Ерекше қажеттілігі бар балаларға тең мүмкіндік: инклюзивті білім кеңейіп келеді
Қазақстанда әрбір бала, денсаулығына қарамастан, сапалы білім алуға құқылы. Мемлекет инклюзивті білім беруді басым бағыт ретінде дамытып жатыр.
Астана, NEGE. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде Қазақстанда балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың оқуына жағдай жасауға мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық негіз толық қалыптасқан.
Министрліктің инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің бас сарапшысы Жания Қадырбаеваның айтуынша, бұл бағытта бірқатар маңызды өзгерістер жүзеге асырылған. Атап айтқанда, балалардың білім алу қажеттілігін бағалау, оларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, сондай-ақ оқу жоспарлары мен бағдарламаларын баланың жеке ерекшелігіне бейімдеу тетіктері енгізілген. Бұл жаңашылдықтар әрбір баланың мүмкіндігі мен қажеттілігін ескеріп, оқу процесін тиімді ұйымдастыруға жол ашады.
Сарапшының дерегінше, елдегі мектептердің шамамен 90 пайызы инклюзивті білім беру талаптарына сай келеді. Бұл шамамен 6 мыңға жуық білім беру ұйымы деген сөз. Қазір 90 мыңнан астам ерекше білім беру қажеттілігі бар бала осындай форматта білім алып жүр.
Енді мектептерде қозғалысы шектеулі балаларға арналған жеке көмекшілер жұмыс істейді. Ал балабақшалар мен колледждерде педагог-ассистенттер қызмет атқарады.
– Колледждерге мүгедектігі бар азаматтарды қабылдау квотасын 1 пайыздан 10 пайызға дейін ұлғайттық. Сонымен қатар мамандықтар классификаторына «педагог-ассистент» біліктілігін енгіздік. Бұл мамандарды колледж базасында даярлауға жол ашады, – дейді Жания Қадырбаева.
2024 жылы ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін педагогтерге арналған арнайы білім беру бағдарламасы әзірленген. Біліктілікті арттыру курстарын «Өрлеу» ұлттық орталығы өткізеді.
Айта кетейік, «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған жаңа мектептерде де инклюзивті орта толық қарастырылған. Мұнда пандустар, кең есіктер, лифтілер, арнайы санитарлық тораптар орнатылған. Сондай-ақ психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеттері, қажетті құрал-жабдықтар мен мамандар бар.
– 2024–2025 жылдары осы мектептердің екі мыңнан астам мұғалімі біліктілігін арттырды. Оның ішінде 60-қа жуық педагог инклюзивті білім беру бойынша арнайы бағдарлама арқылы оқытылды, – деді Жания Қадырбаева.
Қажет болған жағдайда «Келешек мектептерінде» арнайы сыныптар да ашылады.