Ерлан Қарин: Президенттің қандай саяси реформалары 2021 жылы жүзеге асырылды?
2021 жыл да еліміз үшін нақты реформалар қолға алынған жыл болды. Саяси блок және адам құқығын қорғау мәселелеріне қатысты өзгерістер әуел бастан тың қарқынмен басталды.
Биыл осы салаларда қандай өзгерістер болды?
1) Мамыр айында Президент саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға төмендеткен заңға қол қойды.
2) Аталған заң барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» бағанын да енгізді.
3) Маусым айында Мемлекет басшысының арнаулы жарлығы бойынша Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспары бекітілді. Бұл құжат адам саудасы құрбандары мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын, сонымен қатар қылмыстық сот төрелігі, орындау және азаптау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласындағы адам құқықтарын қамтамасыз ететін нақты шараларды қамтиды.
4) 25 шілдеде Қазақстанда алғаш рет ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Осы сайлаудың нәтижесі бойынша ауыл әкімдерінің корпусы 50 пайыздан астам жаңарды.
5) Президент биылғы қыркүйекте халыққа кезекті Жолдауын жария етіп, депутат мандатын бөлу кезінде әйелдер мен жастар үшін көзделген 30 пайыздық квотаны заң жүзінде бекітуді ұсынды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы партиялардың сайлау тізімі бойынша квота бөлінетін азаматтар санатының тізімін кеңейтуді ұсынды. Жастар мен әйелдерден бөлек, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да квота бөлінеді. Осыған орай тиісті заң жобалары әзірленді.
6) Жолдауда адам құқығын қорғаушылардың құқығын қорғау және қылмыстық процесті жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, полицияның сервистік моделінің ауқымын кеңейту міндеті қойылды. Тиісті пилоттық жоба биыл табысты аяқталды. Келесі жылдан бастап бұл жұмыс тәсілі бүкіл ел бойынша қолға алынады.
7) Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын жан-жақты нығайтуды және өлім жазасын жоюды көздейтін екі заң жобасы әзірленді. Бұл – адам құқығын қорғау саласына тың өзгеріс әкелетін маңызды құжаттар.
Міне, мұның бәрі Мемлекет басшысының саяси реформаларға қатысты бастамаларының бір парасы ғана. Осы бастамаларды жүзеге асыру үшін биыл 2 жарлық және 6 заң қабылданды.
Жалпы, Президент ұсынған барлық саяси өзгерістерді жүзеге асыру үшін ауқымды әрі жоспарлы жұмыс атқарылуда. Сондықтан, саяси және құқық қорғау саласын жаңғырту жұмысы 2022 жылы да жалғасын табады.