Ерлан Қарин: Ішкі бірлікті, тұрақтылықты, қамтамасыз етудің бірден-бір тәсілі – диалог
Белгілі журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ұлттық бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі билік пен қоғам арасында жүйелі диалогтің маңызына ерекше тоқталды.
Астана, NEGE. «Мемлекеттің ішкі бірлік пен татулықты қамтамасыз етудегі негізгі тәсілі кейбіреулер ойлайтындай – тыйым салу, цензура, қадағалау емес деп ойлайды. Біздің күнделікті жұмысымызда қолданатын құралымыз – диалог, коммуникация. Соның бір мысалы – Ұлттық құрылтай», – деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші.
Қоғам қайраткерлері мен белсенді азаматтар, түрлі әлеуметтік топтар мен әр өңірдің өкілдерінен тұратын Ұлттық құрылтай мүшелері қоғам атынан билікке ұсыныстар мен талаптарын жеткізеді, ал мемлекеттік органдар ол ұсыныстарды талдап, талқылап тиісті шешім шығаратынын еске салды.
«Ұлттық бірлік пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі алғышарты – билік пен қоғам арасында тұрақты диалогті қамтамасыз ету. Азаматтарға бірлесіп шешім қабылдауға алғышарт жасау», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Мемлекеттік хатшы, сондай-ақ, диалогтың тек қана Ұлттық Құрылтай жүйесімен ғана шектелмейтінін, диалог жұмысына аймақтардағы түрлі қоғамдық кеңестердің, Парламент депутаттарының жұмыстары да кіретінін ескертті.
«Қазір заман да өзгерді, қоғамдық қарым-қатынастар да, соған сәйкес ішкі саясаттың тәсілдері өзгерді. Қоғамдық алаңға жаңа күштер, жаңа топтар, жаңа тұлғалар шықты. Олар өздерімен бірге жаңа талаптарды алып келді, қоғамдық процестер күрделене түсті. Осындай жағдайда ұлттық бірлік пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден бір алғышарты – тұрақты түрдегі диалог», – деді Е.Қарин.