Ақорда
Ерлан Қарин вице-президент ретінде немен айналысады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қариннің вице-президент ретіндегі өкілеттіктерін айқындайтын Жарлыққа қол қойды.
Астана, NEGE. Құжатқа сәйкес, вице-президент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты бойынша стратегиялық бастамаларды әзірлеп, оларды Президентке ұсынады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен Құрылтаймен, Үкіметпен, басқа да мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен байланыста Президент атынан өкілдік етеді. Бұдан бөлек, халықаралық іс-шараларға қатысады.
Вице-президент Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығын басқарады және Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді.
Оған мемлекеттік наградалар, азаматтық, мемлекеттік символдар мен геральдика, шетелде кадр даярлау, әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлық, Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссиялардың, сондай-ақ Жастар саясаты жөніндегі кеңестің жұмысын қамтамасыз ету міндеті жүктелді.
Жарлыққа сәйкес, вице-президент өкім шығаруға, өз құзыретіндегі мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беруге құқылы.
Сондай-ақ Құрылтай, Үкімет, Қазақстан Халық Кеңесі және Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатыса алады.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан қажетті ақпарат пен құжаттарды сұратуға және ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқығы бар.
Вице-президенттің қызметін ұйымдық-құқықтық және ақпараттық-талдамалық жағынан Президент Әкімшілігі қамтамасыз етеді.
Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енді.