5 Желтоқсан 16:15
...

«Туыстарым өз күнін өздері көріп жатыр» – Ербол Қарашөкеев

Ербол Қарашөкеев
Фото: ОКҚ

2016 жылы Жамбыл облысында құны 2,5 млрд теңге болатын ет комбинаты салынған. Жаңа ет комбинаты сол кезде жоғары технологиялы ет өнімдерін шығаратын жабдықтармен жарақтанған-ды. Ақша игерілді, бірақ қазіргі таңда комбинат жұмыс істемей тұр. 

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Е.Қарашөкеев ОКҚ-да брифинг өткізіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы есеп берді.

Былтыр да дәл осы күні Е.Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихатын өткізген. NEGE тілшісі әкімнен Тараздың іргесіндегі ет комбинатының не себепті жұмыс істемей тұрғанын сұраған. Сол уақытта өңірге басшы болып келгеніне 3 ай болған әкім: «Бір апта ішінде жазбаша жауап беремін», – деген болатын. Қарашөкеевтің уәде еткен жауабын тура бір жыл күттік. Биылғы брифингте тілшіміз сол сауалды қайталап қойды. Әкімнің сөзінен түсінгеніміз, бір жылда ештеңе өзгермепті.

«Жанғазы, толық ақпарат беріңіз. Былтыр ұмытып кетіпсіз», – деп баспасөз хатшысына ескерту айтқан Жамбыл облысының әкімі тілшіміздің сауалына қысқаша жауап қайырды. 

Ербол Қарашөкеев
Фото: ОКҚ

«Кешірім өтінемін. Жауап берілмеген болса, осы жерде облыс әкімдігінің баспасөз қызметі басшысы отыр. Мен қысқаша айтып өтейін, ет комбинаты жекеменшіктің иелігінде. Қазіргі таңда иесі ол өндірісті қайта ұйымдастырамын деп жоспарлап отырған жоқ. Басқа инвесторларды іздеу мәселесін қолға алып, қарастырып жатырмыз. Олар бағасына келіспей отыр. Әрине, біздің қаламызда осындай үлкен ет комбинатының болғаны дұрыс. Сол себепті тездетіп іске қосу әрекетін жасаймыз. Қайталап айтамын, ол жекеменшіктің қолында, иесі бар, бірақ ол комбинатты іске қосуды жоспарлап отырған жоқ», – деп жауап берді облыс әкімі. 

Е.Қарашөкеевтің өзінің атына тіркелген компания немесе қымбат дүние-мүлік жоқ екені айтпаса да түсінікті. Бірақ туыстарының бизнесі бар боп шықты. Айталық, екі жыл бұрынғы деректерге қарағанда, әкімнің әкесі Шырақбай Қарашөкеев басқаратын «Надежда» деп аталатын өндірістік кооператив жұмыс істейді. Бұл кооператив Алматы облысында дәрі-дәрмек сатумен айналысады.

Ербол Қарашөкеев
ОКҚ

Ербол Қарашөкеевтің туған-туыстарына қатысты тілшіміз брифинг барысында сұрақ қойды. Облыс әкімі туыстарының ісіне араласпайтынын айтты. 

«Cізде де, менде де туыс бар. Олардың Жамбыл облысына қатысы жоқ, өздері сол жерде кәсіппен айналысып жатқан шығар. Ауылыма барып, нақтылап сұрап келіңіз. Олардың қандай кәсіппен айналысып жүргенін біле бермеймін ғой. Адам көп, туысқандар көп. Олардың бірі де Жамбыл облысында кәсіппен айналысып жүрген жоқ. Өздерінің күндерін өздері көріп жатыр», – деді Ербол Қарашөкеев.