25 Мамыр 14:39

Ерлан Қарин: Есірткі өндірушілерге қатысты қылмыстық жауапкершілік күшейеді

Карин
Фото: Ашық дерек көзі

Биыл наурызда Атырау қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өткен. Осы отырыста Мемлекет басшысы тарих, отаншылдық, бірлік, ұлттық бірегейлік, дін сияқты ұлттық құндылықтармен бірге, қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда, есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырған еді.

Астана, NEGE. Жуырда ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин қазақ тілді сайттардың бас редакторларымен кездесіп, Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.

– Биылғы жылдың соңына дейін аса маңызды тоғыз заң қабылдауымыз керек. Кейбір заң жобалары бірнеше ай бойы талқылануы мүмкін. Мәселен, Мемлекет басшысы Атыраудағы құрылтайда сөйлеген сөзінде есірткі заттарын өндірген адамдардың жазасын барынша күшейтіп, мұндай әрекетті аса ауыр қылмыстарға теңестіруді ұсынды. Мәжіліс бірінші оқылымда есірткінің, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы депутаттар әзірлеген заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасына сәйкес есірткі өндіруді және оны өткізуді ұйымдастыратын адамдарға қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ синтетикалық есірткінің құрамдас бөліктерінің заңсыз айналымына қатысты жауапкершілік енгізіледі. Бұл қадам астыртын есірткі зертханаларын анықтауға және олардың жолын кесуге мүмкіндік береді. Үкімет былтыр нашақорлықпен күресу және елімізде есірткіге тәуелді адамдардың санын азайту үшін Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске қатысты кешенді жоспар бекіткен болатын. Мәжілісте қаралған заң жобасы осы бағыттағы жұмысты жандандыруға жол ашады, – деді Ерлан Тынымбайұлы.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен агрессия мәселесі де біздің қоғамда қызу талқыланып жатыр.

карин
Ашық дерек көзі

Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты былай деген: 

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда Заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек».

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жыл соңына дейін қабылданатын тоғыз заңның қай-қайсысы да маңызды екенін ескертті. Мәселен, бізде бұрын-соңды археология туралы заң мүлдем болмаған. Соның салдарынан тарихи жәдігерлеріміз «қарақшы-археологтардың» қалтасында кетті немесе шетел асты. Археология туралы тұңғыш рет қабылданбақ заңның мақсаты – осы саланы тәртіпке салу.