Ермек Тұрсыновтың «Бесмойнақ» фильмі көрсетілді
Астанада танымал кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың «Бесмойнақ» фильмінің көрсетілімі болды.
Алматы, NEGE. Фильмнің оқиға желісі Алматы облысындағы Бесмойнақ ауылында өрбиді. Басты назарда – үш кейіпкер. Нұржамал апа мен Мұсабек және Исабек есімді қариялар жастық шағын еске алады. Өткен дәуірдің келмеске кеткенін білсе де, бастан кешкен сезімдері әлі күнге кейін әрқайсысының көкейін кернейді. Ол - ғашықтық, достық пен қимастық.
Ермек Тұрсынов, режиссер:
– Менің киноларымның бәрі көбісі мына осы жердің адамы туралы ғой. Менің кейіпкерлерім бәрі қарапайым, көбіне ауылдың адамдары. Осы жердің проблемалары үшін, өмірде қандай қиындықтар бар, қандай қуаныштар бар осы адамдарда. Шал болсын, Кенже болсын, не Жат болсын, басқа кинолар болсын, өзімнің тақырыптарым бар соларды бір мүмкіндік болғанда көрсетуге тырысамын.
Ермек Тұрсынов өз кейіпкерлерінің образы арқылы қарапайым адамдардың өмірін суреттейді. Сюжет желісі шынайы оқиғаларды негізге алады. Режиссер фильм арқылы ауыл тұрғындарының ішкі тебіренісін көрерменге жеткізуге тырысады. Туған елге деген сағынышты сипаттайды.
Ермек Тұрсынов, режиссер:
– Мен өзім туып өскен жерім сол Нарынқол жақ. Сол мен туып өскен бала кезімдегі ауылдан айырылып қалдым, қазіргі ауыл басқа, келбеті өзгеріп кеткен. Комедия ретінде күлкілі жерлері бар бірақ астары бар емес пе? Соны көрсетуге тырыстым.
Басты рөлдерді – Дариға Күшікбаева, Алдабек Шалбаев және Мұрат Бекқожин ойнады. Сондай-ақ, түсірілімге «Бесмойнақ» ауылының тұрғындары да қатысқан. Фильмнің ресми тұсаукесері 2022 жылы Алматыда өткен болатын.