18 Ақпан 09:01
...

«ERG-дің ерке-тотайы» Алдияр Қазтаев Сардинияда не бүлдіріп жүр?

Машкевич
Фото: Коллаж NEGE

Бұған дейін NEGE Қазақстанды майшелпекке айналдырған А.Машкевич пен оның командасы туралы дүркін-дүркін материал жариялаған. Соның ішінде «ERG-дің ерке-тотайы» Алдияр Қазтаевқа да жеке тоқталғанбыз.

Таяуда Lanuovasardegna басылымы «Алдияр Қазтаев үшін Галлурадағы сауда және бизнес: Қазақстанның ең бай адамы кім?» атты шолу мақала жариялады. Онда «Еуразия тобы» ЖШС басқарма төрағасы лауазымына өсіп, атышулы «еуразиялық үштік» – Патох Шодиев, Александр Машкевич, Алиджан Ибрагимовтың ең сенімді адамына айналған Алдияр Қазтаев туралы тарқатып жазады.

«Еуразия тобы» компаниясының бұрынғы менеджері, қаржыгер Алдияр Қазтаев Олбияның индустриалды аймағындағы үлкен «Geovillage» туристік-спорттық орталығын 14 миллион еуро төлеп сатып аларда да ақшаның бетіне қарамапты.

Оны Галлураға инвестиция салу үшін Оралдан келген Скрудж Макдак десе болады. Қазтаев әуелі Salima Foundation компаниясы орналасқан Темпиодағы Rinaggiu кешенін көздесе, содан кейін Канниджондегі бидай егілген бірнеше жерді және ақырында Коста Смеральданың қақ ортасындағы Пикколо Ромаццинодағы көздің жауын алатын жағажай вилласын иемденгісі келді. Былай қарағанда, бұл Кипр азаматтығын алған 46 жастағы қазақ қаржыгерінің кірпіштен қалап тұрғызған «шағын» деуге келмейтін ұлы империясы іспеттес.

Сардиния
Фото: LA NUOVA

Енді ол Ольбиядағы Геоауылда алғашқы халықаралық екі тілді жеке мектеп ашпақшы. Әрине, мына заманда жоғары білім барлығына бірдей қолжетімді емес. Өйткені, оның жылдық оқу ақысы 18 мың еуроның о жақ, бұ жағында. Осылайша, халықаралық Сардиния мектебінің (SiSchool) жобасында «жаһандық және тұрақты болашақтың сын-қатерлеріне жауап беруге арналған халықаралық ағылшын мектебінің» дүниеге келгені хабарланған. Бұл – Alma және Cipnes Gallura өнеркәсіптік консорциумы қол қойған жоба 2025 жылдың қыркүйегінде шамамен 18 га өнеркәсіптік алқапта жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, оның ішінде өзіндік құны өте жоғары кампус пен қонақ үй, жөндеуден өтетін спорт нысандары, әлі салынбайтын құрылыс алаңдары бар.

Осы Alma компаниясының артында тағы да шығыстан шыққан жұмбақ бай адам, қазақстандық қаржыгер Алдияр Қазтаевтың аты жасырылып тұр. Өйткені, Қазақстан сияқты жалған демократиялық желеуге толы және әлі күнге путиндік Ресейдің айтқанымен жүріп, соның көлеңкесінде қалған диктатуралық мемлекетте бәрі болуы мүмкін. Бұл 2013 жылы саяси қарсыласының әйелі мен қызын ұрлады деген күдікке ілінген Сильвио Берлусконидің досы Нұрсұлтан Назарбаев сияқты президенті болған, тіпті 2022 жылы «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген айыппен қамауға алынған Кәрім Мәсімов секілді экс-премьер-министрі бар ел емес пе?

Бірақ осы дауылды теңізде Алдияр Қазтаев қауіп-қатерді елемей жүзіп өтуді жалғастырып келеді. Әрине, ол ағысқа қарсы жүзуі арқылы Қазақстанның жартылай мемлекеттік өнеркәсіптік және тау-кен алыбына (қалғаны Шодиев-Машкевич дуэтінің қолында) жауапты Eurasian Resources Group компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы және бірінші атқарушы вице-президенті болды.

Тіпті, ол 2020 жылы спорт жанкүйері ретінде өз елінің Триатлон федерациясының президенті болғаны белгілі. Оның 2016 жылы бұл федерацияның құрметті президенті – ҰҚК бұрынғы басшысы, Назарбаевтың тұсында екі мәрте премьер-министр лауазымын атқарған Кәрім Мәсімовтің орнына келуінде үлкен мән бар.

Қазтаев
К.Мәсімов пен А.Машкевич. Коллаж NEGE

Ал қазір Қазтаев Сардинияда не істеп жүр? Халықаралық баспасөздің жазуынша, Қазақстаннан миллиардтаған доллар капиталдың қайда, кім әкетіп жатқаны күдік туғызады. Әзірге тек күдік болса да, ресейшіл галактиканың олигархтарынан кінә іздеуге маманданған RusCrime.com (The Russian Crime) онлайн тергеу сайты тынымсыз ізденісте. Айтпақшы, атышулы тергеу Лондонда жүргізілуі мүмкін. Себебі, мұнда Қазтаевтар отбасының өте бай адамдар қоныстанған Кенсингтон ауданында 4 миллион фунт стерлингтік «шағын үйі» бар. Бұл қаржыгердің өз атында емес, есесіне Джерсидегі Garant Limited компаниясына тіркелген бір немесе бірнеше пәтерге қатысты.

NEGE 2017 жылы маусымда итальяндық компания Sanlorenzo Yachts тапсырыс берушіге SL96 Piccolino (қазақша «балақай» – ред.) деп аталатын суперяхтаны жеткізіп бергені туралы жазған болатын. Оның ұзындығы – 29 метр, ені – 7 метр. Қонақтарға арналған 4 каютасы, экипаж үшін 2 каютасы бар суперяхта сұмдық жылдам жүзетін көрінеді. 2200 аттық күші бар екі двигателі 54 шақырым сағатына (29 узел) жүзуге мүмкіндік береді. Осы ұзындығы 30 метрге жуық суперяхтаның құны шамамен 8 миллион еуро.

Мұны сатып алу операциясы біршама күрделі түрде жүзеге асыпты. RusCrime.com сайтының мәліметі бойынша, 2017 жылы Қазақстанның екі азаматы Ұлыбританияда және Мальтада екі компанияны тіркейді. Британиядағысын Piccolino Tender Ltd, Мальтадағыны жай Piccolino Ltd. деп атайды. Сол кезде ағылшын компаниясы яхта сатып алу үшін мальталық компанияға 8 миллион еуроға жуық несие берген.

МАшкевич, Қазтаев
Коллаж NEGE

Сол RusCrime.com сайтының хабарлауынша, яхтаны басқару және күтіп-баптау үшін арнайы Мальта компаниясы құрылған. Мұның да қызмет көрсету бағасы арзан емес. Алайда, тағы да бұл мәліметте Алдияр Қазтаевтың аты жасырын қалған, себебі яхта тіркелген компания қаржыгердің әкесі мен анасы Аслан Қазтаев пен Ғалия Сарғасқаеваның атына рәсімделген көрінеді.

Бір қарағанда, Қазтаев Коста Смеральдадан армандаған вилласын сатып алған тұста арнайы компания ашты, содан кейін екіншісін, көп ұзамай өте қымбат жылжымайтын мүлікті басқару үшін трест құрды. Дегенмен, бұл транзакциялардың барлығы Кайман аралдары немесе Джерсиден аударымдар мен төлемдерге күдіктенген қаржылық ұйымдар мен италиялық банктердің назарынан тыс қалмады.

Бәлкім, Қазтаев бұл жақты да Қазақстан сияқты сырт көзден қашықтағы «бақытты мекен» деп ойлаған шығар?..