26 Қараша 09:26
...

Эпштейннің хаттарында Рахат Әлиевтің есімі аталды

АҚШ
Фото: time.kz

АҚШ-тағы даулы қаржыгер Джеффри Эпштейннің жақында жарияланған хаттарында Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы марқұм Рахат Әлиевтің есімі аталды, деп жазады Kursiv.Media.

Астана, NEGE. Құжаттарда Рахат Әлиев АҚШ-қа қашып кету үшін көмек және шамамен 2 млрд доллар сұрағаны белгілі болды. Ол Қазақстанда бизнесі тәркілегеннен кейін, отбасы дәл осы соманы жоғалтқанын мәлімдеген.

Жазбаларға сәйкес, Әлиев 2007-2008 жылдары Қазақстанда ықпалын жоғалтқаннан кейін, Еуропаға қашып жасырынған. Ол өзінің активтеріне қатысты қудалау экс-президент Назарбаевты батыс елдерінің алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырады деп үміттенген.

Ол сондай-ақ Вашингтонда RJI Government Strategies фирмасын жалдап, 20 конгрессменнің кеңсесіне жүгініп, олардың Қазақстанға сапарлауын насихаттаған. Компания Әлиевті саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде бейнелейтін материалдар жариялаған.

Алайда Барак Обама әкімшілігі жағдайға араласпауға шешім қабылдайды. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоагланд құпия хаттарында Әлиев пен қазақстандық билік АҚШ-ты өз мақсаттары үшін пайдалануға тырысып жатқанын ескертеді.

Айта кетейік, Рахат Әлиев 2007 жылғы 1 маусымда Австрия полициясы тарапынан ұсталды, бірақ көп ұзамай кепілге босатылып, елден шықпау туралы қолхатпен жіберілді. Кейін ол Австрия билігінен осы елдің азаматтығын беруді сұрады. 2007 жылдың тамызында Австрия соты Әлиевті Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты, себебі объективті тергеу жүргізілетініне кепілдік жоқ деп шешті.

Қазақстанда сот процесі 2007 жылғы 9 қарашада басталды. 2008 жылғы 15 қаңтарда Р. М. Әлиев «Нұрбанк» топ-менеджерлерін ұрлап әкеткені үшін (ҚР ҚК 125-бабы, 3-бөлігі) қазақстандық сотпен сырттай 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

2008 жылдың 25 наурызында әскери сот (Ақмола гарнизоны) оны он алты адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, басқарды деген айыппен сырттай 20 жылға қатаң режимдегі колонияға мүлкін тәркілей отырып соттады. 

2015 жылы Австрияның Әділет министрлігі Рахат Әлиевтің түрме камерасында өз-өзіне қол жұмсағанын ресми түрде растады.