20 Қыркүйек 13:35
...

ЕО Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін әзірлемек

Ресей
Фото: ғаламтордан

Жаңа санкциялар пакеті тек ЕО-ның 27 мемлекеті мақұлдағаннан кейін ғана күшіне енеді, деп хабарлайды Anadolu Ajansı басылымы.

Алматы, NEGE. Еуропалық одақ (ЕО) Ресейге қарсы 19-шы санкциялар пакетін дайындағанын жариялады. Жаңа шаралар ресейлік сұйытылған табиғи газды импорттауға тыйымды, банктерге, криптовалюталық операцияларға және мұнай тасымалдайтын «көлеңкелі флотқа» қатысты шектеулерді қамтиды.

Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен жаңа шаралардың егжей-тегжейін таныстырып, Ресейдің әлі де дипломатия мен халықаралық құқықты елемейтінін, сонымен қатар Киевтегі ЕО өкілдігіне жасалған шабуылды еске салды.

Фон дер Ляйеннің айтуынша, соңғы екі аптада ресейлік дрондар Польша мен Румынияның әуе кеңістігін бұзған. «Бұл – бейбітшілік орнатқысы келетін елдің әрекеті емес», – деді ол.

Фон дер Ляйен Ресейдің әскери экономикасы қазба отыннан түсетін табысқа тәуелді екенін атап өтті. 

«Біз бұл табысты қысқартқымыз келеді. Сондықтан ресейлік сұйытылған табиғи газ импортын Еуропа нарығына тыйым саламыз. Уақыт келді, кранды жабамыз. Біз дайынбыз», – деді ол.

Сонымен қатар ресейлік мұнайға қойылатын баға шегі барреліне $47,6-ға дейін төмендетіліп, «Көлеңкелі флоттағы» тағы 118 кеме санкцияға енеді. Барлығы 560-тан астам кеме тізімге кіреді.

«Роснефть» пен «Газпромнефть»екілді ірі энергетикалық компанияларға толық сауда тыйымы енгізіліп, басқа да кәсіпорындардың активтері бұғатталады.

Фон дер Ляйен санкцияларды айналып өтіп, ресейлік мұнайды сатып алатын елдердің мұнай өңдеу зауыттарына, трейдерлеріне және петрохимиялық кәсіпорындарына да шара қолданылатынын атап өтті. Бұл қатарға үшінші елдердегі, соның ішінде Қытайдағы компаниялар да кіреді.

«Ресей пайдаланып жүрген қаржылық айналма жолдарды жабамыз. Ресейлік банктерге, сондай-ақ санкцияларды айналып өтуге көмектесетін үшінші елдердің банктеріне де операция жасауға тыйым саламыз» – деді Фон дер Ляйен.