USD
USD
USD

«Ерлігі үшін» медалі – маған берілген аванс

Құқық қорғау саласында жұмыс істейтін мамандардың бір міндеті – халықтың қауіпсіздігін қорғау. Кейде қоғамның тұтастай бүтін болуы да сол сала өкілдерінің арқасы. 

«Ерлігі үшін» медалі – маған берілген аванс
Фото: NEGE.kz

Фархад Тұрдиев Ішкі істер саласында 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Оның айтуынша, әр жұмыстың қызығы мен қиындығы қатар жүреді. «Кейде оқыстан шешім шығаруға тура келеді. Ондай сәтте артық ештеңе ойлай да алмайсың», – дейді ол. 

Кезекші бөліміне «Талдықорған қаласы 6-шағын ауданында орналасқан көпқабатты 24-үйдің подъезді өртеніп жатыр» деген хабарлама түскен соң 165-борт құрамындағы полиция аға лейтенанты Фархад Тұрдиев пен полиция кіші лейтенанты Дәурен Нәрікбаев оқиға орнына жедел жетеді. Олар шұғыл түрде тұрғындарды қауіпсіз аумаққа шығаруға кіріседі.  

«Үйдің бесінші қабатында кабельдер өртеніп жатқандықтан, кіреберісті түтін басып кетті. Бірден тұрғындардың есігін қағып, далаға шұғыл шығуын өтіндік. Пәтердің бірінен жүре алмайтын, мүмкіндігі шектеулі қария мен балаларды көтеріп, аулаға шығардық. Өрт сөндіру, «Жедел жәрдем» қызметі дер кезінде келіп, көмек көрсетті», – деді Талдықорған қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция инспекторы, аға лейтенант Фархад Тұрдиев.

Осылайша, өрт тұтанғаны туралы хабар дер кезінде беріліп, тәртіп сақшыларының талапқа сай жасаған әрекеттерінің арқасында зардап шеккендер болған жоқ. Қауіпсіздік шаралары қабылданған соң, тұрғындар өз үйлеріне жіберілді.

Ішкі істер саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан Фархад Тұрдиев үнемі жақсы қырынан көрініп келеді. Талап пен тәртіпті үндестіре білген қызметкер аз уақыттың ішінде білікті маманға айналды. Әріптестері де оның өзіне жүктелген қызметтік міндетке әркез адал әрі жауапкершілікпен қарайтынын айтады.

«Бұйрықтарды, нормативтік актілерді жақсы меңгерген. Жұмыс барысында сауатты шешім қабылдай алады», – дейді әріптесі, полиция кіші лейтенанты Дәурен Нәрікбаев. Алайда, полиция аға лейтенанты Фархад Тұрдиев өрттен тұрғындарды аман алып қалғанын ерлікке баламайды.

«Адамды құтқару, көмек беру – азаматтық міндетім. Менің орнымда басқа офицер болса да дәл сол әрекетке көшер еді. Оның үстіне лапылдап жатқан өртті көре тұра қол қусырып тұра алмайсың. Қызмет барысында мұндай оқиға жиі кездеседі. Біздің оған етіміз үйренген. Біздің салада жүрген әріптестерден талап етілетіні де – жылдамдық, шапшаңдық. Ондай сәтте бір секунд та бағалы», – дейді ол.

Айта кету керек, полиция аға лейтенанты Фархад Тұрдиев 7 мамыр Отан қорғаушылар күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Ерлігі үшін» медалімен марапаттап, абыройын асқақтатты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өз өмірін Отан қорғауға арнаған кәсіби мамандар аз емес екенін ерекше атап өтіп, марапат пен алғысты барша әскери қызметшілерге, Күштік құрылым қызметкерлеріне көрсетілген шынайы құрмет деп бағалады.

«Бұл марапат маған берілген аванс сияқты. Алдағы уақытта осы сенім үдесінен шығуға тырысамын», – дейді полиция аға лейтенанты.    

Қазір оқып жатыр

Жасанды интеллект дәуіріндегі кино: Қазақстанда халықаралық AI Film Festival өтеді

Кино

«Қызымды өзім қарсы алдым»: Төреғали Төреәлі жеті перзенттің әкесі атанды

Төреғали Төреәлі

Абай облысында жоғалып кеткен үш жасар баланы полицейлер ен даладан тапты

бала

Астана емханасында емге бөлінген қаржы Италия сапарына жұмсалған

Аурухана