Ерлігі ерлермен тең нәзік жандар

Қазақ даласына көктем келген шақта көңілімізге медеу беретін тамаша мерекенің келіп жететіні бар. Ол – Халықаралық әйелдер күні.
Иә, кейбіреулер «әскери сала қыз балаға қол емес» деп жатады. Бұл пікір ондағы ерекше талаптарға әйел тұрмақ, ер азаматтың да шыдас бермес қиындығына қарап айтылатыны белгілі. Себебі, әскери қызмет – ауыр жол, салмақты міндет. Оның ыстық-суығына төзіп, темірдей тәртібіне көнумен қатар, отбасының жүгін алып жүру де оңай емес. Сондықтан осы салада жүрген әпке-қарындастарымызға ерекше ілтипатпен қарайтынымыз анық.
Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік бөлімінде қызмет атқаратын капитан Бахира Әділбекованың әскери саладағы өрімді еңбегіне 24 жылға жуықтаған. Кезінде Алматы қаласының ІІМ Академиясын тәмамдаған маман «Әскери саланы таңдағаныңызға өкініш бар ма?» деген сауалымызға еш іркілместен «жоқ» деп жауап қатты.
«Өзімді әскери қызметке арнағанымды тағдырдың маған тартқан үлкен сыйы деп білемін. Иә, алғаш әскери салаға келуге жүрексінгенім рас. Кейін уақыт өте келе барлығына үйрендім. Саптық дайындыққа да, тапаншадан және автоматтан оқ атуға да машықтандым. Ең бастысы – қызметім тәртіпті әулиедей сыйлауға үйретті. Әскери адам қашан да жинақы жүріп, епті де жылдам қимылдайды ғой. Бұл да маған қызметтен дарыған қасиет болды», – дейді капитан Бахира Әділбекова.
Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтың қаржы бөлімінің аға офицері майор Баян Молдабаева мен 5571 әскери бөліміндегі қаржы қызметінің офицері сержант Гүлжан Баймұхановалардың еңбек жүгінің маңыздылығын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені, барлық мәселе қаржы-қаражаттың орынды игерілуіне, төлемдердің уақытылы атқарылуына байланысты екенін ескерсек, онда есепші қыздардың да жұмыстары қат-қабат екенін аңғару қиын емес. Онымен қоса нәзік жандылардың жауынгерлік дайындықтары да жоғары деңгейде болуға тиіс. Себебі, әскери тәртіп алдымен осыны талап етеді.
«Қыз бала болсам да, жас кезімнен ер мінезді болып өстім. Содан болар, есейгенде әскери қызметте істеу арманыма айналды. «Армандар орындалады» деген шын болса керек, ақыры әскери салаға келдім. Қазір міне, 22 жыл Отан деп, ел деп қызмет етіп жатқан жайым бар. Абай атамыз айтпақшы, дүниенің бір бөлшегіне кірпіш болып қаланып, егемен елдің еңсесін биіктетуге қызмет атқарудан артық мәртебе жоқ» – дейді Майор Баян Молдабаева ағынан жарыла.
Сержант Гүлжан Баймұханова да үш баланың анасы. Қызметіне адал жан. Отағасы да әскери қызметте. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сержанты лауазымындағы прапорщик Ермек Баймұханов екеуі жарасты отбасы. Білгендерін бір-біріне үйрету арқылы шыңдалып, қызметтің ыстық-суығын тең еңсеріп келе жатқан жайлары бар.
«Қазақ қыздары намыстан жаралған. Тарихты алып қарасаңыз да олардың ар мен намысты жоғары қойғаны айтылады. Қызай ана, Домалақ ана сияқты бір әулетке ғана емес, дүйім елге үлгі болған аналарымыз жетерлік. Отбасы тәрбиесі дегенде әйелдердің алар орыны ерекше», –дейді Гүлжан ханым.
Подполковник Әсия Қалиева да қызметте ерен еңбегімен көзге түскен жандардың бірі. Үш баланың анасы 1999 жылдан бастап құқық қорғау саласында істеп келеді. Қазіргі таңда өңірлік қолбасшылықтың кадр бөлімінің офицері.
«Әр қызметтің өзіндік қыр-сыры, ерекшелігі болады ғой. Соның ішінде әскери қызмет аса жауапты жүк арқалаған сала. Мұнда «сен әйелсің», «сен еркексің» деп жікке бөлмейді. Сондықтан қару ату, жекпе-жек, ұрыс тәсілдері және жедел шешім қабылдауда қырағы болумен қатар, ең аяғы ішкі түйсігіңді суыққанды басқарып, батылдық танытуға әрдайым дайын болуың керек. Адам туа сала бәрін меңгермейді. Уақыт өте келе үйреніседі. Сондықтан бұл салада да басты қажеттілік – ынта. Менің ынтам зор болды. Соның арқасында қиындыққа төзіп, ендігі подполковник шеніне дейін жетіп отырған жайым бар», – дейді Әсия Қалиева.
Тарихымызда ерлігімен көзге түскен аналарымыз бен ержүрек қыздарымызды пір тұтқан арулар бүгінде ортамызда аз емес. Біз олардың бір парасын ғана тілге тиек етіп отырмыз. Алда келе жатқан мерекеге орай нәзік жанды әріптестерімізді құттықтай отырып, отбасыларына ырыс, қызметтеріне табыс тілейміз. Мерейлеріңіз өсе берсін, асыл арулар!
Подполковник Бақыт Әліпбаев,
Алматы қаласы