18 Тамыз 15:03
...

Ерлан САЙЫРОВ: Демалыс қағаз жүзінде ғана

Фото:

Алда жаңа саяси кезең тұр. Халық қалаулылары қазір каникулда.  Депутаттар жазғы демалысын қалай өткізіп жатыр? Бұл жөнінде NEGE тілшісі Мәжіліс депутаты, Amanat фракциясының өкілі Ерлан Сайыровқа бірнеше сауал қойды.

Оның айтуынша, депутаттар демалысқа шыққанымен, көрікті жағажайларды, отбасын ұмытып, жарғақ құлағы жастыққа тимей, елдің қамын күйттеп жүрген көрінеді. Депуттаттың жауабы төмендегідей болды.  

– Жазғы демалысыңызды қалай өткізіп жатсыз? Шетелде демалып қайттыңыз ба, жоқ әлде, аймақтардағы жұмыстармен айналысып кеттіңіз бе?

– Депутаттардың демалысы қағаз жүзінде ғана. Каникул басталғаннан аймақтарды араладық. Содан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен хаттар келеді. Азаматтар өтініш айтып жатады. Біз оларды қабылдай отырып, келесі сессияға депутаттық сауал әзірлеп, заң жобаларын зерделеп және үкіметпен бірге аймақтардың мәселесін шешу жөнінде қандай мәселе көтеру керек деген сұраққа жауап іздеп, үлкен сараптама жасаймыз.

Қай жерге барсақ та, адамдар, олардың мүдделеріне баса назар аударамыз. Міне, осы аралықта Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында болдым.

Осы аймақтардағы халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне, көпшілікті толғандырып отырған дүниелерге сараптама жасадық. Қазір де осы жұмысты жалғастырып жатырмыз.

– Ал өзге депутаттар, айталық, партиялық әріптестеріңіз немен айналысты? Фракция қазір не істеп жатыр?

– Бұл сұраққа жартылай жауап беріп өттім. Осы уақытта шекаралық аудандардың негізгі проблемаларын – инфрақұрылым, интернет және жол мәселелерін, оларды шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Бұл аудандарда су қоймалары бар. Олардың дені күрделі жөндеуді қажет етеді. Осы түйткілді шешу үшін де үкімет мүшелерімен қоян-қолтық, нақты жұмыстар жасап жатырмын.

Әріптестерімізге келсек, олардың өз өңірлері және нақты тематикалары бар. Олар да осындай жан-жақты әрі нақты жұмыстармен айналысып жүр.

– Алдымызда жаңа саяси кезең келе жатыр. Нақты жоспарларыңыз және көтерер бастамаларыңыз жөнінде айтып бере аласыз ба?

– Қазақстанда кедейлердің санаты өсіп барады. Өткен жылы 980 мың болса, биыл ресми дерек бойынша 1 030 000-нан асып жығылған. Бұл – өте қауіпті үрдіс.   

Сондықтан Қазақстандағы кедейшілікті азайту, онымен күресу қажет. Ол үшін инфляцияны тоқтатып, ішкі өнеркәсіпті, түсті металлдар өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын дамыту, әртараптандыру мәселесін қарастыру керек. Осы түйткілдерді көтеріп, үкіметке сауал ретінде қоятын боламыз.

Екінші мәселе – тарифтердің өсуі. Тарифтер толассыз өсіп жатыр, бірақ халыққа ешқандай өтемақы жоқ. Әсіресе, кедейлер санатындағыларға. Жасыратыны жоқ, зейнеткерлердің де, өзін-өзі қамтамасыз етушілердің де жағдайы қиын. Осы мәселелерді үкіметтің алдына қоятын боламыз.

Тегтер: