Ерекше балалар үшін ата-аналар амалсыз ауылдан көшеді – Аймағамбетов
Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов ауылдық жерлерде инклюзивті білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтары мен мамандардың жетіспеуі ата-аналарды қалаға көшуге мәжбүр ететінін айтты.
Астана, NEGE. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында инклюзивті білім беру мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, елімізде инклюзивті білім алуды қажет ететін 237 мыңнан астам бала бар.
Жолдаудан кейін журналистер депутаттардан ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін педагогтардың жалақысы мен біліктілігін арттыруға қатысты қандай шаралар қолға алынғанын сұрады.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, инклюзивті білім беру саласындағы мәселелерді шешу үшін арнайы заң жобасы әзірленген. Қазір Үкіметтің қорытындысы мен қосымша тетіктері қарастырылып жатыр.
«Ата-ана бір ведомстводан екінші мекемеге жүгірмеуі керек. Құжаттар ведомстволардың арасында арнайы ақпараттық жүйе арқылы жүруі керек. Ата-аналар ерекше қажеттілігі бар баласы үшін бір мекемеде кезекке тұрып, одан кейін басқа мекемеге барып тағы кезек күтпеуі керек», – деді Аймағамбетов.
Депутаттың түсіндіруінше, заң жобасы баланың дүниеге келген сәтінен бастап 18 жасқа дейінгі, қажет болған жағдайда одан кейінгі кезеңдегі қолдау жүйесін қамтиды. Бұл ретте психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (ПМПК), оңалту орталықтары, арнайы педагогтер, мектептер, балабақшалар мен ерте дамыту орталықтарының жұмысы өзара үйлестірілуі керек.
Ауылдағы мамандарға қандай қолдау көрсетілмек?
Аймағамбетовтің сөзінше, қазір ауылдық жерлерде оңалту орталықтары мен қажетті мамандар болмағандықтан, ата-аналар баласына қолайлы жағдай іздеп, қалаға көшуге мәжбүр.
«Ерекше балалары бар азаматтар ауылдан тез көшкісі келеді. Неге? Өйткені ол өз баласын ойлайды. Ауылда арнайы оңалту орталықтары болмаса, ПМПК болмаса, тиісті инклюзивті білім болмаса, не істейді ата-ана? Әрине, бала үшін қалаға көшеді», – деді депутат.
Депутаттың сөзінше, әзірленіп жатқан заң жобасында ауылға барған мамандарға көтермеақы беру және олардың жалақысын арттыру жөніндегі түзетулер енгізіліп, талқыланып жатыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Жолдауында инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамытумен қатар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың диагнозын ерте анықтау және маман тапшылығын азайту мәселелеріне назар аударды.
Президенттің пікірінше, бұл бағыттағы жұмысқа «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры да белсенді атсалысуы керек.