылдары сот шешімімен бес жылға журналистік қызметпен айналысу құқығынан айырылдым. Екі жылға сотталған едім, бірақ кейін рақымшылыққа байланысты жазадан босатылдым. Соған қарамастан, бес жылдық шектеу күшінде қалды.

Сол кезде газетті шығарып, бас редактор бола алмадым. Бірақ «бас редактор» деген лауазым маған ұнайды.

– Ал қазір оппозициялық ұстанымыңыз өзгерді ме?

– Қаңтар оқиғасынан кейін елдің саяси жүйесінде өзгерістер басталды. Біз 30 жыл бойы көбіне билікпен текетірес жолын ұстандық, бірақ ештеңе өзгерте алмадық. Қаңтар оқиғасы сол жүйенің жарасын ашты деуге болады. Осыдан кейін елді өзгерістер жолына бастау мәселесі алға шықты.

Сіз айтып отырған оппозициялық ұстанымға келсек, 2022 жылға дейінгі тәжірибемнен бір нәрсені түсіндім: елде тек оппозициялық текетірес арқылы өзгеріс жасау мүмкін емес.

Қаңтар оқиғасынан кейін «Біздің таңдау» деген партия құруға кірістік. Бірқатар азамат бұл бастаманы қолдап, құрылтайшы болуға ниет білдірді. Олардың қатарында Болат Әбілов пен Рысбек Арыстанбаев та болды.

Бірақ партия құру барысында, Қаңтар оқиғасынан кейін қалыптасқан жағдайды ескеріп, жігіттерге өз ойымды айттым. «Біз саяси талап қоюмен, әлсіз күшпен өзгеріс жасай алмаймыз. Өзгерісті билікке барып жасайық» деген ұстанымға келдім. Осылайша, саяси көзқарасымды іштей қайта қарадым. Соның нәтижесінде сайлауға түсіп, депутат атандым.

Билік өз тарапынан өзгерістер жасай береді. Бірақ оны халық та қолдауы керек. Қоғамның да биліксіз өз бетінше ештеңе өзгерте алмайтынына көзім жетті. Өйткені қоғамда жеткілікті күш жоқ. Ол үшін қоғамның билікке ықпалы болуы қажет. Сондықтан мен бір нәрсені анық түсіндім: елдің күш-жігерін біріктіргенде ғана өзгерістерді жүзеге асыра аламыз.

Технология күн сайын дамып жатқан кезде ішкі алауыздыққа бой алдырсақ, көштен қалып қоямыз. Мұны халық та, мемлекет те кешірмейді. Ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты қамтамасыз ете алмасақ, жасампаздыққа жетуіміз де қиындай түседі.

– Бұрынғы саяси серіктеріңіз сізді сатқын деп есептемей ме?

– Мен сатқын болу үшін біреулерге ант беруім керек қой. Ал мен ешкімге ант берген жоқпын. Сондықтан мені сатқын деуге ешкімнің хақысы жоқ.

Мен оппозицияға келгенде маған ешкім жол көрсеткен жоқ. Сондықтан ешкімнің маған талап қоюға хақысы жоқ. Мен бұл жолға өз азаматтық ұстанымыммен келдім. Ешкім маған қаражат та, көмек те берген жоқ.

Бәрін азаматтық санаммен, өз ұстанымыммен істедім. Халықтың көзін ашу керек болды. Ол кезде билікке қарсы бағытталған идеология болды. Ал қазір ондай идеология жоқ.

Қазір де менің оппозициялық көзқарастарым аз емес. Көп нәрсемен келіспеймін. Бірақ елдегі қазіргі жағдайды ескеріп, оларды ашық айтпаймын. Өз беделімді көтеру үшін айтуыма да болар еді. Алайда мен үшін елдің бірлігі маңызды.

Қазір оқып жатыр

«Таза Қазақстан»: «Әділет» партиясы жастардың азаматтық белсенділігін арттыруда

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Астанада автосалон менеджері 53 млн теңгенің сегіз көлігін заңсыз сатып, қаржыны өз қалтасына басқан

Менеджер

Пәкістанда мектептің төбесі опырылып, 32 оқушы мен бір мұғалім қаза тапты

Оқиға орны

Қанат Бозымбаев коммуналдық желілерді жаңғыртуға банктерді кеңінен тартуды тапсырды

Қанат Бозымбаев