Ерке Есмаханның ұлы чемпион атанды

Асхат Садырбай мен Ерке Есмаханның ұлы Павлодарда өткен республикалық таэквондошылар арасындағы бәсекеде 1-ші орынды иеленді
Алматы, NEGE. Танымал тележүргізуші Асхат Садырбай мен әнші Ерке Есмахан 2011 жылы шаңырақ көтеріп, дәм-тұзы жараспай, ажырасып кеткен болатын. Олардың Мүсілім есімді ұлдары бар. Бүгінде нағашы ата-әжесі тәрбиелеп отыр. Спортқа қызығушылық танытып өскен Мүсілім Садырбай жас таэквондошылардың қатарын толтырды. Тележүргізушінің ұлы Павлодар қаласында өткен Республикалық жарысқа қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Мүсілімнің таэквондошылар арасындағы бәсекеде 1 орынды иеленіп, кішкентай чемпион атанғаны жайлы Ерке Есмахан Instagram парақшасында жариялады.
«Мен үшін бүгін ерекше қуаныш. Кіп-кішкентай Пішнайым үп-үлкен спортшы болып өсіп келе жатыр. Бүгін Мүсілім Павлодар қаласында өткен таэквондодан республикалық жарыста 1 орын алды. Өмірінде алғаш рет тек өзі жаттықтырушысымен және бір топ спортшылармен басқа қалаға шықты. Әжесі үйде әрең отыр. Павлодар жаққа ұшқысы кеп. Мен жұмыс деп жүгіріп жүрмін. Мүсілімді қолдап, қасына әкесі барды. Менің мақтанышым, кішкентай таэквондистім, Алла жар болсын! Мүсілімнің жаттықтырушы ағайына үлкен алғыс білдіремін», - деді әнші жазбасында.
Ал, Асхат Садырбай болса жарысқа ұлына қолдау көрсету үшін арнайы Алматыдан Павлодарға барған. Танымал тележүргізуші желіде тұңғышымен түскен суретін жариялап: «Бірінші үлкен сайыс, бірінші рет жеке өзінің өзге қалаға шығуы, бірінші орын! Жүлдең құтты болсын, балам! Жауырыны жерге тимейтін жеңімпаз бола бер! Аллаға шүкір, бүгін Павлодарда өткен сайыста Мүсілім 1 орынды жеңіп алды» - деп парақшасында жазба қалдырды.